Имам қоғамның айнасы болып қала береді

Имам қоғамның айнасы болып қала береді

Қазақстан тәуелсіздік ал­ған уақыттан бері зайыр­лы мем­­лекет ретінде қа­лып­та­сып, бүкіл әлемге көпкон­фес­­­сиялы, көпэтносты ел ре­­­тінде танылды. Еліміздегі мұ­­­сылман жамағатының ба­­сын қосып отырған Қа­зақ­­­стан мұсылмандары ді­ни басқармасы еліміздің ын­­­тымағы мен бірлігін кү­ше­й­туге барынша ынталы. Осы орайда, Ақпарат және қо­ғамдық даму вице-ми­нистрі Марат Әзілхановпен ел­дегі тұ­рақтылық пен кон­фес­­сияара­лық келісімді сақ­тау­да имамдардың рөлі тура­лы сұх­баттасқан едік.

– Марат Алмасұлы, бүгінде халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы саналатын ислам дінін насихаттауда имамдардың еңбегі зор. Жалпы имам деген кім? Қазіргі қоғамның имамы қандай болуы тиіс?

– Бүгінде халқымызды иман­ды­лық пен ізгілікке үндейтін дәс­түрлі діндер кең қанат жайып ке­леді. Мемлекет дәстүрлі діндер­дің тұрақты дамуына жан-жақты қам­қорлық жасауда. Соның нәти­же­сінде, ислам дінінің қоғам­дағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміз­дегі рухани құндылықтардың жаң­ғы­руына, тұрақтылықтың орны­ғуы­на сүбелі үлес қосуда. Осы ретте имамдардың да рөлі ерекше.

Дінтанушы ғалымдардың ай­туынша, имам – мұсылман үмме­тінің ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. Адам баласының жүрегі өмір бойы ізденіспен, жаңашыл­дықпен, өзгеріспен жасарып оты­рады. Өйткені ол – ағзадағы сана серпілісі мен болмыс өзгеруі­нің басты ұйытқысы. Әл-Фарабидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің қозғал» деген ұлағатының астарында да сана өзгерісі туралы ой жатса керек. Дін қызметкері өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сырт­қы өзгерістерге дайын, пара­сатт­ы тұлға болуы қажет. Имам жамағатқа күнделікті намаз оқытумен ғана шектеліп қалмауы керек. Оған намаздан өзге жүктелген міндеттер де бар. Имам халықтың ішінде өзінің абырой-беделімен, білімі­мен көпшілікке үлгі болғанда ғана нағыз имам. Қазақ – қандай да бір іс-шара өткізсе, ең алдымен имам­ға, оның ақыл-кеңесіне жүгінетін халық. Шаңырақта сәби дүниеге келсе, азан шақырып ат қоюға, әулетке келін түссе, шариғат жолы­мен неке қидыру үшін имамды шақырады. Тіпті, өмірден озған­дар­ды да имамсыз ақыретке жөнел­те алмаймыз. Ел ішіндегі жиындарда халықтың алдына шы­ғып, дұрыс насихат айту аса ма­ңызды. Халқымызда «Мұсыл­ман­дық әсте-әсте, діннен шығу бір пәсте» деген дана сөз бар. Адасып жүргендерге тура жолды көрсету, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру – имам мойнына жүктел­ген абыройлы қызмет.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты қанша мешіт бар?

– Еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. 2011 жылы дін мәселелерін реттей­тін заң қабылданып, заң жүзінде мемлекетіміздің исламдағы Хана­фи бағытының орны мен рөлі атап көрсетілді. Діни басқарма еліміз­де­гі 2 600-ден астам мешіттің ба­сын қосып, «бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығаратын» ұйыс­ты­ру­шы, рухани құндылықтар тө­ңірегіне топтастыратын орта­лық­қа айналды.

– Өзіңіз айтқандай, ислам дінін ұстанатын мұсылман қауымы үшін имамдар – қоғамның айнасы. Ал олардың білімі мен біліктілік деңгейін қалай бағалайсыз?

– Қазіргі таңда еліміз бойынша 3 895 имам қызмет атқарады. Оның 27 пайызы, яғни 1 054 имам – жоға­ры білімді, ал арнаулы орта білім­ді имамдар 27 пайызды құрай­ды. Қалған 46 пайызы – орта білімді, яғни білім жетілдіру курстарынан өткен. Осы ретте дін қызмет­кер­ле­рінің білімдерін жетілдіру үшін түрлі шаралар мен оқыту семи­нар­лары өткізілуде. Қазірдің өзінде жыл сайын жүздеген имам мен теолог маман біліктілікті жетілдіру курсынан өтті. ҚМДБ мешіт имам­дарын тек елімізде ғана емес, шетел­дік жоғары діни оқу орында­рына да өз ұсыныстары негізінде бірнеше айлық білім жетілдіру курстарына жібереді.

Жалпы алғанда, елімізде білім­ді имамдар жетерлік. Дегенмен қоғам имамдардан көп нәрсені талап етуде. Мәселен, халық дін қызметкерлерінен теологиялық білім тұрғысынан ғана емес, саяси сауатты, әртүрлі саладан хабардар болуын күтеді. Себебі дін – өте нәзік дүние. Сол нәзіктікті халыққа жеткізуде тек діни әңгіме айтумен ғана шектелмей, оны әрбір имам ұлттық мәдениетімізге, тарихы­мыз­ға, әдебиетімізге, салт-сана­мызға негіздеп, ұлттық таныммен насихат жұмысын жүргізсе дейді көпшілік.

– Сөзіңіз аузыңызда, осы мәсе­ле­ге кеңірек тоқталып өтсеңіз... Шетелде ислам бағытында білім алудың қандай қауіптері бар?

– Ел ертеңі үшін жастарға зор сенім артады. Білімді жастардың озық технологияны меңгеріп, алдыңғы қатарлы оқу ордаларында білім алуы, әрине құптарлық іс. Көптеген жастар әр салада білім­дерін жетілдіріп жүр. Бірақ нақты діни білім алу мәселесіне келгенде бізге жіті қырағылық керек. Олай дейтініміз, шет мемлекеттерге өз бетімен діни білім іздеп кеткен азаматтардың потенциалды қауіп көзіне айналып кетуі ғажап емес. Олардың дін емес, сол елдің діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын сіңіріп алу қаупі зор. Бұл қай елге діни білім алуға барса, сол елдің ұлттық мәдени құндылықта­рын, діни тәжірибесін өз Отанына әкеліп, сол күйінде таратуы деген­ді білдіреді.

– Сөз басындағы тақырыбы­мызға қайта ауыссақ, имам қай заман­да да бұқараға дұрыс жолды насихаттаушы тұлға дедік. Дегенмен бүгінгі қоғамда имамдарға қатысты орынды-орынсыз сындар айтылып жатады. Бұған не айтасыз?

– Байқасаңыз, қазіргі уақытта имамдарға бұрынғыдай көп сын айтыла бермейді. Себебі ҚМДБ имамдардың қызметін, этикасын бір жолға қойды. Демек, қоғамда имамның тұлғасы қалыптасты. Бұл деңгейден түспеу үшін әрбір имам ислам дінінің айнасы екенін үнемі есінде сақтауы керек. Қазіргі жа­һан­­дық үдеріс көшінде ислам діні­не күйе жағушылар көп. Сондықтан қай уақытта да имамдар сөйлейтін сөзі мен әрекетіне сақтық таныт­қа­ны абзал. Олар ардақты пайғам­барлар мен сахабалар салған сара жолмен ғана жұртшылықты соңы­нан ерте алады.

Ал арагідік айтылып жүрген сын­дарға келсек, ол халықтың имам­дарға деген талабын көрсете­ді. Жалпы, сын дегенді сабақ деп түсінгеніміз абзал. Қазақта «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қанатты сөз бар. Кейде азаматтар имамдарға қарата орынды-орын­сыз сын-пікірлер айтып, шағым түсіріп жатады. Мұның ішінде өзге діни жамағаттардың ықпалында жүрген азаматтар да бар екенін ескергеніміз жөн. Өйткені олардың көз­қарастары имамдардың әрекет­те­рі­мен сәйкеспейді. Шындығын­да, имамдарымыз ислам дінін өз деңгейіне сай түсіндіруге барын салуда.

– Сондай-ақ дінбасыларымыз­дың қоғам діңгегін нығайтуға қандай үлес қосып жатқанын айта аласыз ба?

– Біздің имамдарымыз елдегі дін мен мәдениетті дамытуға, ұлт­тық патриотизм мен толерант­ты­лықты қалыптастыруға және қо­ғам­ның ішкі тұрақтылығы мен баяндылығын сақтауға барынша қызмет етіп келе жатыр деп айта аламын. Қазір елдегі ең төменгі жалақы алатын – имамдар. Ал кейбір аймақтарда бірнеше жыл мешітте айлық алмастан жұмыс істеген кісілердің азаматтығы өз алдына. Алайда мешіттердегі имамдардың кейбіріміз біле бер­мейтін қызметтері жетерлік. Атап айтсақ, имам – ислам дінінің ха­лық арасындағы негізгі өкілі мен насихатшысы, елдегі тыныштық­тың негізгі сақшысы. Көп жағ­дайда имамдар – мешіт істерінен бөлек, өздері тұратын аймақтың тәр­биесі мен тыныш­тығына жа­уап­ты тұлға.

 

Сұхбаттасқан
Ақбота ӘЛІМ