Қазақстанда баспананың өзі жеке мәселе, ал оны салуды айтпай-ақ қойыңыз. Үлескерлік құрылыс үмітсіздердің ордасына ұқсап барады. Қазақстанда үй аламын деген ниетпен алдын ала қаржы салып, соңында сан соғып қалған үлескерлер көбейіп жатыр. 10 жылдан аса қаңырап тұрған сол үйлерді бітіру үшін мемлекеттік бюджеттен 2017 жылы 450 млрд теңге бөлінген екен. Бұл ақша көлемі одан бері артқаны айдан анық. Бірақ оңала қалған жағдайды көрмей тұрмыз.
Елордадағы үлескерлер өзгеге сабақ болмады
2007-2008 жылғы дағдарыстан кейін Қазақстанда баспана құрылысына жан бітті. Сол кезден бастап 2014 жылға дейін елордада үлескерлік құрылыс арқылы салынатын баспаналар қаптап кетті. «Жайлау», «Рим кварталы», «АйсанамДеЛюкс», «21 ғасырдың Арман қаласы», «Жастар» секілді тамаша үйлер пайда болуы керек еді. Осындай сәнді де жайлы үйлер салынады деген сан түрлі жарнамаға сеніп, қаншама адам жиған-терген ақшасын үлескер ретінде құйды. Арада 12 жылдан астам уақыт өтіпті, ақша да, үй де жоқ. 2017 жылдың сәуіріндегі ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан бойынша салынбай қалған 121 үлескерлік нысан болған. Соның шамамен 80 пайызы – елордадағы тұрғын үйлер. Бұл мәселе талай рет айтылды. Бірақ үйден үмітті жандар әлі де алданып келеді, сабақ алғандардың қарасы аз сияқты. Енді Ақтауда үлескерлер алданып қалғанын айтып, наразылыққа шығып жатыр. Тұрғындар құрылысқа миллиондап ақша салған, алайда үй бірнеше жыл бойы пайдалануға берілмеген екен. Ашуға булыққан олар құрылыс салушыларды жазалауды сұрап отыр. Одан бөлек мұнда бір пәтерді бірнеше клиентке сатқаны анықталған. «Гаухар ТАС» тұрғын үй кешенінің орнына үлескерлер бірнеше жыл бойы сырты қоршалған төртқабатты ғимарат тұрғанын, алайда сол күйі қолдануға берілмегенін жеткізген. Құрылыс салушы нысанды өткен жылы өткізуге уәде беріпті. Үлескерлер компания бірде пандемияны, бірде блок жоқтығын себеп етіп, сол күйі үнсіз қалған. Ал шенеуніктер баяғыша құжаттарды жөнді тексермеген тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Ақтау қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлының айтуынша, құзырлы органдар компанияны бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. – Құжаттар сотқа жіберілді. Бұл заңнамамен қарастырылатын максималды шара. Полиция құрылыс салушыға «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Қазір компания басшысы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр. Сондықтан қоныс аудару немесе ақшаны қайтару мәселесі әлі де өзекті, – дейді ол. Жоғарыда айтып өткен 300-ге жуық үлескерді алдаған құрылыс компаниясының аты – «Тастемір - ЛТД». Бір қызығы, компания басшысының есімі аталмай отыр. Соған қарағанда алданған үлескерлердің шенеуніктерді компания басшысымен сыбайлас деп кінәлар жөні бар сынды.Алдау – өзгермейтін әдіс
2010 жылы үлескерлер алдана берген соң құрылыс компаниялары лицензия алуға міндеттеліп, үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынған еді. Дегенмен түрлі схеманы тәсіл еткен алаяқтар заңды айналып өтіп, алдау әдісі жаңа сипатта өрби бастады. Яғни, бұрынғы үлескерлер – инвесторға айналып шыға келді, олармен әрекет бірлескен қызмет ретінде саналады. Оның зардабын енді бүгін қайта тартып отырмыз. Сол баяғы үлескер – бүгінгі инвестор, ақшасынан қағылады. Ал 2016 жылы бастап арақатынасқа бірыңғай оператор ретінде мемлекеттің өзі араласа бастады. Құрылыс компанияларынан үйдің қаңқасын тұрғызып алмай үлескерлерден қаржы тартуға тыйым салынды, қаржы айналымы екінші деңгейлі банктер арқылы жүруі тиіс болды, үлескерлік келісімшартын жергілікті атқарушы органда есепке қою және құрылыстың әр кезеңіне жергілікті әкімдікке есеп беру міндеттелді. Осының арқасында бұл саладағы қарым-қатынас заң аясында реттеліп келе жатқандай көрінген. Сонда да құрылыс салушылар соңғы өзгерістердің осал тұстарын тіміскілеп іздеуін қояр емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс жүргізіп жатқан 28 компания әкімдіктен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алмаса да, өз нысандарын жарнамалауға көшіп үлгерген. Бұл «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу» заңының 23-бабына қайшы. Бұған дейінгі жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, мемлекет қанша тырысса да, ең бірінші кезекте сақтық үлескерлердің өз еншісінде екенін меңзейді. Үлескерлерді алдаймын деп жүріп ұсталған алпауыт алаяқтар да аз емес. Мәселен, 2014 жылы «Әл-Баракат» құрылыс компаниясы елордада «Жайлау» тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап, соңында үлескерлерді баспанасыз қалдырды. Компания директоры болған Бақытжан Тойымбетов 8 жылға сотталып тынған. 2015 жылы «Азбука жилья» компаниясының құрылтайшысы Ерқанат Тайжанов сол уақыттарда салынып жатқан «Жеті-Жол», «Гарант», «Комсомольский», «Садовые кварталы», «Экспо Сити», Expo Town, «Айсанам De Luxe», «Комфорт De Luxe», «Династия» сынды тұрғын үй кешендерінің 3 мыңнан астам үлескерінің жиналып тұрған 14 миллиард теңгеден астам ақшасын алып, Аустрияға қашып кеткенін білеміз. Оның 10 сыбайласы 2016 жылы бас бостандығынан айырылып, қамалды. Әлгі айтқан 2017 жылы мемлекет қорынан 450 млрд теңге бөлінген кезде, соның алдында ғана мемлекет үлескерлер қамы үшін Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын құрды. Көп ұзамай жымқырылған қаржы әділ иесіне өте ме деген дәме болған. Десек те, құрылыс компаниялары алдауын, алданған үлескерлер алаяқтарды «қолдауын» тияр емес. Демек, үлескерлер мәселесі еліміз үшін әлі де бас ауыртар дүние болып қала бермек.Мадияр ТӨЛЕУ