Бүгін сағат 11.36-да Ақтөбе облысы ТЖД кезекші диспетчерлік қызметіне Ақтөбе облысы Хромтау қаласында бір қабатты үйде өрт шыққаны, салдарынан газ баллоны жарылғаны туралы хабарлама түсті. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Хромтау ауданы өрт сөндіру бөлімінің 10 адамы және 2 техникасы оқиға орнына дереу жетті. Өрт жалпы 90 шаршы метр жерді шарпыған. Жарылыс салдарынан үйдің қабырғалары құлады. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде сағат 12.29-да өрт толықтай сөндірілді.
Оқиға кезінде 9 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті (6,7 жастағы және жаңа туған сәби, балалар күйік алмаған). Олар қазір Хромтау қаласы орталық ауруханасына дәрігерлерінің қарауында. Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! ТЖМ өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Бұл ережелерді сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірін, сондай-ақ мүлкіңіздің сақталуына себеп болады. Өрт шыққан жағдайда дереу 101, 112 нөмірлеріне хабарласыңыз.