Бұл індет дәрігердің қоғамдағы орнын анықтап берді
Бұл індет дәрігердің қоғамдағы орнын анықтап берді
283
оқылды

Медицинадағы ең күрделі саланың бірі – нейрохирургия. Еліміздегі Ұлттық хирургия орталығының құрылғанына да 12 жылдай болды. Осы жылдар ішінде орталық қаншама жанның өміріне араша болып, аман алып қалды. Жылына орта есеппен кем дегенде 700-800 ота жасалады. Бұл – білікті дәрігерлердің күн-түн демей еңбек етуінің арқасы. Бүгінге дейін орталықтан 49 мың науқас ем қабылдап, 39 мыңға жуық ота жасалған екен. Бұл туралы нейрохирург, профессор, Қа­зақстанның Еңбек Ері Серік Қуандықұлы әңгімелеп берді.

– Қазақстан медицинасының ең үздік жетістігі қандай? – Жалпы, кез келген мемлекет ме­дицинасының алдында шешімін талап ететін көптеген мәселелер бар, оның ішінде халыққа қолжетімді сапалы медицина қызметін қамта­масыз ету, жаңа салалар мен техно­­­логияларды енгізу, кадрлар дайындау және тағы да басқалар. Жаңа салалар тарапынан қарастыратын болсақ, Қазақстанда Елбасының «Бола­­­шақтың госпиталі» идеясының ая­­сында дамуы қолға алынған нейро­­­хирургия, кардиохирургия деген сияқ­ты медицина бағыттарының айтарлықтай жетістіктері көп. Нейрохирургия – медицинаның ең күрделі салаларының бірі, себебі ол адамның орталық жүйке жүйесінің, жұлынның және перифериялық жүйке жүйесінің, қан тамырларының патологияларын айқындаумен және емдеумен айналысады. Яғни, бұл дәрігерден жоғары біліктілікті, нақ­­тылықты, жауапкершілікті талап ете­ді. Нейрохирургтің ота жасау кезіндегі әрбір қимылы, бір артық не кем жасалған әрекеті науқастың кейін толыққанды қимылдауына, жүріс-тұрысына, ойлау не сөйлеу қызметіне әсерін тигізуі мүмкін. Кейбір күрделі жағдайларда жалпы адам өмірінің өзі нейрохирургтің қолында болатынын айтудың да қажеті жоқ шығар. Оған қоса, нейро­­хирургия үлкен қаражатты, жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды қажет етеді. Сондықтан нейро­хи­рургияның дамуы мемлекет дамуы­ның бір көрінісі десе де болады. Ұлттық нейрохирургия орталы­­ғының құрылғанына биыл 12 жыл болды. Осы уақыт ішінде Қазақстан нейрохирургиясы дүниежүзілік ней­ро­хирургиялық қоғаммен терезесін теңестіре білді. Елімізде бұрын жа­салмаған 68 жаңа технология енгі­зілді, микронейрохирургия, эндова­скулярлық, эндоскопиялық, тамыр­лы нейрохирургия деген сияқты ба­ғыт­тар ашылды. Халықаралық дең­гейдегі ауқымды іс-шаралар өт­кі­зіліп, Қазақстан Орталық Азия аумағы үшін нейрохирургиялық білім беру алаңы­на айналды. Мемлекеттік және ха­лық­аралық деңгейдегі аккре­­­дита­циялардан өттік, медицина қызме­тінің сапасы, ғылыми жетістіктер үшін марапаттарға ие болдық. Мұның бәрі нейрохирургия саласының ғана емес, Қазақстан медицинасының да дамуын көрсетеді. – Пандемия медицина саласына да кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Қан­шама дәрігер дерттен көз жұмды. Дә­рігерлерді даярлау ісін жолға қою керек секілді. Қазір қоғамда қандай маман­дарға сұраныс жоғары? –Әрине, бұл індеттен көптеген адамның, соның ішінде дәрігерлердің де көз жұмғаны рас. Бұл барша әлем үшін үлкен сынақ болып отыр. Бірақ мамандықтарды бөліп-жарудың өзі қиын, себебі әр дәрігердің, әр маман­дықтың медицина жүйесінде өз орны бар. Бір саладағы өзгерістер, кемші­ліктер мен қиындықтар басқа сала­ларға да әсер етпей қоймайды. Мыса­лы, індет кезіндегі карантин шара­лары медицина орталық­тарындағы стационарлық науқастардың санына қатты ықпал етті. Бұл тек біздің орта­лықта ғана болған жағдай емес, Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының деректеріне сәйкес індет ке­з­інде кез келген мемлекеттің күші инфекциялық ауруларды азайту мен эпидемиялық жағдайды реттеуге жұмсалады да, басқа медицина са­лалары үшін қызмет көрсету қиындай түседі. Медицина орталықтары қызмет түрлерін қысқартуға, нау­қастарды қабылдауды кейінге қал­тыруға, тек шұғыл емді қажет ете­тіндерді ғана қабылдауға мәжбүр болады. Сол себепті ең бастысы, дәрі­гер­леріміздің біліктілігін арттыру керек. Бұл індет қоғамдағы дәрігердің орнын ерекше айқындап, білікті дәрі­гер­лердің қажеттілігін баса көрсетіп бер­­ді. Дәрігерлерді даярлауға өте жақсы көңіл бөлу керек. Білікті ма­мандарды даярлау, олардың білімін шыңдау – бұл үздіксіз жүйелі түрде жүргізіліп отыратын жұмыс. Әлем күн сайын өзгеріп дамиды, бүгінгі жоғары технологиялар ертең қара­пайым күнделікті әдіс болып қалуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер білі­мін шыңдап, жаңа технологияларды игеруі тиіс. Және біз дәрігерлерді осы дайындықпен қамтамасыз етуіміз қажет. Біздің орталықта қазір біз, мысал үшін, мамандарды топпен оқу­ға жіберуді қолға алып отырмыз, яғни нейрохирург-дәрігерлер, мейіргерлер мен анестезиологтарды бірге жібе­реміз. Бұл топтың жұмысынан ба­рынша жоғары нәтиже мен сапаны көруге мүмкіндік береді. – Соңғы кездері жүйке жүйесінің әртүрлі аурулары бар балалардың саны артып келеді. Оларға қандай кешенді ем қолданылады? – Шынын айту керек, жүйке жүйесінің аурулары бар балалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл аурулармен әртүрлі дәрігер-ма­­мандар айналысады. Оның ішінде біздің орталыққа эпилепсиямен, құ­­­рысумен жүгінетіндердің саны өте көп. Жалпы, эпилепсияның этиоло­гиясы ауқымды, яғни пайда болу себептері өте көп. Бұл, біріншіден, аналардың жүктілікке дейінгі және жүктілік кезіндегі денсаулығына бай­ланысты, баланың қалыптасу ке­зінде пайда болады. Мұндай жағдайларда құрысулар бала өмірінің бірінші жы­лында көрінуі мүмкін. Немесе бала­ның кішкентай бір жасқа толмаған кезінде жиі ауруынан, вирустар мен инфекцияларға шалдығуынан ба­ланың дамуы кешеуілдеп, одан әрі ошақтардың пайда болуына алып келіп, жасөспірім кезінде ұстамалары пайда болуы мүмкін. Тағы да басқа себептер жетерлік. Этиологиясына қарай аурудың белгілері де, оларды емдеу шаралары да әртүрлі болады. Ең алдымен, балаларды дәрілік жолмен емдейді. Ұстамалар мен құрысуларды дәрілерді қолдану ар­­қылы реттеу мүмкін болатын кезеңде осы әдіс қолданылады. Егер дәрілерді қолдану көмегін бере алмаса немесе оның тиімділігі төмендесе, хирур­гиялық ем қарастырылады. Біздің орталықта эпилепсияны отамен емдеу жолдары 2011 жылдан бастап қолға алынды. Сол кезден бері орталықта 250-ден астам ота жасал­ған, соның 70%-дан астамы балаларға жасалды. Әрине, ота жасамас бұрын, науқас көптеген тексеруден, диагнос­тикадан, хирургияға дейінгі дайын­дық кезеңдерінен өтеді. Егер барлық көрсеткіш қалпында болса, хирур­­гиялық әдіс таңдалады. Хирургияның да бірнеше жолын таңдауға болады: резекция жолы бар, гемисферэктомия, кезбе жүйкені стимуляциялау жол­дары бар. Ол эпилепсияның пайда болу себебіне, түріне және тағы да басқа себептерге байланысты өзгеруі мүмкін. Отадан кейін балаларды одан әрі бақылау, дәрілік жолмен емдеу жалғасады. Және нәтижелер жақсы, оталардан кейін науқастардың ұста­малары мен құрысулары тоқтайды. Біз бірнеше жыл бұрын ота жасаған науқастардың кейбіреулері тіпті дәрі­лерді қолдануын тоқтатып, толығы­мен аурудан айығып шыққан. Әрине, бұл аурудың этиологиясына, хирур­гиялық ем тактикасына байланысты болады, бірақ қазіргі кезде елімізде эпилепсияны емдеудің деңгейі жо­ғары. – Ми ісігі алдыңғы қатарда тұр. Оның алдын алу үшін не істеу керек? – Ми ісігіне шалдығудың көрсет­кіштері жалпы әлем бойынша жоғары екені рас. Біздің орталықтағы орта­лық жүйке жүйесінің патоло­гиясы бөлімшесінде жылына орта есеппен ми ісігіне қатысты 700-800 ота жа­салады. Жалпы, ісік көбіне асқынған кезеңінде ғана айқын байқала бас­тайды. Сол себепті қазір онколо­гиялық скринингтер бар. Ол онколо­гиялық ауруларды бастапқы кезең­дерінде анықтауға мүмкіндік береді. Онкологияның алдын алу үшін, ең бастысы, салауатты өмір салтын ұстану керек, уақытылы дәрігерлерге қаралып, скринингтерден өту қажет. Емханалардағы жалпы дәрігерлердің онкологиялық ауруларды анықтау­дағы қырағылығын арттыру өте маңызды. – Ұлттық нейрохирургия орта­­­лығында мамандар жеткілікті ме? – Жалпы, біз клиникалық тәжі­рибені, ғылым мен білімді интегра­циялау қағидасын ұстанамыз. Бұл үшеуін біріктіру орталық алдында тұр­ған басты міндеттерді заманауи дәрежеде және барынша тиімді түрде орындауға, яғни науқастарға сапалы, жоғары технологиялық, уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ұлттық нейрохирургия орталығында қазір 90 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде 3 медицина ғылымдарының докторы, 17 медицина ғылымда­­ры­­­ның кандидаты, 7 PhD докторы бар. Оған қоса, орталықта білім беру және ғылым бөлімдері, 2019 жылдан бастап Нейрохирургия және неврология кафедрасы жұмыс істейді, «Қазақстан нейрохирургиясы және невроло­­гиясы» ғылыми журналы шығары­лады. Біз білікті мамандарды даярлауға, олардың білімін шыңдауға көп көңіл бөлеміз. Нейрохирургия және невро­логия мамандықтары бойынша резидентура бағдарламасымен ма­ман­дарды оқытамыз. Қазіргі таңда 47 резидент оқуын тәмамдап, 28-і оқуын жалғастыруда. Болашақта магистра­тура мен докторантура ашуды жос­пар­лап отырмыз. Қазіргі кезде санға емес, сапаға көңіл бөлу маңызды. Мамандарымыздың білімін арттыра отырып, біз қызметіміздің сапасын жоғарылатамыз. – Бұл орталықта жылына қанша ота жасалады? – Ұлттық нейрохирургия орта­лығында жүйке жүйесінің аса күрделі патологиялары бар науқастарға жылына 3 000-нан астам ота жасалады және бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. 4 000-нан астам науқас орталық мамандарынан жоғары дәрежелі нейрохирургиялық көмек алады. Жалпы, орталығымыз ашылған­нан бері 49 мыңнан астам науқас ем алып, 32 мыңнан астам ота жасалған. – Қазір ауруына ем іздеп, шетелге ағылатындар өте көп. Қазақстанның медицинасы қауқарсыз ба? Біздің елімізге шетелден келіп, ем алатындар бар ма? – Ұлттық нейрохирургия орта­лығы ашылғанға дейін нейрохирур­гиялық патологиясы бар науқас­тардың 80%-ы шетелге барып емде­луге немесе ауруының ауыртпалығына көнуіне тура келетін еді. Қазір мұндай емді, оталарды біздің орталықта алуға болады. Орталықта жасалатын емнің бәрі қазақстандықтар үшін тегін. Жоғары технологиялық ем Денсаулық сақтау министрлігі бөлетін респуб­ликалық қаражат есебінен төленеді. Шетелден әдейі келіп, біздің ор­та­­­лықта ем алатындар да бар. Көбіне бұл жақын жатқан елдер – Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстаннан келетін науқастар. Бұдан басқа Түркия, Әзербайжан, Албания, Украина, Грузия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Нигерия, Канада, Беларусь, Косова, Қытай, Ливия, Египет, Ингушетия, Қарақалпақстан және басқа да ел азаматтары, жалпы 300-ден астам шетелдік науқас біздің орталықта ем алған. Бұл жерде айта кететін маңызды жағдай, медицина шекарасыз болуы керек. Егер біз шетелдік азаматтарды емделуге шақырсақ, біздің елден де азаматтардың шетелге ем алу үшін баруы заңды құбылыс. Бұл да қарым-қатынастың бір түрі, ол біржақты бола алмайды. Біз де дамыған шетел­дік медицина орталықтарымен қа­рым-қатынас орнатамыз, серік­тес­тіктеміз, қажет болса, консуль­та­ция­лар жасаймыз. Ол да оқу, сол арқылы өсеміз. Одан қорықпау керек. Егер белгілі бір ем мен оталарды біздің елімізде алу мүмкін болмаса, шетелге шығуға болады. Мұндай жағдайларда мемлекет тарапынан қолдау бар. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанында елімізде жасалына алмайтын жағдайлар бойынша шетелге емделуге жіберуді қарастыратын арнайы комиссия да бар. Егер шетелге осы жолмен барса, сол азаматтар кейін елімізде де дә­рігерлердің бақылауында болып, емін жалғастырады. Ал егер бұл ақпараттың жеткі­­ліксіздігінен, халықтың білместігінен, отандық медицинаға сенімсіздіктен болса, бұл басқа жағдай. Қазір көпте­ген қайырымдылық қоры арқылы қаражат жинап, шетелге кететіндер көп. Бұл жерде коммер­циялық ойдың болатынын ұмытпаған жөн. Ол емнің нәтижесі қалай болатыны белгісіз, науқастардың болашақ тағдыры үшін де ешкім жауап бермейді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, халыққа отандық медицинаның мүмкіндіктері жайлы көбірек айту керек. Бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан медицина саласына қол­дау көрсету, ақпаратты тарату, ха­лыққа түсіндіру бойынша жұмыс істеу қажет. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС