ДСҰ мәліметінше, жыл сайын темекі кем дегенде 8 миллион адамның өмірін жалмап кетеді. Бұл статистиканы кеміту үшін әлем елдері түрлі шара қолданады. Соның ішінде Қазақстанда да реті келсе, темекі бағасын көтереді. Ал еліміздегі темекі шегуді шектеуге шақыратын ұйымдар шылым бағасының 1 доллардан аспай тұрғанын айтады. Өз кезегінде Дүниежүзілік банк те Қазақстанда темекі бағасы төмен деп мәлімдеген екен.
Ресми деректерде еліміздегі ересектердің төрттен бірі темекіге тәуелді екені көрсетілген. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қызметкері желтоқсан айында жаңа статистика жарық көретінін мәлімдеді. Өйткені аталған айда дөңгелек үстел өтіп, темекіге қарсы күресудің басым бағыттарын айқындайды. Ал қолда бар дерекке сүйенсек, елімізде 3,5 млн-ға жуық адам темекі тартады.1 қорап темекі 1 500 теңге тұрса...
Елімізде темекі бағасын соңғы рет 2020 жылы 1 қазанда көтерілді. Бір қорап шылымның бағасы – 470 теңге. Бұл баға жыл санап өзгереді. Өйткені Қаржы министрлігі тиісті қаулыға өзгеріс енгізген еді. Жобаға назар аударсақ, баға 2021 жылы 1 қаңтарда – 500 теңгеге, 2022 жылдың 1 қаңтарда – 550 теңгеге, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 600 теңгеге қымбаттайды. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын «Nur Otan» партиясы депутаттары темекі бағасын 125%-ға көтеруді ұсынған. Алайда Үкімет мүшелері бағаны тек 90%-ға көтеруге боларын нұсқаған. Неліктен депуттаттар мәселе бағада екенін айтқан? Расымен, баға көтерілсе, халық темекіден бас тарта ма? «Иә, ел тұрғындары темекі бағасын көтерсек, мәжбүрліктен бас тартар еді. Өйткені бізде бір қорап темекінің бағасы – 1 доллар. Шетелде баға мүлдем басқаша. Мысалы, Еуропа елдерінде темекі шамамен 5 мың теңге, Жаңа Зеландияда 14 мың теңгеге дейін қымбат. Жалпы, адамдардың темекі тартуын тастауға мемлекеттік шаралар ықпал ете алады. Одан кейін адам өзін тәрбиелей алады. Ол үшін психотерапевтің көмегіне жүгіне алады. Елімізде темекі тастауға көмектесетін орталықтар бар. Ересектер мен жасөспірімдерге темекі сыртындағы қорқынышты суретпен ғана бағыт бермей, лайықты іс-шара жүру керек. Бастысы, ақпараттық қолдау қажет. Темекі шегетін адамдардың 18%-ы жігерінің арқасында темекіні 1 күнде тастай алады. Ал 20%-ына психотерапевтің көмегі керек», – дейді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының басшысы Жәмила Жеңісқызы. Оның айтуынша, елде бағаны кем дегенде 1 500 теңгеге дейін көтеру керек. Бұл – темекі қорабындағы үркітетін суреттерге қарағанда әлдеқайда тиімді. Бірақ темекі бағасын қымбаттату шетелдік компаниялардың қалтасын толтыруға жол ашады. Өйткені нарықтағы темекінің 90%-ы шетелдік компанияларға тиесілі. Сондықтан еліміздегі ұйымдар мен биліктегілерге арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмейтін амал ойлап табу керек.Үркітетін суреттің ықпалы қандай?
Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерде шылым сыртында оның зияны туралы ескертетін пиктограммалар бейнеленген. Қорқынышты суреттер кейбірін үркіте алса, ендігісі назар аудармайтындарын айтады. Темекі тартатын бірнеше адамнан сауалнама жүргізгенімізде 63%-ы суреттерге еті үйреніп кеткенін көрсеткен. Бірақ ішінде суретті көргенде беті қайтып қалатынын, кейіннен тәуелді болған соң шегетінін айтқандар бар. Ал әлем елдері Жәмила Жеңісқызы айтқандай, баға арқылы кешенді күрес жүргізеді. Мысалы, әлем елдері арасында Гана, Эфиопия, Нигерия, Панама халқы темекіні аз тұтынады. Ал Блумберг Нью-Йоркті темекі түтінінен азат ету үшін жылдар бойы жоспар құрған. Мәселен, 2002 жылдары қалада шамамен әрбір бесінші тұрғын шылым шеккен. Осыған қарап, Нью-Йорк мэрі салықты көтеріп, темекіге қарсы заңды қайта қараған. Тиісінше, қоғамдық орында темекі шеккені үшін салынатын айыппұлды көтерген. Бұл қалай іске асты дерсіз. Нью-Йорктегі қарапайым отбасына жылына орта есеппен 50-60 мың доллар кіріс кіреді. Ал оның 40 мың долларын салық төлеуге жұмсайды. Қаладағы ең арзан темекі 2 000 теңгеден басталады. Одан бөлек, отбасының ішіп-жемі мен киім-кешегіне ақша керек. Есептеп қарасақ, қалған 20 мың доллар жетпей қалуы мүмкін. Сол үшін Нью-Йоркте темекіні несиеге алуға болады. Отбасындағы шығынды көбейтпеу үшін біразы темекіні тастаған деседі. Сондықтан қазір аталған қалаға бара қалғандар көше бойында, көлікте темекі тартқан адамды байқамайды-мыс. Сондай-ақ темекі бағасын көтеретін елдердің арасында Аустралия да бар. Бұл елде темекі бағасы – 18 768 теңге. Биыл ақпан айында Аустралияда тұратын әжей әлеуметтік зерттеуін Facebook-те жариялады. Ол осы темекі құнына азық-түлік жиынтығын сатып алған. Осы зерттеуі арқылы әжей ел тұрғындарын темекіге жұмсайтын ақшасын азық-түлікке жеткізуге боларын дәлелдеген. Ал ел үкіметі темекі бағасын көтерумен халықты «тезге» салуға боларын нұсқап отыр.Жасөспірімдерді арашалайтын ақпарат
Елдегі темекі бағасының қолжетімдігі жасөспірімдердің де темекі сатып алуына әсер етеді. Өйткені мектеп оқушыларының да шылымға әуес екенін байқаймыз. Ал баласының темекі тартатынын білген ата-ана оны қыспаққа алып, жаман әдеттен арылуын қадағалайды. Мысалы, темекіге енді үйір бола бастаған 16-17 жастағы баладан жөн сұрай қалсаңыз, ортаның темекі шегуіне әсер еткенін айтады. Көпшілігі 9-сыныптан кейін колледжге кеткен сыныптасының, ағасының немесе түтіндетіп тұрған көршісінің ісіне қызыққан соң аузына шылым салғанын айтады. Психолог Айгүлім Абдурасулқызы да балаға алдымен ортаның әсері барын атап өтті. «Жасөспірімдердің әдеттен тыс қызығушылығының арасында темекі шегу бар. Өйткені олар психоактивті заттарды байқап көретін жаста. Ата-аналардың тыйым салып, кейде ұрысып әдеттен арылуға үгіттейтіні бар. Бұл кейде нәтиже береді. Бірақ бұл әдіс кез келген жасөспірімге «өтпейді». Ал тыйым салып, қорқытып-үркітетін ата-аналар баланың психологиясы өзгергенін байқады ма екен? Себебі мұндай жағдайдан кейін жасөспірімдер тартыншақ, шегіншек болып өседі. «Мына істі жасасам біреу ұрыса ма екен?» деп өзін жегідей жеп, сенімсіз болады. Айтқанын керісінше істейтін, ерегескіш келетін жасөспірімер бар. Ұрысқанды елемей, керісінше істейді. Бұлар – оппозиционды мінез-құлқымен келешекте орын табамын деп ойлайтын балалар. Неліктен? Мұндай балаларға ата-ананың көңіл бөлуі, мейірімі жетіспейді. Содан кейін бала топтан ажырамау, топ арасында болуға ынта танытады. «Сен әлі баласың» деген сөз қатты әсер етуі мүмкін. Сол үшін балаларды кішкентай кезінен ақпараттандырып, зияны мен салдарын түсіндіру керек», – дейді психолог Айгүлім Абдурасулқызы. Иә, психологпен әңгімеде мына сөз есте қалды. «Әкесі шылым тартып тұрып, «балам саған бұлай істеуге болмайды» деуі ешқашан нәтиже бермейді. Ата-ана алдымен өз-өзін тәрбиелеуі керек». Осы сөзге сүйенсек, мәселе бағада, қоғамда емес, ата-ананың тыйымында болуы мүмкін.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ