Қырғызбасы болуға 63 адам таласпақ
Қырғызбасы болуға 63 адам таласпақ
137
оқылды

Келер жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда Парламент сайлауы жоспарланса, қырғыз халқы дәл осы күні президентін сайламақ. 14 қарашада құжат өткізу аяқталды. Көршімізде ел басқарамын деген үміткер көп. Арасында депутат, редактор, студент, жұмыссыз, мұғалім, кәсіпкер де бар. Алайда фаворит қазіргі премьер-министр Садыр Жапаров есептеледі. Өткен айдың басында түрмеде отырған кісі енді екі айдан соң заңды мемлекет басшысына айнала ма?

Қырғыз Республикасында 4 қа­зан күні өткен парламенттік сай­лаудың нәтижесі кезекті мем­ле­­кеттік төңкеріске алып келгені мәлім. Экс-президент Сооронбай Жээнбеков Бішкектегі ереуілден соң он күннен кейін өз қызметінен бас тартты. Бұл көрші елде саяси дағдарыс туғызды. Себебі бұған дейін қызмет етіп тұрған заңды мем­­­лекеттік қызмет аппаратының өкілеттілігін саяси күштер мойын­дамай қойды. Тіпті, түрмедегі экс-шенеуніктер бостандыққа шықты. Бірақ көп өтпей экс-президент Алмазбек Атамбаевты қапасқа қайта жапса, ал экс-премьер-ми­нистр Сапар Исаков сол күйі ізін көрсетпей тайып тұрды. Бүгінде оған және Бішкек қаласының экс-мэрі Албек Ибраимовқа халық­аралық іздеу жарияланды. Осы­лайша, айналдырған бір-екі аптада Қырғыз Республикасының билік басына 2017 жылы сотталған Садыр Жапаров келді. Келді де бірден үкімет басы атанды, ал Жээнбеков отставкаға кеткен бойда бірден оның қызметін қоса атқара бастады. Қысқасы, көршімізде қазір ресми сайланған президент жоқ. Міне, сол мемлекет басшысын анықтау үшін 2021 жылдың 10 қаңтарына сайлау тағайындалды. Соңғы мәліметке сүйенсек, 14 қараша күні түнде аяқталған құжат қабылдау кезеңінен кейін 63 үміткер президенттікке таласпақ. Олардың қатарында қоғамның түрлі өкілдері бар. Мәселен, 18 кан­дидат жұмыссыз, 3 кандидат зей­неткер, 3 кандидат мұғалім, 3 кан­дидат парламент депутаты, 1 сту­дент және 1 редактор бар. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер де жетерлік. Сондай-ақ қазіргі премьер-министр Садыр Жапаров та бар. Көпшілігі өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Тек үшеуі ғана ресми түрде партия атынан сайлауға қа­тыспақ. Ол «Бутун Кыргызстан» партиясының атынан Мадумаров Адахан, «Улутман» партиясының өкілі Сазықбай Турдумалиев және «Чындык» партиясының жетекшісі Кубанычбек Кадыров. Енді сай­лауға қатысу үшін әрбір тір­келген кандидат 3 желтоқсанға дейін 1 млн сом төлеп, 30 мың аза­маттың қо­лын жинауы керек. Бұл сайлауға қазіргі премьер-министр тыңғылықты дайындалып жатқан секілді. Өйткені президент креслосына көптен бері үміттеніп жүрген тағы бір саясаткер бұл жолы додаға қатысудан бас тартты. Ол – Омурбек Бабанов. Бабанов бұған дейін Атамбаевпен тіл табыса ал­май, елден кеткен. Бірақ осы жолы оның ел басшылығына таласуға мүм­кіндігі бар еді. Неге? Біріншіден, ол кезінде «Республика» партия­сының жетекшісі болды. Яғни, саяси жақтастары табылар еді. Екіншіден, Бабанов қырғыз елін­дегі ең бай азамат есептеледі, 1,5 млрд доллардың иесі. Қазіргідей жағдайда ол қос ресурсын пай­даланып, президенттік үшін күре­суіне әбден-ақ болар еді. Дегенмен Садыр Жапаровпен келісімге келген сыңайлы. Сөйтіп, алдағы сайлауға қатысудан бас тартып отыр. Таяуда ол: «Біз жақында терең тақырыптарды ашық талқыладық. Садыр Нұрғожаұлы бұрынғы басшылардың қателіктерін қай­­­таламайды және ірі өзгерістерге дайын» деп пікір білдіріпті. Мақаламызда Садыр Жа­­па­ровқа неге мән беріп отырмыз? Себебі қазір ол президенттікке не­гізгі фаворит кандидат саналады. Жақында сол үшін президент міндетін атқарушы лауазымынан да бас тартып, оны Жогаргу Кенеш спикері Талант Мамытовқа тап­сырды. Өйткені қырғыз заңы бойын­ша бұл қызметтегі адам пре­зиденттікке таласа алмайды. Тіпті, орталық сайлау комис­сиясына құжаттарын екі рет тапсырған, алғашқысында құжаттары толық болмапты. Қазақстан тарапы да Садыр Жапаровпен тіл табысу керек деп шешім қабылдағандай. Себебі әдетте төңкеріспен билікке қолы жеткен саясаткер сайлауда жеңіп шықпайынша, онымен ресми бай­ланыс орнатылмайды. Алайда жақында Президент Қасым-Жо­март Тоқаев Қырғыз Респуб­ли­касының Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевты қабылдады, кейін Садыр Жапаровтың өзімен телефон арқылы сөйлесті. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп, қырғыз еліне гумани­тарлық көмек көрсету туралы ше­шім қабылдады. Яғни, Қазақстан басшылығы 2 ай бойы ресми сайлау нәтижесін күтпей, онсыз да би­ліктің барлық тетігін қолына жиып алған кандидатпен қазірден жұмыс істеуді құп көрген секілді. Сонымен, Қырғыз Респуб­ликасының президенті атануға тым сонша асығып, түрмеден Ақ үйге бір-ақ секірген Садыр Жапаров деген кім? Ол саясатқа экс-прези­дент Құрманбек Бәкиевтің жақтасы ретінде келді. 2005 жылы төңке­рістен соң ол Жогаргу Кенеш де­­путаты атанды. Кейін Бәкиевтің кеңесшісі болды. Ал 2010 жылғы қан төгілген төңкерістен соң бас­­­­шы­­­сының артынан ермеді. Елде қалды. Сол жылы қырғыз елінің оңтүс­тігінде болған қырғыз-өзбек қақты­­ғысында ол көзге түскен. Куә­­­­­­герлер Жапаров қырғыз ұлт­­шылдығын қоздыруға үлес қосқан деседі. Он­даған кісі көз жұмған қайғылы оқи­ғадан соң Садыр Жа­­­паров саясаткер ретінде қырғыз халқының арасында абырой жиып, қолдауына ие болды. Кейін парла­­мент сайлауында оның Ата-Жұрт партиясы (төрағасы Камчыбек Ташиев) 16% дауыс жинап, қайта депутат атанды. Дегенмен Жапаров жай жат­пады. Бар ойы Ыстық-көл облы­сындағы «Құмтор» кен орнында болды. Оны мемлекетке қайта­рамын деген сылтаумен бірнеше митинг ұйымдастырды. 2012 жылы осы мақсатта Бішкекте ереуілге шығып, Ақ үйді басып алмақ болды. Бұл әрекеті үшін 1 жылдан соң Ташиев, Жапаровты Бішкектің аудандық соты 18 айға бас бостан­дығынан айырды. Алайда үш айдан соң қалалық сот оларды сот залы­нан босатты. Бір қызығы, сол 2013 жылы оларды бостандыққа жібер­ген судьялардың бірі жақында пре­зидент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды. «Құмтор» кен орны үшін кейін қайта күресті. 2013 жылы шілдеде ол Ыстық-көл облысының орта­лығы Қаракөлде тағы митинг өткізіп, облыс басшысы Эмилбек Қаптағаевты кепілдікке алуға ұмтылды. Осы әрекетіне бола тұ­­­­тылмау үшін Кипрге қашып кетті. Тек 2017 жылы Отанына оралған тұста құрықталып, 11 жылға сот­­талады. Аталған кен орны шетел­діктердің иелігінде еді. Жапаров оны үкіметтен бұрын өз қарамағына алғысы келгендей. Сол үшін де осындай қауіпті қадамға барған сыңайлы. Биыл 6 қазан күні жаппай тәртіпсіздік барысында жақтастары оны түрмеден күшпен босатты. Оған дейін Жапаров қапаста 3 жыл жатты. Осылайша, ол бірер күнде түрмеден билік басына топ ете түсті. Кейін бірден өзінің жақын үзең­гелестерін лауазымды қызмет­терге тағайындай бастады. Мә­­селен, қазан айында «Ата-Жұрт» пар­­­тиясының жетекшісі Камчыбек Ташиев мемлекеттік ұлттық қауіп­сіздік комитетінің төрағасы атанды. Ал партияластары Кур­­манкул Зулушев елдің бас прокуроры бо­лып бекітілсе, Талант Мамытов парламент спикері орындығына отырды.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА