- Жел электр стансасы жобасының басты құрылтайшыларының бірі – «China Power International Holding Limited» компаниясы. Оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan». Жобаның жалпы құны 130 миллион доллар. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 20 жел энергетикалық блогы қойылды. Қалған 20 блок келер жылдың бірінші жартыжылдығына дейін орнатылып бітеді. Құрылыс кезінде 100-ге жуық адам жұмысқа тартылса, қазір «Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС-да 15 адам жұмыс жасауда. Олардың арасында Қытай мемлекетінің азаматтары да бар. Олар жергілікті жердің мамандарына заманауи техника тілін үйретуде. Бүгінде алғашқы блоктар жарық өндіре бастады. Электр энергия «KEGOC» компаниясына жіберілгеннен кейін олар одан әрі оны реттейді. Алайда алдын ала болжам бойынша Жаңатас жел электр стансасы Сарысу ауданын ғана емес бірнеше елді мекенді жарықпен қамтуға қауқарлы. Айта кетейік бұл Орта Азиядағы ең алып жоба саналғандықтан құрылғылар толықтай Қытай мемлекетінен алдырылуда. Алайда әлемдік пандемия кезінде өзіндік қиындықтар туып, бірқатар мамандарымыздың қашықтықтан жұмыс жасауына тура келді. Десе де бұл жобаны толықтай 2021 жылдың маусым айында аяқтауға еш кедергі келтірмейді, - дейді «Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС-ның бас маманы Ілияс Шәріпұлы.Жалпы жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып ғана қоймай тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырады. «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС заманауи жел электр стансасының жұмысын жүйелеумен қатар тұрғындарға да қол ұшын созуда. Мәселен өткен жылы шетелдік компания орталық ауруханаға жедел жәрдем көлігін тарту еткен. Ал биыл серіктестік елді мекендегі көмекке мұқтаж төрт отбасының баспанасын күрделі жөндеуден өткізіп берген. Одан бөлек бес мүмкіндігі шектеулі азаматтың да пәтерін қысқа дайындап, жаңартып беруді компания жауапкершілігіне алған. Сонымен қатар әлемдік пандемия кезінде аз қамтылған отбасыларына азық-түлік себеттерін таратып, халықтың алғысына бөленіп отыр. Бұл аз десеңіз компания Ата заңымыздың 25 жылдығы меркесі қарсаңында Жаңатас қаласының орталығындағы «Ынтымақ» аллеясын ұлғайтып, бұл бағыттағы жұмысқа 19 миллион теңге жұмсаған. Міне, өлкенің өндірісін өрістетіп ғана қоймай ауданның ажарын ашуға аянбай тер төгіп жатқан «China Power International Holding Limited» компаниясына бұқара дән риза. Енді келер жылы жел электр стансасы жобасының екінші кезеңі аяқталса, Сарысу ауданы жарық өндірісі саласындағы алпауыттардың біріне айналмақ. Себебі мамандардың айтуынша Қордай сынды аудандарда салынып жатқан жел электр стансасы Сарысудағы жобадана екі есе қуаттылығы аз екен. Сондай-ақ Жаңатастың желі электр энергиясын тез өндіруге септеспек. Сондықтан Сарысудағы жобаның келешегі кемел, болашағы баянды болатындығына бек сенімдіміз.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы