Ақтөбе облысында Атжақсы өзенінде балықтар қырылып қалды. Мұндай оқиға елімізде алғаш рет кездесіп отырған жоқ. Бұл жолы қандай сылтау айтамыз?
Балық Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылынан 42 шақырым жерде қырылған. Бұл – Атжақсы өзенінің Жемге құятын тұсы. 4 қараша күні оқиға орнына Ақтөбе облыстық Экология департаменті мен облыстық Орман, аңшылық басқармасының өкілдері келіп судан сынама алған. Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықовтың сөзінше, балықтың неден қырылғанын анықтау үшін кем дегенде бес тәулік қажет. Табиғатқа келген шығын мөлшері де сол кезде белгілі болмақ. Ал экологтар «Өзенге Жаңажол мұнай кенішінен өндіріс қалдығы төгілмеген» деп қорытынды шықпай жатып, «Биылғы қуаңшылықтан өзеннің табанында қалған су борсып, құрамында аммиак көбейіп кеткен. Өзен суында кислород аз. Балық содан қырылған болуы мүмкін» деп болжамдарын жасап та қойды.
Бізде мұнай, газ, мыс, көмір сияқты жер асты кенін өндіру бар, ал судағы байлықты пайдамызға асыра алмай отырмыз. Көрші өзбек елі өзен-көл ресурсы аз болса да, бізден 30 есе артық өнім алып отыр. Олар қолдан жасалған көлде 75 мың тонна балық өсірген. Өзбектер тонналап жасанды көлде балық өсірсе, бізде тонналап балық қырылуда. Балық оларда пайда көзі болса, бізде – шығын. Бұны не деуге болады? Салғырттық па, немқұрайлылық па?
Мысалы, өткен жылдың 3 желтоқсанында «Атырау Су Арнасы» КМК құбырынан Жайық өзеніне химиялық заттарды төгу нәтижесінде Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері қаладағы 1-учаске ауданы маңында балықтың жаппай қырылу фактісін тіркеді. Экология департаментінің мамандары сол жерден су сынамасын алып, онда хлорид мөлшері рұқсат етілген шамадан 1,5-2 есе артық екенін көрсеткен. Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты «Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу» және «Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғаған. Қылмыстық іс бойынша «Атырау Су арнасы» коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту стансасының бастығы Михаил Чурсинге айып тағылған. Осылайша, «Атырау Су Арнасы» КМК мемлекетке 13 миллион 924 мың 12 теңге 5 тиын көлемінде залал келтірді. Балығын өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отырған «Луговой жылқы зауыты» ЖШС 1 миллиард 488 миллион 79 мың 285 теңге, «Орал-Атырау бекіре балық зауыты» РМҚК 429 миллион 438 мың 540 теңге зиян шектік деп отыр. Бұл оқиғаға нақты нүкте әлі қойылған жоқ, өйткені сот әлі жүріп жатыр. Нақтылап айтсақ, Жайық өзенінен 119 тоннаға жуық балық қырылған болатын. Оның 110 тоннасы – Луговой бекіре балықтарын өсіретін зауытқа тиесілі. Ресми статистикаға сәйкес, елімізде жылына 45 мың тонна ғана балық ауланса, қанша пайдадан айырылғанымызды бағамдай беріңіз.
Қысты күндері балық қырылса, мұз қалың болды, ауа жетпей тұншықты десек, жаздыгүні қуаншылыққа сілтей саламыз. Негізі бізде нақты балық шаруашылығына деген ынта жоқ.
Иә, бізге балық шаруашылығын қолға алып, оны экономиканы арттыратын, жұмыс орындарын ашатын тетік ретінде қолға алатын кез келді. 2018 жылы бір топ Сенат депутаты қол қойып, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады. Онда «Біздің еліміз балық шаруашылығы су қорына бай, Каспий теңізін қоспағанның өзінде су тоғандарының жалпы ауданы 5 миллион гектар шамасында. Бұл жерлерде балық өсіру мен балық аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдай бар. Кеңес Одағы тұсында республикада арнайы балық шаруашылығы министрлігі құрылып, жүйелі мемлекеттік саясат қалыптасқан болатын. Осының нәтижесінде барлық облыста балық зауыттары мен комбинаттары, өндірістік бірлестіктері жұмыс істейді. Балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі кей жылдары 111 мың тоннадан асты. Мыңдаған адам осы салада тұрақты жұмыспен қамтылып, табысты еңбек етті. Бірақ қазіргі уақытта балық шаруашылығының мүмкіндігі толық пайдаланылмауда. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап экономиканың жетекші саласы болған балық шаруашылығы жете көңіл бөлінбеуінен құлдырауға ұшырады және осы жағдайдан әлі де шыға алмауда. Балық аулау көлемі күрт төмендеген...» деп, балық шаруашылығы министрлігін қайта құру туралы мәселені қозғаған болатын. Айта кету керек, алғашында балық шаруашылығын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған Бағдарламасы саланың қалыптасуына белгілі бір деңгейде қозғау салғанымен, ол жалғасын таппай қалған. 2007-2015 жылдарға жоспарланған балық шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы да толық іске аспай, Үкімет қаулысымен мерзімінен бұрын күшін жойды. Осы салаға жауапты мемлекеттік орган ретінде 2003 жылы құрылған Балық шаруашылығы комитеті бірнеше рет бір министрліктен екінші министрлікке ауыстырылды, қайта-қайта құрылымдық өзгерістерге ұшырады, нәтижесінде мүлдем таратылып жіберілді. «Тәжірибелі, білімді мамандар корпусы жоғалды. Балық саласы қазіргі уақытта Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрамына бір басқарма есебінде кірістірілген. Онда бес-алты ғана маман жұмыс істейді. Осы салаға керек мамандарды дайындайтын мамандандырылған арнаулы оқу орындары жабылып қалды. Осының себебінен өзіндік ерекшелігі көп балық саласына қажет мамандар жетіспейді» деп депутаттар анығын да жазды. Бірақ жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Түйін.
Егер балық шаруашылығы дамыса, бүгінгідей балықтың жаппай қырылуы болмас еді. Өйткені ол уақытта өзен-көлдерді тазалау жұмыстары жүргізіліп, қоқыс пен артық балдырдан арылар еді. Сонымен қатар балықтан пайда тапқан кәсіпкер қыста мұзды ойып, керекті мөлшерде ауа жіберетін шұңқыр ойып, өз табысын табар еді. Ал қазіргідей өндірістік қалдығын өзенге ағызатын мекекемелер тартынар еді. Әйтпесе, енді қай жерде балық қырылады деп отырғаның...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ