Қазақстанның қаржылық секторын түсіну қиын, бұрын бір құлаған шұңқырына қайта-қайта құлай береді. Елімізде біраз бизнесменнің жобасын, көптеген үлескердің тұрғын үйінің құрылысын қаржыландырған Tengri Bank банкрот болды. Оның бірнеше топ-менеджері де ұсталды. Тергеу материалдары бойынша олар сол баяғы, ескі схеманы қолданған: банк ақшасын қайтарылмайтын кредит түрінде үлестіріп жіберіпті.
Бас акционерінің өзі ақша ұрлатқан
Өткен аптада Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Tengri Bank АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бақтияр Ілиясовтың тұтқындалғанын растады. Сондай-ақ осы банктің Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Жадықовтың қолына кісен салынғаны мәлім болды. Олар Tengri Bank-тің 8 миллиард теңгеден астам қаржысын өтелмейтін несиелерге таратып беру арқылы ұрлаған деген күдікке ілініп отыр. Бақтияр Ілиясов 2015 жылдан бастап 2020 жылдың қаңтарына дейін Tengri Bank АҚ басқарма мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келді. Биылғы 18 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу агенттігі Tengri Bank-ті банктік және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айырды. Сондай-ақ оған құнды қағаздар нарығында жұмыс істеуіне тыйым салды. Таяуда, 5 қарашада Алматының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аталған банкті жою туралы шешім шығарды. Қаржылық ұйым басшылығында келіспеушіліктер туындағанын сарапшылар біраздан айтып келді. Ақпарат құралдары дәл осы банктің негізін қалаған Тимур Қуанышевтің жанұясы 2020 жылғы 24 тамызда Tengri Bank акционерлерінің құрамын тастап шыққанын хабарлады. Әйтсе де, Т.Қуанышевтің өзі банктің директорлар кеңесінен біраз бұрын, 15 мамырда кетіп қалыпты. Қазақстан Үкіметі Tengri Bank-тің негізгі акционері – Үндістан үкіметіне қарасты ірі банк Punjab National Bank оның ахуалын тұрақтандыру шараларын қабылдайды, қосымша қаржы құюға кіріседі деп үміттенді. Үндістандықтар да соған рай танытқан: алдымен қазақстандық банктің басшылығын үнді өкілімен алмастырды. «Үлкен төрттікке» кіретін шетелдік белді аудиторлық компанияны сыртқы кеңесші ретінде жалдады: ол әзірлейтін есепке сүйене отырып, Tengri Bank-ті құтқару жоспарын әзірлемекші болған. Бірақ әзірлемеді. Bloomberg-тің жазуынша, Үндістанның көлемі бойынша екінші ірі кредиторы болып есептелетін Punjab National Bank қазіргі уақытта жарты миллиардқа жуық (492 млн) доллар қаражаттың өтелмейтін кредит түрінде ұрлануына қатысты өзіндегі алаяқтық оқиғаны тергеумен басы дал болып жатыр.Бақылау жоқта жемқорлар басынады
Бірде-бір сарапшы биыл Tengri Bank банкрот болады деп болжай алмады. Тіпті, Қаржы нарығын реттеу агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың өзі 2020 жылғы ақпанда журналистерге мәлімдеме жасап, оның жойылатынын жоққа шығарды. – Тengri Bank банкрот болатынын меңзейтін ешқандай факті де, шешім де жоқ. Уақытша қиындықтарға байланысты банк өз клиенттеріне есепшоттарынан ақша алуға шектеу қоюға мәжбүр болды. Біз бұл проблеманы байқап отырмыз және банкті қолдау бірінші кезекте акционерлердің міндеті деп санаймыз. Тengri Bank-тің акционері жеткілікті түрде ірі және рейтингі де жақсы. Сондықтан біз олармен диалог жүргізіп жатырмыз, – деді О.Смоляков. Банк саласына жауапты тұлғалар Tengri Bank-тің өткен жылдан бері өз салымшыларына ақшасын бермей жатқанына былқ етпеді. Оны сот арқылы банкрот ету – амалсыздан жасалған амал болса керек. Агенттік басқармасының қаулысында айтылғандай, Tengri Bank жүйелі түрде, яғни 12 ай ішінде 3-тен көп рет ұлттық заңнаманы бұзған, Ұлттық банктің пруденциалдық нормативтерін орындамаған. Агенттік жасаған ескертпелерді аяқасты еткен. Акционерлері банкті қосымша капиталдандырмады. Ұлттық банктің дерегінше, Tengri Bank жалпы сомасы 82 миллиард 603 миллион теңге кредит беріп үлгерді. Соның ішінде 51,8 миллиардын немесе 61,9%-ын несиеге алғандар кейінгі кезде төлем төлеуді тоқтатыпты. Тағы 29,7 миллиарды немесе 35,6%-ы қайтарылмайтын «улы несиеге» айналған. Экономист Арман Бейсембаев банктің ішкі қауіпсіздік жүйесі нашар болғанына назар аудартады. Қарызын қайтармайтын «клиенттерге» миллиардтап несие беріліп жатқанда банктің ішкі бақылау тетіктерінің бірде-бірі дабылдап, акционерлерді құлағдар етпеген. Мол қаражаттың осылай ұрланғанын халықаралық аудиторлар анықтаса керек. Тиісінше, топ-менеджерлерді құзырлы органдар акционерлердің шағымы бойынша ұстағанға ұқсайды. «Миллиардтаған ақша әлдеқайда ағып кетіп, ізім-ғайым жоғалып жатқанда ішкі қауіпсіздік тетіктерінің неге іске қосылмай қалғаны түсініксіз. Банктерде ақша ұрлау схемасы бұрыннан белгілі, демек онымен күресті де тиімді жолға қоюға болады. Банктің қаржы жағдайының қиын екені бұрыннан белгілі болатын. Сәйкесінше, тәртіп пен бақылау да күшейе түсуі тиіс еді. Осының алдын алатын ешқандай шара қабылданбағанына таңым бар», – дейді экономист. Бүгінде Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеулер қызметінің басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Tengri Bank-тің бұрынғы топ-менеджментіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Осы орайда, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» деп аталатын 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Мұндай іс адамдар тобының алдын ала сөз байласып, өзіне сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салғанда ашылады. Бастапқыда 5,4 миллиард теңге ақшаның жымқырылғаны туралы сөз болды. Енді тергеушілер ұрланған қаражат көлемі 8 миллиардтан асқанын айтып отыр. «9 қарашада Алматы қаласының тергеу соты Б.Ілиясовты, Ә.Жадықовты және Н.Жылқыбаеваны 2 ай мерзімге дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін әзірге жария етілмейді» деп хабарлады комитет.Жемқор банкирдің «қармағы»
Әрине, бұл отандық банктерден ұрланған ең ірі ақша емес. Мысалы, 2006 жылы БТА банкінен 6 миллиард доллар қаражаттың қолды болғаны әшкереленді. Бұл – бүкіл әлемдегі ең ірі ұрлық оқиғаларының бірі. Сонымен қатар таяуда Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңгенің ұрлануына қатысты іс тәмамдалды. Сот Ертаевты 11 жылға соттады. Осы қылмысқа қатысқаны үшін Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим де темір торға жабылды. Мемлекеттік ауыптаушы оны 8 жылға абақтыға отырғызуды сұрады. Б.Ибрагим өз кінәсін толық мойындаған, қылмыстық істі тергеуге жәрдемдескен және 17,3 миллиард теңгені қайтарды. Тергеушілердің пайымдауынша, қылмыскерлер 2011 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта бармақ басты, көз қысты жолмен банктің қаражатын жымқырып келген. Схема да көне: жалған фирмаларға несие беріледі. Ал қаражат сыбайластар арасында бөліске салынады. Биылғы қазан айының соңында Алматыдағы сот Жомарт Ертаевқа қатысты тағы бір істі қарауға кірісті. Экс-банкирге қоса, онда «Әліби» компаниялар тобының негізін қалаушы, бұрын Forbes тізіміне кірген Нұрлан Тілеубаев және осы топ құрамындағы фирмалардың өкілдері сотталуда. Зардап шеккен тарап ретінде 3 банк – Bank RBK, Qazaq Banki және Еуразиялық банк танылды. Ұрлық схемасы келесідей болыпты: айыптау актісінде көрсетілгендей, Н.Тілеубаев құрған «Әліби» компаниялар тобы астық нарығында жұмыс істейтін 140 компаниядан тұрыпты. Бизнесмен Bank RBK директорлар кеңесінің кеңесшісі Ж.Ертаевпен танысқан соң бәлеге басын сұққан. Сол тұста бүкіл отандық банк саласына ықпалы мен беделі жүрген Ертаев осы мүмкіндігін теріс пайдаланып, заңсыз баюдың жылпос схемасын ойлап табады. «Әліби» тобындағы компанияларға әртүрлі коммерциялық банкте тиімді шарттармен кредиттер рәсімдейді, бұл ретте кепіл ретінде жалған астық қолхаттары қабылданыпты. Шынында, бірде-бір қолхат бидаймен қамтамасыз етілмеген. Соған қарамастан аса қомақты – 22 миллион доллардан 4 миллиард теңгеге дейінгі көлемде әртүрлі кредит беріледі. Олардың әрқайсысынан Ертаев 10-20% көлемінде өз үлесін алып отырыпты. Алаяқтық схема көпке дейін ашылмаған, себебі борышкерлер ай сайынғы төлемдерін уақытылы төлеп жүрген. Осы мақсатта жаңа несиелер рәсімдеген. Кәсіпкер, қаржыгер Марат Төлбасовтың пікірінше, банктер өзіндегі осындай қылмыстарды бүркемелеуге, «жауырды жаба тоқуға» тырысатын кездері де кездеседі. «Сіз бұған сенбессіз, кейбір банктер қайтарылмайтын ірі кредиттерді өз ақшасымен жауып, соған өзі қызмет көрсетіп жатады. Бұған банктер қаржылық реттеушінің қырына ілікпеу, лицензиясынан айырылмау, status quo сақтау үшін барады. Акционер не топ-менеджер үшін банктің жабылуынан гөрі «улы» (токсичный) несиені банк қаражатына қайта қаржыландырған қолайлы. Сол арқылы банк заемдары қайтарылып жатқандай көзбояушылық жасайды. Қаржылық реттеушінің NPL (қайтпайтын кредит) үлесінің өскенін байқамай қалатыны да содан болса керек. Мұндай қулық түптің түбінде банкте қаржылық қуыстың пайда болып, ұлғаюына әкеледі», – дейді ол. Заемшы тез банкрот болып, жойылып кетеді. Оның жұртында ешқандай активі қалмайды. Банк мол ақшасын жоғалтады. Клиенттерінің салымын уақытылы қайтара алмайды, күнделікті міндеттемелерін және агенттіктің талаптарын орындауға қауқары жетпейді. Сөйтіп, ақыры бәрібір жабылып тынады. Мұндай банкті өтіне паразит-бауырсорғыш түскен, ішін құрт тескен қойға теңеуге болады. Қиналып, азаптанып, өлмек. Адвокаттық бюро жетекшісі Сергей Егоров өз тәжірибесіне сүйене отырып, әдетте банк топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық істер тек лицензияны алып қойған соң немесе банк банкрот болғаннан кейін ғана қозғалатынын жеткізді. «Әйтпесе, егер жұмыс істеп тұрған банктің іс басындағы басшыларына қарсы іс қозғалса, бұл банктің қалыпты ісінің бұзылуына, клиенттердің ол банктен депозиттерін жаппай алып кетуіне соқтырады деп қауіптенеді. Ал егер қатардағы банк қызметкері ақша ұрласа, оған құзырлы органдар аяушылық танытпайды. Ұрланған ақша мен лауазым неғұрлым ірі болса, жауапты құрылымдардың қимылы да соғұрлым баяу болады. Бәрі де пенде, қателесуден, ықпалдылардың қысымына ұшыраудан қаймығады», – дейді қорғаушы. Қалай болғанда, банк жүйесіндегі қылмыстар – «жалғыз жортқан жыртқыштың» ісі емес, оны жүзеге асыруға бірнеше лауазымды тұлға жұмылады. Ертаевтың, Әблязовтың және басқасының ондаған, жүздеген сыбайласының анықталуы содан. Ендеше банк саласын жемқорлықтан түбегейлі арылтпай, банк секторы да әзір айықпайтын түрі бар.Айхан ШӘРІП