Исламхан да тұтылды
Исламхан да тұтылды
145
оқылды

Қазақстан ұлттық құрама­сының капитаны, «Әл-Айн» ко­мандасының ойыншысы Бауыржан Исламханның Азия чемпиондар лигасы ая­сын­да өткен «Әл-Садд» – «Әл-Айн» матчынан кейін тап­сырған сынамасынан до­пинг табыл­ды. Осыған бай­ланысты Азия футбол кон­федерациясы (AFC) Ба­уыр­жанды ресми ойын­нан шет­тетті.

Қос команда арасындағы матч 18 қыркүйекте өткен болатын. Атал­ған кездесуде Исламхан алаң­да 68 минут ойнады. Ал фут­болшының командасы бұл жа­рысқа ойынға бір апта уақыт қал­ған кезде келді. Сол аралықта ойыншыларға клуб аумағынан сыртқа шығуға рұқсат берілмеген. Яғни, тыйым салынған препарат қа­зақстандық жартылай қорғау­шының ағзасына  Катарда жүрген уақытта түсуі мүмкін екені ай­тыл­уда. Хаттамаға сәйкес, AFC фут­болшы қанындағы кү­мән­ді элементтің пайда болу себебін түсіндірмейінше, ойын­шыға лига деңгейінде уақыт­ша дисквалификация тағайын­дауға құқылы. Табылған пре­парат­қа то­лық сараптама жүр­гізу үшін екінші рет сынама жүр­гізіліп, ресми аккредиттелген зерт­ханаларға жіберіледі. Тек со­дан кейін айыппұл көлемін, дис­квалификация уақытын белгі­леу жұмыстарымен құзыретті ко­ми­тет айналысады. Таяуда Alittihad.ae басылымы «Әл-Айн» командасының ойын­шысы Бауыржан Исламханды оң допинг-сынамадан кейін Азия футбол конфедерациясының ойыннан шеттету туралы шешім­і­не түсініктеме берді. – Исламхан уақытша рес­ми ойындардан шеттетілді. Футбол­шының алаңға оралатын уақыты белгісіз. Жаза мерзімі алты ай,  кей­бір жағдайда одан да көп бол­уы мүмкін, – деп жазды спорттық ба­­сылым. Ал спорт сарапшысы Айдын Қожахмет мұндай жағдай қазақ футболының тарихында бірінші рет болып отырғанын айтады. – Қателеспесем, Бауыржан – Қа­зақстан тарихындағы до­пингпен ұсталған алғашқы фут­болшы. Бұған дейін допинг сы­намасы футболшыларымыздан табылмаған. Бірақ Бауыржан до­пинг қабылдады деп айту әлі ерте секілді. Істің ақ-қарасын ма­мандар анықтап жатыр. Біз сынамада футболшының қанынан қандай элемент табылғанынан хабарсызбыз. Ол допинг па, жоқ допингтің ізін жоғалтатын элемент пе, білмейміз. Яғни, ештеңе толық дәлелденген жоқ. Естуімше, Бауыржанның агенті мықты заңгерлерді шақыртқан. Қазір олар бұл іспен айналысып жатыр. Әзірге футболшы ешқан­дай ойындарға қатыса алмайды. Бірақ дисциплиналық жауапқа тарту қабылданбады. Істің анық-қанығын желтоқсан айының ба­сында білетін боламыз. Қа­нын­да табылған препараттың күш­тілігіне байланысты футболшыға жаза қолданылады. Егер допинг еме­сі анықталып, допингтің ізін жо­ғалтатын элемент болса жа­заның түрі де жеңілдетіледі, – дей­ді ол. Жалпы, Қазақстан спорты­ның тарихында допингпен ұстал­ған спортшылар баршылық. Әсір­есе бізге Илья Ильин мен Ви­нокуровтың даулы мәселесі жақсы таныс. Қос спортшының допинг сынамасын нағыз до­пинг деп айтуға болады. ВАДА қа­зақстандық зілтеміршінің ты­йым салынған препаратты әдейі қабылдағанын анықтады. Ал Ви­нокуровтың жарыс алдында қан алмастырғаны белгілі болды. Анықтап айтар болсақ, көп спорт­шылар нағыз бабына келген уақытында өзінен қан алып, оны мұздатқышта сақтайды. Жарыс ал­дында сол қанды өзіне кері сал­дыртады. Сол кезде спорт­шы­ның күші көбейеді-мыс. Қа­зақ­стандық велоспортшының мұн­дай қадамға бейсаналы түр­де барғаны дәлелденіп, жаза қол­данылды. «Спартак Москваның» фут­болшысы Егор Титовтың да бір кездері допингпен ұстал­ғанын айта кеткен жөн. Оның қанынан бромонтан деген пре­парат табылған. Тиісінше, оған берілген жаза түрі де ауыр болды. Негізі, бұл дәрінің түрін спортшыларға қолдануға қатаң түрде тыйым салынған. Еуропада бромонтанды спортшылардың қабылдамағанына 30 жылдай уақыт болыпты. Егер қазақ фут­болшысының қанынан осы тект­ес препарат табылатын болса, онда спортшының спорттық ман­сабына ауыр соққы болары сөзсіз. Күні кеше Қазақстан фут­бол федерациясының бас хат­шы­сы Азамат Айтқожин футбол­шы Бауыржан Исламханмен до­пинг дауы жайлы сөйлес­кенін әлеуметтік желідегі парақ­ша­сында жазды. – Ұлттық құраманың капи­таны Бауыржан Исламханмен телефон арқылы сөйлестік. Ол клуб дәрігерінің барлық нұс­қаулығын бұлжытпай орын­дағанын түсіндірді. Сондай-ақ Бауыржан кез келген тексерістен өтіп, қажет деген анализдерді тапсыруға дайын екенін айтты. Қазақстан футбол федерациясы клубқа жағдайды түсіндіруін сұрап ресми хат жіберді. Барлығы футболшының пайдасына ше­шіледі деп сенеміз. Федерация өз кезегінде Исламханға қолдау көрсетеді және кез келген жағ­дайда көмек қолын созуға әзір, – деді ҚФФ бас хатшысы. «Әл-Айн» футбол клубының бас жаттықтырушысы Педро Эммануэль де командада ойнай­тын футболшысының уақытша ойындардан шеттету жайында түсініктеме беріп, бұл заңды мәселе екенін, бірақ команда Ис­ламханды қолдайтынын айт­қан. Қазақстан футбол фе­дерациясының Ұлттық құрама­лар департаментінің директоры Қайрат Нұрдәулетов те бұл жағ­дайға қатысты ойымен бөлісіп, спортшыға қолдау білдірді. Әрі қарай қандай шешім қабылданары әзірге белгісіз. Өйт­кені әлі екінші сынама қо­рытындысы нақтыланып, то­лық шешім шықпады. Допинг сынамасынан сүрінген ұлттық құрама капитанына қатысты әділ шешім шығарылып, қазақ­стандық футболшының тезірек алаңға оралуына тілекшіміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ