Тұрғын үй нарығы қызатын жаз айлары карантинмен тұспа-тұс келіп, нәтижесінде баспана саудасы жыл басынан бергі 10 айда былтырғымен салыстырғанда 7,7 пайыз кеміді. Алайда күзден бастап сауданың біржола болмаса да, біртіндеп қалпына келе бастағаны байқалады. Сұраныстың төмендеп, халықтың сатып алу қабілетінің азайғанына қарамастан, үй бағасы қымбаттамаса, арзандаған жоқ. Жыл басынан бері жаңа үй бағасы 5 пайыз өссе, қайталама нарықтағы баспана құны 11 пайыз қымбаттап кеткен. Әсіресе, қыркүйектен бері бағаның өсімі қарқын алды.
Үй өтпесе де, ешкім бағаны түсірмек емес
Статистика бюросының деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері республика бойынша 246 мыңға жуық баспана сатылған. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 7,7 пайыз төмен. Алайда кей облыстарда көрсеткіштің керісінше көбейгені байқалады. Мәселен, Маңғыстау облысында 0,8 пайыз, Атырау облысында 2,9 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 3,2 пайыз, Қызылорда облысында тіпті 5,3 пайыз ұлғайған. Есесіне алты облыста сауда көлемі 10 пайыздан артық азайып кеткен. Атап айтқанда, Қостанай облысында 10,1 пайыз, Павлодар облысында 10,5 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында 10,6 пайыз, Ақтөбе облысында 12,2 пайыз, Жамбыл облысында 12,5 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 19,4 пайыз төмендеген. Одан бөлек, Ақмола облысында 6,5, Алматы облысында 6,0 пайыз, Қарағанды облысында 3,4 пайыз, Түркістан облысында 0,8 пайыз азайды. Үш мегаполистің ішінде астаналықтардың үй алу белсенділігі айтарлықтай төмендеген. Елордадағы баспана саудасы 16,3 пайызға бір-ақ құлдырады. Алматы мен Шымкентте көрсеткіш тиісінше 3,4 және 2,6 пайыз азайды. Өңірлердің баспана нарығы ерекшеліктеріне көз салсақ, құрылыс қарқынды жүрген облыстарда сауда да көбейіп, үй салына қоймайтын өңірлерде сауданың тоқтағанын көруге болады. Дегенмен Ұлттық экономика министрлігінің тағы бір статистикасында жаңа үйлерге қарағанда қайталама нарықтағы баспана бағасының айтарлықтай өскені айтылады. Соған қарағанда жаңа үйлердің саудасы жақсы жүргенімен, қайталама нарықтағы үй бағасы соңғы бірер жылдағы «тым төмен» бағасын біртіндеп жаңа үйлердің құнына теңестіріп келе жатқанға ұқсайды.Жаңа үйден гөрі қайталама нарық қызықтырақ
Жыл басынан бері жаңа үйлер 5 пайызға қымбаттады. 10 айдағы инфляцияның 7 пайыздан асқанын ескерсек, жаңа үйлер биыл қатты қымбаттады дей алмаймыз. Мәселен, былтыр жаңа үйлердің бағасы 9,3 пайыз өскен еді. Жыл сайын теңгенің құнсыздануымен жаңа үйлер ғана қымбаттап, қайталама нарықта баға айтарлықтай өспейтін болса, пандемия кезінде «ескі» үйлердің құны 11 пайызға бір-ақ көтерілген. Оған себеп, карантинде құрылыстың тоқтағаны немесе халықтың сатып алу қабілетінің төмендеп, қайталама нарықтағы арзан үйлерге ғана ақшаларының жеткені болуы мүмкін. Соңғы бір айдың өзінде қайталама нарық 1,5 пайыз, жаңа үйлер 0,5 пайыз өсті.Сұраныс бағаны емес, баға сұранысты туындатып отыр
Халықтың төлем қабілеті төмендеген, сұраныс азайып, тиісінше сауда бәсеңдегенде үй бағасының не себепті өсіп кеткенін тапшылықпен ғана түсіндіруге болады. Әйтпесе, қанша пайыз девальвация болса да, биыл құрылыстың өзіндік құны, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тіпті 0,4 пайыз төмендеп кеткен. Сол үшін де жаңа үйлердің бағасы айтарлықтай қымбаттамағаны. Әдетте қайталама нарыққа қарағанда жаңа үйлер қымбаттаушы еді. Биыл жаңа үйлер инфляциямен салыстырғанда тіпті «арзандап кетті» деуге болады. Есесіне қайталама нарық «ең тиімді» нарыққа айналды. Бұдан бөлек, құрылыс саласының жыл басынан бергі тоғыз айда 0,5 пайыз өсімі де баспана нарығына демеу болды. Оның дәлелі жоғарыда айтылғандай, құрылыс қарқынды жүріп жатқан қалаларда үй бағасының салыстырмалы түрде тұрақты сақталуы. Егер солтүстік, шығыс және орталықтағы қалаларда таяу жылдары жаңадан үй салынбайтын болса, бұл өңір республика бойынша үй бағасы ең қымбат қалалардың біріне айналмақ.Бауыржан МҰҚАНОВ