Солтүстік пен шығыста үй бағасы қымбаттайды
Солтүстік пен шығыста үй бағасы қымбаттайды
180
оқылды
Тұрғын үй нарығы қызатын жаз айлары карантинмен тұспа-тұс келіп, нәтижесінде баспана саудасы жыл басынан бергі 10 айда былтырғымен салыстырғанда 7,7 пайыз кеміді. Алайда күзден бастап сауданың біржола болмаса да, біртіндеп қалпына келе бастағаны байқалады. Сұраныстың төмендеп, халықтың сатып алу қабілетінің азайғанына қарамастан, үй бағасы қымбаттамаса, арзандаған жоқ. Жыл басынан бері жаңа үй бағасы 5 пайыз өссе, қайталама нарықтағы баспана құны 11 пайыз қымбаттап кеткен. Әсіресе, қыркүйектен бері бағаның өсімі қарқын алды.

Үй өтпесе де, ешкім бағаны түсірмек емес

Статистика бюросының дерек­теріне сүйенсек, жыл басынан бері республика бойынша 246 мыңға жуық баспана сатылған. Бұл былтырғы осы уақытпен салыс­­тырғанда 7,7 пайыз төмен. Алайда кей облыстарда көрсеткіштің ке­рісінше көбейгені байқалады. Мәселен, Маңғыстау облысында 0,8 пайыз, Атырау облысында 2,9 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 3,2 пайыз, Қызылорда облысында тіпті 5,3 пайыз ұлғайған. Есесіне алты облыста сауда көлемі 10 пайыздан артық азайып кеткен. Атап айтқанда, Қостанай облысында 10,1 пайыз, Павлодар облысында 10,5 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында 10,6 пайыз, Ақтөбе облысында 12,2 пайыз, Жамбыл облысында 12,5 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 19,4 пайыз төмендеген. Одан бөлек, Ақмола облысында 6,5, Алматы облысында 6,0 пайыз, Қарағанды облысында 3,4 пайыз, Түркістан облысында 0,8 пайыз азайды. Үш мегаполистің ішінде астана­лық­тардың үй алу белсенділігі айтар­лықтай төмендеген. Елор­дадағы баспана саудасы 16,3 пайызға бір-ақ құлдырады. Алматы мен Шым­­кентте көрсеткіш тиісінше 3,4 және 2,6 пайыз азайды. Өңірлердің баспана нарығы ерекшеліктеріне көз салсақ, құ­рылыс қарқынды жүрген облыс­тарда сауда да көбейіп, үй салына қоймайтын өңірлерде сауданың тоқтағанын көруге болады. Де­генмен Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің тағы бір статис­ти­ка­сында жаңа үйлерге қарағанда қайталама нарықтағы баспана ба­ғасының айтарлықтай өскені айты­лады. Соған қарағанда жаңа үйлер­дің саудасы жақсы жүргенімен, қайталама нарықтағы үй бағасы соңғы бірер жылдағы «тым төмен» бағасын біртіндеп жаңа үйлердің құнына теңестіріп келе жатқанға ұқсайды.

Жаңа үйден гөрі қайталама нарық қызықтырақ

Жыл басынан бері жаңа үйлер 5 пайызға қымбаттады. 10 айдағы инфляцияның 7 пайыздан асқанын ескерсек, жаңа үйлер биыл қатты қымбаттады дей алмаймыз. Мә­селен, былтыр жаңа үйлердің ба­ғасы 9,3 пайыз өскен еді. Жыл сайын теңгенің құнсыздануымен жаңа үйлер ғана қымбаттап, қай­талама нарықта баға айтарлықтай өспейтін болса, пандемия кезінде «ескі» үйлердің құны 11 пайызға бір-ақ көтерілген. Оған себеп, карантинде құрылыстың тоқтағаны немесе халықтың сатып алу қа­білетінің төмендеп, қайталама нарықтағы арзан үйлерге ғана ақшаларының жеткені болуы мүмкін. Соңғы бір айдың өзінде қайталама нарық 1,5 пайыз, жаңа үйлер 0,5 пайыз өсті. үй Республика бойынша 11 пайыз өскен қайталама нарық ешбір облыста арзандамаған. Жаңа үйлер нарығы «отырды» деген Алматы қа­ласының өзінде баға был­тыр­ғыдан 1 пайыз қымбаттап үл­герді. Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де баға айтарлықтай өспеген, тиісінше 4,3 және 1,8 пайыз. Петропавл, Көк­шетау, Тараз, Түркістан, Қы­зылорда қалаларында қым­бат­шылық 10 пайызға жетпейді. Қостанай, Талдықорған, Өскемен, Орал, Семей, Ақтөбе қалаларында қайталама нарықтағы үйлер 10-20 пайыз аралығында қымбаттаса, Қарағандыда 24 пайыз, Павлодарда тіпті 35 пайыз өсіп кеткен. Яғни, жаңа үйлер көптеп салынып жатқан мегаполистер мен оңтүстік және батыс өңірлердің кей облыстарында қайталама нарықтағы баға ай­тар­лықтай өспеген. Ал құрылыс қар­қыны төмен шығыс, орталық пен солтүстік өңірлерде үйдің тап­шы­лығы бағаны шарықтатып отыр.

Сұраныс бағаны емес, баға сұранысты туындатып отыр

Халықтың төлем қабілеті тө­мендеген, сұраныс азайып, тиі­сінше сауда бәсеңдегенде үй бағасының не себепті өсіп кеткенін тапшылықпен ғана түсіндіруге болады. Әйтпесе, қанша пайыз девальвация болса да, биыл құ­рылыстың өзіндік құны, Ұлттық экономика министрлігінің мә­ліметінше, тіпті 0,4 пайыз төмендеп кеткен. Сол үшін де жаңа үйлердің бағасы айтарлықтай қымбат­тамағаны. Әдетте қайталама на­рыққа қарағанда жаңа үйлер қым­баттаушы еді. Биыл жаңа үйлер инфляциямен салыстырғанда тіпті «арзандап кетті» деуге болады. Есе­сіне қайталама нарық «ең тиімді» нарыққа айналды. Бұдан бөлек, құрылыс са­ла­сының жыл басынан бергі тоғыз айда 0,5 пайыз өсімі де баспана нарығына демеу болды. Оның дәлелі жоғарыда айтылғандай, құрылыс қарқынды жүріп жатқан қалаларда үй бағасының са­лыс­тырмалы түрде тұрақты сақ­талуы. Егер солтүстік, шығыс және ор­талықтағы қалаларда таяу жыл­дары жаңадан үй салынбайтын болса, бұл өңір республика бойын­ша үй ба­ғасы ең қымбат қалалардың біріне айналмақ.

Бауыржан МҰҚАНОВ