Алматы қаласы полицейлері атыс қаруын қайта жасаумен айналысқандардың жасырын цехын анықтады. Осы іске қатысты Медеу ауданының қос тұрғыны ұсталды. Күдіктілердің тұрғылықты жерінде көптеген атыс қаруы, оқ-дәрі мен қаруды қайта жасау кезінде пайдаланған заттары табылып, тәркіленді. Олар Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
«Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қару-жарақ, бөлшектер мен оқ-дәрілер бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалды», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Берік Әбілбеков. Алматы полицейлері сараптамалық зерттеулердің нәтижесінде арсеналдың кімге тиесілі екені және олардың шығу тегі белгілі болатынын атап өтті. Біз осы оқиғадан кейін елімізде заңсыз қару-жарақ сақтайтындар жайлы мәліметтер қарастырып көргенбіз. Мұндай оқиғалар ара-тұра болса да кездесіп тұрады екен. Мәселен, өткен аптада ғана Түркістан облысы полицейлері де заңсыз қару сақтаған тұрғындарды анықтады. Бұл жергілікті Полиция департаментінің заңсыз, еш жерде тіркелмеген қаруларды анықтау мақсатында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында анықталған. Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек ауданы бойынша бұрын-соңды ішкі істер органдарында тіркелмеген және құжаттары жоқ алты дана тегіс ұңғылы аңшы қарулары тәркіленіп алынды. Оларға қатысты ҚК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша алты жайт және қаруды сақтау тәртібін бұзған бір азаматқа 484-бабы бойынша хаттама толтырылды. Қазіргі таңда сараптамалар тағайындалды. Өкінішке қарай, осындай оқыс жағдайлардың болып тұратыны жасырын емес. Реті келіп тұрғанда айта кету керек, халықта заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акциялар 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Polisia.kz сайтының мәліметіне қарағанда, бұл кезеңде халықтан 51 мың бірліктен астам қару және 2 млн ойық қару патрондары сатып алынған. Бұл ретте атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстар үш есеге (2012 жылы 694-тен 2019 жылы 238-ге дейін) төмендеді. Биыл қалыптасқан жағдайға байланысты заңсыз сақталған атыс қаруын сатып алу акциясы онлайн форматта өтуде. Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне оның техникалық жай-күйіне байланысты комиссия шешіміне сәйкес сомасы оннан жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш төлем көзделген. Сыйақы төлемі қару-жарақ заттарын тапсырған адамдардың шотына аудару арқылы жүзеге асырылатын болады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершікке тартылудан босатылады. Еліміздегі эпидемиялық ахуалдың күрделенуін ескере отырып, қолда бар қару-жарақ заттарын тапсыруға ниет білдіргендер полиция органдарына бармай-ақ, Полиция департаменттерінің сайтында көрсетілген қауырт желі телефондарына немесе «102» нөміріне хабарласса жеткілікті. Өтініштерді және халықта заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын қабылдауды ішкі істер органдарының қызметкерлері жүзеге асырады. Бұрын оларды қабылдау аумақтық полиция органдарында жүргізілген болатын. Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілерді тауып алған жағдайда қандай да бір іс-әрекет жасамай, тек полиция бөлімшесінің көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлау қажет. Бұл бастамаға үлес қосып отырған аймақтар баршылық. Мәселен, деректерге қарағанда шілде айында Солтүстік Қазақстан облысы полициясы осындай 724 қарудың көзін жойды.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ