Қазақстанға сән әлемі бүгін келген жоқ, бұл бизнес қарқынды дамып жатыр. Шетелдік деңгейге жетудің де ауылы алыс емес көрінеді. Әрине, жастардың да бұл кәсіпке қызығушылығы бары анық. Алайда ересектер арасында, жалпы халық ішінде әдемілікке еліктеу байқалады. Оған дәлел – түрлі халықаралық деңгейдегі сән көрсетілімдері мен кастингтерге жиналатын қыз-жігіттердің саны. Оған қоса, кейбір ата-ана балаларын осы жолға бағыттап, сән агенттіктеріне өздері әкелуде.
«Әрине, сән әлемінде жұмыс істеймін деген әр жанға қойылатын бірқатар талаптары бар. Бірақ ол қатып қалған дүние емес. Бастысы бойдан бөлек, дене бітімі де, күтімі де жақсы болуы тиіс», – дейді Robert_models сән агенттігінің менеджері Жанель Қайранбекова.
– Ең әуелі адамның қалай көрінуіне байланысты. Мәселен, бірі жас болса да, үлкен көрінсе, енді бірі жасы келсе де, жас көрінуі мүмкін. Біз 14 жастан 30 жасқа дейінгі қыз-жігіттерді қабылдаймыз. Арасында 32 мен 35 жастағы моделіміз бар. Кейбірінің 2-3 баласы да бар. Оның үстіне, соңғы кезде жасы үлкен әрі тәжірибелі модельдерге сұраныс ұлғайған, – деді Andres сән агенттігінің директоры Евгений Коновалов.
Оның айтуынша, әуелі модель талапқа сай қалпын сақтаса болғаны. Ал оның не жеп, не ішетінін қадағаламайды. Бірақ дұрыс тамақтанып, фитнеспен айналысуына кеңес беруде.
[caption id="attachment_88152" align="alignnone" width="823"] Robert_models[/caption]
Сонымен қатар кез келген модель қалаған уақытында бұл саладағы жұмысын тоқтата алады. Ең қызығы, кейбір агенттік өз моделіне жасанды кірпік, тырнақ жасатып, қасы-көзін тартқызғанына тыйым салады екен.
– Бізде модельдерге әртүрлі төленеді. Ең алдымен тапсырыс беруші қандай модель таңдайды, оның қайсысы тұсаукесерді ашады, қайсысы жабады, арасында тағы шыға ма, соған байланысты төленеді, – дейді Queen model agency сән агенттігінің директоры Меруерт Нұрмағамбетова.
Осы салада 20 жыл бойы жұмыс істеген Models Production-ның иесі Ирина Байжанова балаларға брендті жарнамалау бойынша бір-екі ғана ірі жоба болғанын айтты. Осыған ұқсас жағдай «Тутси» балалар модельдеу агенттігінде де кездеседі: баланың билборд пен видеоға түсуіне 1000 доллар төлеген екен.
Марат Қойшыбаев деген жігіт модель болып жұмыс істейді. Бірақ бұл – оның қосымша табыс көзі. Негізі, өзі асаба екен. Бәрі келісімге байланысты шешіледі.
– Бұл салада жүргеніме бір жылдай болып қалды. Кейде таныстарымыз дүкен ашып жатады. Сондайда киімдерін тегін де жарнамалайтын кездер болады. Кейде 3-4 сағаттық түсірілімге 10-15 мың төленіп жатады, – дейді Марат Қойшыбаев.
Ал шетелдік агенттіктерде жұмыс істеп, елге танылған белгілі қазақстандық модель Баян Бөкішева бұл саланың өз қиындықтарын айтты. «Біздің әр күніміз 10 кастингтік мекенжайдан тұрады және қаланың түкпір-түкпірін шарлап шығасың. Сондай кездерде келген қаладағы қоғамдық көліктің жүру жүйесін түсіне отырып, өзіміздің автобусымызды жібермеуге тырысамыз. Арасында далада қалып, 30 шақырымдай жерді жаяулатып, тау-тасты аралайтын да кездер болады», - деді ол.