Ұрлықтың кез келген түрі жаман. Егер оны елге адал қызмет етуге ант берген шенеунік жасаса, жауапкершілігі тіптен ауырлай түспек. Осыған орай, өзгенің еңбегіне «жиендік» жасап, рұқсатсыз иемденіп алды деген күдікке іліккен Білім және ғылым вица-министрі лауазымынан босатылатын болды.
Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың қызметінен кететіні жөнінде бірінші болып, білім және ғылым министрінің кеңесшісі хабарлады:
«Білім және ғылым вице-министрі Ф.Жақыпованы қызметінен босату мәселесі бойынша хабарлаймыз: қазіргі уақытта осы лауазымды тұлға басқа жұмысына ауысуына байланысты Қазақстан заңнамасына сәйкес, атқарып отырған қызметінен босату бойынша келісу рәсімі жүргізілуде», – деп жазды Facebook-тегі парақшасында Ерболат Мұхамеджан.
Осының алдында, бейсенбі күнгі палатаның жалпы отырысында сенаторлар «жоғары білім жүйесін және ғылыми қауымдастықты масқарадан құтқару үшін» вице-министрді жұмыстан қууды талап еткен болатын. Депутаттық сауалды жария еткен сенатор Еділ Мамытбеков мұны «плагиат-жанжал» деп бағалады.
– Кездейсоқ адамдардың келуі кесірінен ғылым ескі созылмалы дертінен арыла алмауда: қаржыландыру еш жерде және ешқашан өндіріске ендірілмейтін ғылыми жұмыстарға тиюде. Ал нағыз құнды жұмыстарды Ұлттық ғылыми кеңестің бюро-кратиясы не елеусіз қалдырады, немесе көзбояушылық үшін мардымсыз қаржы бөледі: онысы жобаны сапалы аяқтап, ендіруге жетпейді. Енді бұл саланың тізгіні қоғамды алдаған адамның уысына түсіп отыр. Бүкіл ғылыми қауымдастық, дәп бір театрға жиналғандай, таңғалтар қойылымды тамашалауға мәжбүр. Жоғары мектепте қалыптасқан ұстындарды тегіс бұзған вице-министр ештеңе болмаған кейіппен өз лауазымын ары қарай атқаруда, – деген сенатор оған қатысты күні бүгінге дейін кадрлық шешім қабылданбағанына көңілтолмастық білдірді және ірі лауазымды шенеунікті қызметінен алып тастауды талап етті.
Депутаттық сауалға Сенат депутаттары Дәурен Әділбеков, Михаил Бортник, Мұратбай Жолдасбаев, Манап Көбенов, Әлімжан Құртаев, Ерік Сұлтанов, Динар Нүкетаева да қол қойған.
Жалпы, бір айдан астам уақыттан бері ақпарат құралдарында Білім және ғылым вице-министрінің плагиаты туралы мәселе талқылануда. Биылғы тамыз айында Білім және ғылым министрлігінің Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алулар департаментінің директоры Анар Қайырбекова БҒМ басшысының орынбасары Фатима Жақыпованың «өз докторлық диссертациясын өзгеден көшіріп алғанын және 40 пайыздайы ғана төл жұмысы екенін» айтты.
Ф.Жақыпова мұны мойындамай, ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау туралы сотқа талап-арыз берген. Бұған қоса, 17 қыркүйекте қазақстандық Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы тексеру жүргізе келе, вице-министрдің «Постиндустриалдық даму жағдайындағы қаржылық конвергенцияның концептуалдық негіздері» атты диссертациясының өзге ғылыми еңбектермен сәйкестігі табылмағанын мәлімдеді.
Алайда қазан айында ресейлік Антиплагиат компаниясының атқарушы директоры Юрий Чехович «Ф.Жақыпованың диссертациясының 52%-ы плагиат болып шыққанын» хабарлады.
– Біздің мамандар Фатима Жақыпованың диссертациясының мәтініне мұқият талдау жүргізді және оның кем дегенде 52%-ы Ресей мемлекеттік кітапханасының диссертациялар коллекциясындағы диссертациялар мен мақалалар мәтіндерінің көшірмесі болып табылатынын растады, – деді Антиплагиат жетекшісі.
Фатима Жақыпова Білім және ғылым министрінің орынбасары лауазымына 2019 жылғы сәуір айында ғана тағайындалған болатын. Ол өзіне қатысты пікірталастарды әлдебір тұлғалардың «медиашантажы» деп атады.
Елдос СЕНБАЙ