«Қазақконцерт» ұйымы елордада Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның жаңа эксклюзивті мүсінін таныстырды. Балауыз бен силикон материалдарынан жасалған мүсіннің авторы – талантты мүсінші Айдос Есмағамбетов.
Айдостың бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Барак Обаманың, Абылай ханның және генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовтің гиперреалистік мүсіндерін жасағанын білеміз. «Биыл ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абайдың 175 жылдығы елімізде кеңінен атап өтілуде. Ақынның баға жетпес еңбектерін дәріптеу – біздің азаматтық парызымыз. Абайға деген құрметіміздің бір белгісі, ұлы ақынның тұлғасын дәріптеуге арналған іс-шараның бірі – Абай мүсінінің тұсаукесері. Қазақстанда баламасы жоқ жаңа туындының авторы – гиперреалист мүсінші, «Қазақконцерт» ұйымының суретшісі, 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы Айдос Есмағамбетов. Ол бұл мүсінді биыл 60 жылдық мерейтойын атап өткен «Қазақконцерт» ұйымына тарту етіп отыр. Маңызды екі мерейтойды бір-бірімен осылайша байланыстырып, барша қазақ еліне ерекше сый жасаған Айдосқа алғыс айтамыз. Абайдың тұлғасы осылай жаңа қырынан насихатталуда. Бұл мүсін болашақта Ұлыбританиядағы мадам Тюссо музейінен орын алады деп сенеміз», – дейді «Қазақконцерттің» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы. Мүсінді жасауға автор төрт ай уақыт жұмсапты. Тіпті, кейбір қажет материалдарды шетелден сатып алуына тура келген. «Бұл мүсінді жасау үшін Абай суретінің түпнұсқасы керек болды. Интернетте оның суреттері мен бейнесі көп. Бірақ ол суреттерді ұлғайтқан кезде бұлдырап кетеді де, оны анық қарау мүмкіндігі болмайды. Сондықтан Абай мұражайына хабарласып, Абайдың түпнұсқа суретін сұрадым. Сондай-ақ сол кезеңмен сәйкес келуі үшін арнайы шапанға да тапсырыс бердім», – дейді ол.Айым БЕКТҰР