Бүгіннен бастап Алматының мектептерінде 5-сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылды. Алайда өтініш білдірген оқушылардың бәрі бірдей мектепке бара алмайды. Кезекші сыныпқа барудың өз талабы бар, деп хабарлайды "Хабар-24".Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Қазір біз Жетісу ауданындағы №112 жалпыға білім беретін мектепте тұрмыз. Бұл - 5 сыныптармен бірге бастауыштың кезекші сыныптары дәстүрлі форматта білім алып жатқан жалғыз мектеп. Бүгіндері мұнда 5-сыныптың 45 баласын қамтитын 4 кезекші сынып ашылған. Мұнда балалар мектептке кіре берісте арнайы дизенфекциялаушы құрылғыдан өтіп, дене қызуын өлшетеді. Айта кетсек, жалпы қала бойынша 5-сыныпта сабақ оқуға ата-аналардан 600-ден аса өтініш келіп түскен. Бірақ барлық бала кезекші сыныптарға бара алмайды. Оның өз талабы бар.
Салтанат Құсайынова, Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Жалпы, кезекші сыныптарға балаларды қабылдау алдында жалпы ата-аналар өтініш білдіреді. Созылмалы ауруы бар балаларды қабылдауға рұқсат етілмейді. Кезекші сыныптарда білім алу қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жүзеге асырылады. Алматы қаласы бойынша қыркүйек айынан бастап Көлсай және Сұлусай шағын аудандарында орналасқан №194 және №197 мектептерде сабақ штаттық жағдайда басталды. Енді ІІ-тоқсаннан бастап қалалық бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша төрт мектепте сабақ қалыпты жағдайда басталады. Бала саны 300-ге толмаған мектептерге рұқсат етілді.
Жалпы, қала бойынша мектептерде 1597 кезекші сыныптар ашылған, оларда 20 мыңнан астам бала білім алып жатыр.