Бермуд үшбұрышы бәрімізге таныс. Жолап кеткен кейін қайтпайды. Мәжіліс Төрағасы Нығматулин «ҚазАгроның» күйін осыған ұқсатты. Расымен де, 2006 жылдан бері жұмыс істеп жатқан компанияның жағдайы мәз емес. 2018 жылдан бері жиналып қалған шығынның жалпы көлемі – 400 млрд теңге. Компания басшысы ішкі қарыздан шетелден маман шақырып, «құтыламыз» дейді.
«Квазимемлекеттік сектордың ірі субъектілер қызметінің тиімділігін мұқият бағалайтын уақыт келді деп ойлаймын. Әр ұлттық холдинг, әр ұлттық компания Қазақстан мен оның азаматтарына өз пайдасын әкелуі керек. Шығыны шаш етектен болатын квазимемлекеттік құрылымдарды және ұлттық компанияларды көрген түстей ұмытуымыз керек. Олар шығынға емес, тек кірістерге жұмыс істеуі тиіс». Президент «ҚазАгроның» қазіргі халі туралы осылай деген еді. Компанияға қатысты түбегейлі шешім қабылдауды ұсынған.
Холдинг мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саясатын жүзеге асырады. Несие «үлестіріп», ауыл шаруашылығына дем береді. Соңғы жылдары «ҚазАгро» шығыннан көз ашпай отыр. Компания қаржыландырған 672 жобаның 270-і жұмыс істемей тұр. 40 пайыз дегеніңіз – компанияның бір бөлігі емес пе? Сонда халық несие төлемей жүр ме? Әлде «бармақ басты, көз қысты» әрекет көбейген бе?
«ҚазАгро» басшысы Ербол Қарашөков мұны былайша түсіндірді. Холдинг соңғы 3 жылда шығынға ұшырапты. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша өндірушілер екінші деңгейлі банктерден алған несиесін «ҚазАгро» қайта қаржыландырған. Шетел валютасымен қарыз алып, несиені теңгемен берген. Шетелдік валюталар бағамы көтеріліп, холдинг шығынға ұшыраған. Осының бәрі 2017 жылы басталыпты.
Жалпы, холдингтің сыртқы қарызы жоқ. Ішкі қарызы 700 млрд теңгеге жетеқабыл. Ербол Қарашөков 2021 жылға дейін барлық шығынның орнын толтырамыз дейді. Қалай дейсіз ғой? Шетелден тәуелсіз директорлар шақырады екен. Шетелдіктерден бәрін рет-ретімен жұмсап, діттеген жеріне «жөнелтуді» үйренетін болар. Әйтпесе, холдинг жұрт көзіне «төркініне таситын келіншек» тәрізді көрінеді. Алғанын көресің, қайтарғаны – белгісіз. Қарасаң, апарып берген жағының байығанын байқамайсың. Стратегиясыз қимыл деп баға бересің де, қоясың. Біз осылай дегенімізбен, Нығматулин қаттырақ айтты.
«Сонда компания табыстың орнына шығынды жинақтап отыр ма? Жалпы, «ҚазАгроға» келсек, ол өзі жұмбақ құрылым, бейне бір бермуд үшбұрышы сияқты. Оған түскен ақша ешбір нәтижесіз, ізім-ғайым жоқ болады. Соңғы бес жылда 500 млрд бердік. Ештеңе жоқ» деді ол үш жылдық бюджетті қарастыру барысында. Бұған жауап ретінде Қарашөков шағын холдингке айналатындарын айтты. 7 еншілес компанияның 3-еуін қалдыратын болды. 1 000 қызметкер жұмыстан босап, әкімшілік шығын қысқарады. Сонда 7 компания біріккенде шығынға «жол ашқанына» таң қаласың. Енді тәуелсіз директорлар холдингті табыс көзіне «тәуелді» етер.
Айбике ЖАНАСЫЛ