Қант диабеті дендеп барады
Қант диабеті дендеп барады
420
оқылды

Қант диабеті қазақ­стан­дықтардың құтын қашырып жатыр. Бұлай дейтін се­бе­­­біміз жыл өткен сайын науқас саны артып келеді. Қарап тұрсақ, жылына ел бюджетінен 1 млрд доллар шамасында қаражат бөлінеді. Ал одан аурудың азайып жатқаны кө­рінбейді. Мұның себебі неде? Осы мәсе­лені май­­­шаммен тексеріп, зерттеген мамандар не дейді?

Жалпы алғанда, қант диабеті тек Қазақстанның емес, күллі әлемнің бас ауруына айналып отыр. Себебі бүгінде дүниежүзінде осындай диаг­нозы бар 420 млн науқас бар. Ал біз­дің республикада – 380 мың. Бұл диспансерлік есепте тұрғандардың саны ғана. Ал шын мәнінде, нау­қас саны бұдан әлдеқайда көп де­седі. Аздаған статистикалық де­рек келтіре кетсек, осыдан сегіз жыл бұрын есеп­­­те тұрғандар саны 143 266 болса, 2019 жылдың қорытындысында ол сан 373 183-тен бір шыққан. Осы ретте, айта кететін бір жайт, 2013 жылдан бері диспан­сер­лік есепке науқастарды тір­кеу­­­­­де белсенділік төмендеп, 8,9 пайыз шамасында болған. Ал оған дейін, 2009-2014 жылдарда қант диабетімен ауыратындарды тіркеу көрсеткіші 11,3 пайыз бол­ған екен. Айтқандай, шынайы ша­ма мүлдем басқа болуы мүмкін. Мұндай пікірді Қазақстандағы қант диабетін тәптіштеп зерттеген мамандар айтып отыр. Елдегі бұл аурудың таралуы ересектердің 10 пайызындай болады деседі. Яғни, бұл дегеніміз – ресми статистикадан бірнеше есе көп. Диабетпен ауыратындарға жа­­­­­салатын амбулаторлық дәрі­лік те­­­рапияға 20,5 млрд теңге жұм­са­лады екен. Оның ішінде бірінші типтегісіне – 12 млрд теңге, екінші типтегісіне 8 млрд теңге кетеді. Енді қант диабетінің екі түріне кішігірім анықтама бере кетсек, бірінші типтегі диабет инсулинге тәуелді болады. Бұл ауру түрі ұйқы безінің дисфункциясына байланысты. Ал екіншісінде, инсулинге тәуелді емес. Мұндай жағдайда инсулинге сезімталдық жойылады. Екінші типті қант диабетінде қандағы глю­коза деңгейі көтеріледі. Қазақстандағы ахуал бойынша, І типтегі қант диабетімен 30 мың науқас ауырса, ІІ типтегісіне 352 мың адам шалдыққан. Жоға­рыдағы дерекке көз салсақ, алғаш­қысымен ауыратын науқас саны аз болғанымен, оған кететін қаражат 17 есе көп екен. Әрі бұл аурудың жаман тұсы сол, асқына түседі. Соның сал­­­­­­­­да­рынан науқас жағдайы күрт нашарлайды. Ал оның терапиясына бірінші типке – 6 млрд теңге, екін­ші типке 137 млрд теңге кетеді екен. Соның ішінде көбіне қант диабеті арқылы асқынатын жүрек-қантамыр патологиясына кететін шығын жоғары. Бұдан бөлек, осы аурудың сал­­­­­­­­­­­­­­­­­­дарынан мүгедекке айналып отырғандар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мардымды деуге келмейді. Ал жалпы сомаға келсек, мамандар есебі бойынша 103 млрд теңгені құрайды екен. Міне, осы сынды бірқатар шығынды әбден есептеп, ескере келе қант диабетінің ел қазынасына түсіретін ауыртпалығын тікелей – 436 млрд теңгеге, ал жанама шы­ғындарды қоса есептегенде 1 млрд долларға бағалап отыр.
Медицина ғылымдарының док­­­­­­торы, профессор, Назарбаев уни­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­верситетінің жетекші ғылыми қыз­­­­­­­­­­­меткері Александр Гуляев эко­­­­­­­­­­­­номикаға да, науқастарға да қо­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­лайлы болатын әдіс керегін айтып отыр. «Асқыну мен қант диабеті арқылы ілесіп туын­дай­­тын ауру санын азайта алсақ, экономикаға түсетін ауырт­­­­­па­­лық­тың да азаяры сөзсіз. Сон­­­­­­дықтан осы ретте гликемиялық көрсеткіштерді ғана бақыламай, липидтік алмасу, артериялық қан қысымы, бүйрек зақымы, мик­ро және макровезикулярлық асқы­нуларды бақылайтын мақсатты көр­­сеткіштерді де қосу керек. Яғни, бюджет қаражатын дұрыс жұмсай білсе, науқастардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қаржылық ауыртпалықты да жеңіл­­­детер еді. Осы мәселелер шешімін табуы үшін қант диа­­­­­бетімен ауыра­­­­­тындарға ар­нал­ған ұлттық бағдарлама қажет», – дейді Гуляев.
Негізі, ХХІ ғасырдың басынан бері, яғни 2000 жылдан бастап мемлекет қаржыландыратын кешен­ді шаралар жүргізіліп келеді. Тіпті, «Диабет» кешенді бағдарлама қолға алынған. Күткен мақсаттары да зор болған. Бағдарламаны орындау диабетпен ауыратындардың ден­­­­­­­­­­сау­лық жағдайының теріс тен­денцияларын кідіртуге, аурудың ер­­те және сонымен бір мезгілде, жа­­­­­­­­­­­сырын түрлерінің анықталуын жақсартуға және түпкі нәтижесінде мемлекет үшін экономикалық ауырт­­­­­палық болып тұрған қант диабеті проблемасының жүгін азай­ту жағдайында мүгедектікті кемітуге, науқастардың белсенді өмір сүруінің ұзақтығын арттыруға мүмкіндік беруі тиіс болған. Бі­рақ қолдағы дерекке қарасақ, мақсат орындалды деуге келмейді. Түбегейлі жоққа шығармасақ та, ауруды азайта алма­ғаны ақиқат. Ал мамандардың ұсынып отыр­­­ған Ұлттық бағдарламасы қан­дай? Бағдарлама шеңберінде ин­­но­­вациялық технологиялар мен препараттар енгізу қажет деседі. Яғни, қандағы қант мөлшерін реттеп қана қоймай, инфаркт, инсульт, бүйрек пен жүрек ауруларына қа­тысты қауіпті сейілтуге мүм­­кін­­­­­дік тууы тиіс. Әлбетте, бүгінде меди­­­циналық көмек көрсету стан­­­­­дарт­­тары жоғарылап, медици­­налық технология саласында прогресс бай­­­қалған сайын денсаулық сақтау саласындағы шығын да соған сәйкес өсе береді.
Жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл әлемде денсаулық сақтау саласына кететін шығынның салмағы едәуір жоғары, экономикаға айтарлықтай жүк. Дегенмен екіжақты ұтымды шешім қажет-ақ. Медицина ғы­­­лым­­­­­­дарының кандидаты, «ААА» медициналық емханасының бас дәрігері Жанай Ақанов қант диабетін ерте анықтау қажет екенін айтып отыр. Осы арқылы ұтатынымыз көп деседі. «Әдетте емханаға әб­ден жағдайы нашарлаған науқас келеді. Диабеттің асқынбаған, енді басталған кезінде келетіндері сирек. Сондықтан уақытылы диагностика, конструктикті профилактика, дұ­­­рыс емдеу тәсілі мен дер кезінде жасалатын реабилитация қажет. Ал енді ол үшін емханаға қабылдауға келген кезде бақылау керек. Оған аса шығын да кетпейді. Себебі бойы мен салмағын өлшейді, гемоглобин тексереді. Дер кезінде біліп, емдеу қажет», – дейді дәрігер.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде қант диабетіне шалдығатын бала­­­лар да көбейіп келеді. Бұл тіпті бө­­лек мақалаға жүк болардай мә­селе. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі келтірген дерек бойын­­­ша, қазіргі таңда І типтегі диабетпен – 3 994, ІІ типтегі даибетпен 127 бала диспансерлік есепте тұрған көрінеді. Ал мұн­­­­дай диагнозы бар балаларды сауық­­­тыруға арналған санаторийлер елі­­­міздің 2-3 аймағында ғана бар. Демек, І типті қант диабетімен ауыратын балалардың дені меди­­­­­циналық реабилитация алу мүм­­­­­­кіндігінен айырылып отыр деген сөз. Әрі диабетик баланың қоғамнан алшақтап кету мәселесін де айта кету керек. Себебі олардың балабақша, мектепке қабылдануы да – үлкен жыр. Көбіне олар үйде оқиды. Бы­лай қарасаңыз, дене бітімі мен пси­­хоэмоциялық дамуы жасына сай болғанымен, қатар құрбымен ойнап, оқи алмайды. Білім және ғылым министрлігінің ресми дерегі бойынша, қазіргі таңда І типтегі қант диабетімен ауыратын 10 бала ата-анасыз, жетім күн кешіп келеді екен. Оларға қамқорлық тіпті қажет. Бұл мәселелерді былтыр сенатор Динар Нөкетаева да көтерген еді. Ол І типтегі қант диабетіне шал­­дыққан балалардың ата-аналар қауымымен және диабеттік оқу-ағарту қорымен бірлесе отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне мынандай ұсыныс-талап қойған: қант диабеті бойынша ұлттық жоспар әзірлеу және қабылдау; қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінде қалдыру; «Диабет және балалар» ведомствоаралық жоспарын қабылдау; резервтік инсулиндік қор құру; тегін меди­­циналық көмек көлемі аясында глюкагонды сатып алу практикасын жалғастыру; қант диабеті бар балалар мен жасөспірімдерге арналған ши­пажай-курорттық үлгідегі оңалту орталығын құру; тексеру мерзімін: орта медицина қызметкерінің тексеруі – айына 1 рет, бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерінің тексеруі – 3 айда 1 рет, эндокринологтың тексеруі – 3 айда 1 рет етіп өзгерту; қант диабетімен өмір сүру дағдыларына үйрету бойынша мамандандырылған «мектептер» ұйымдастыру; халықаралық кли­никалық практикада ұзақ уақыт бойы ІІ типті және І типті қант диабетін даму механизмі бойынша әртүрлі ауру ретінде нақты ажырату қабылданған. Олар әртүрлі тексеру жиілігін және қандағы қант деңгейін әртүрлі өлшеуді талап етеді. Сол себепті медициналық қамтамасыз ету мен қызмет көрсетудің тиіс­ті нормаларын қайта қарай оты­рып, ІІ типті қант диабеті, І тип­ті қант диабеті, балалар мен жас­­өспірімдердегі І типті қант диабеті бойынша жеке клиникалық хаттамалар мен стандарттарды әзірлеу қажет деген еді. Айтылып жат­қан ұсыныс, көтеріліп жатқан мәселе көп. Соны қолға алатындар табылса, игі.

Жадыра АҚҚАЙЫР