Бүгінде Қазақстанда скринингтік тексерістің үш түрі бар. Олар: төрт жылда бір, 30-70 жастағы әйелдердің өтетін жатырмойны қатерлі ісігінің скринингі, екі жылда бір, 40-70 жастағы әйелдер өтуі тиіс сүт безі қатерлі ісігінің скринингі және екі жылда бір, 50-70 жастағылардың бәрі өтуі міндетті тоқішектің қатерлі ісігіне скрининг. Бірінші кезекте осы тексерісті жоспарлы түрде, тұрақты өтіп тұру арқылы денсаулықты сақтауға болады. Бір айта кетерлігі, өзіңіз тіркелген емханадан тегін өте аласыз. Егер скринингтен соң қандай да бір онкологиялық дерт белгісі байқалса, науқасты дереу аудандық онкологқа не облыстық онкологиялық орталыққа жолдайды. Артынша диагноз расталған жағдайда, орталықтарға жіберіліп, ол жерде жеке емдеу жоспары жасалады. Бастысы, диагноз қойылғаннан емдеу басталғанға дейін әрі кетсе бір ай уақыт өтуі тиіс, одан ұзақ болмауы керек.
Тағы бір ескере кететін жайт, әдетте қатерлі ісікпен жұмысқа қабілетті жастағылар көп ауырады екен. Ал олардың дені сол «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, денсаулыққа салғырт қарайды. Негізі, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте жұмыс берушінің қызметкерге қамқор болуы керегі айтылған. Яғни, басшылық қол астындағылардың скринингтік тексерістерден уақытылы өтуіне кедергі келтірмеуі қажет. Өтетін кез келсе, жалақысын, жұмыс орнын сақтай отырып, жіберуге міндетті. Қолда бар деректерге сүйенсек, Қазақстанда сүт безі, өкпе, асқазан, жатыр мойны және тоқ ішек рагына шалдығатындар көп. Бірақ скринингтен өту керегі жайлы жан-жақты ақпараттың таралуына байланысты оң әсер байқалып келеді деседі. Себебі жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдығатын әйелдер саны жыл өткен сайын азайып келе жатыр. Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы Әйел денсаулығы орталығының меңгерушісі Аида Шәкірова осындай дерек келтірді. «2018 жылы 1 830 дерек тіркелсе, 2019 жылы 1 797 болды. Өлім-жітім де осылай азайып келеді: 2018 жылы 604 науқас көз жұмса, 2019 жылы — 556. Қазіргі таңда жатыр мойны қатерлі ісігін ерте кезден анықтау көрсеткіші өсіп келеді. Пайызға шаққанда, 58-ден 63 пайызға артқан. Бұл — өте қуантарлық жағдай. Себебі неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емдеу оңайырақ», – дейді дәрігер. Шәкірованың айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігінің бастапқы формаларын анықтау мүмкін емес. Тіпті, соңғы сатылардың өзінде науқас ағзасында болып жатқан жайтты білмеуі ғажап емес. Сол себепті сәл күдік туындаса, дәрігерге қаралу керек. Айталық, әйелдерде үнемі бөлінді байқала берсе, гинекологқа жол тартқан жөн. Себебі қатерлі ісіктің бір белгісі — сол. Өкініштісі сол 30 пайыз жағдайда әбден асқынған сатыда белгілі болып жатады. Науқас өзі анықтай алмайтындықтан, уақытылы скринингтен өтіп тұрғаны дұрыс. Жалпы алғанда, Қазақстан дерт орташа дендеген ел саналады. Мысалы, АҚШ, Аустралия, Батыс Еуропа елдерінде жатыр мойны қатерлі ісігі 100 мыңға шаққанда 3-4 адамда бір кездессе, бізде ол көрсеткіш 9-10 адам. Қатерлі ісіктің бұл түрін адам папилломасы вирусы тудыратыны ғылыми дәлелденген. Дегенмен вирустық этиологиядан бөлек жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдықтыратын басқа да факторлар бар. Олардың арасында жыныстық қатынасқа ерте, яғни 16 жасқа дейін түсу, көп құрсақ көтеру, аборт жасату, инфекциялар, жыныстық серіктесті жиі ауыстыру, жаман әдеттерге үйір болуды жатқызуға болады. Негізі, жатыр мойны қатерлі ісігін бастапқы сатыда анықтай алса, толықтай емдеуге болады. Сол арқылы ісікті алып тастап қана қоймай, бала көтеру қабілетін де сақтап қалуға болады. Бірақ ісік 1 см-ден ұлғайып, өсіп кетсе, жағдай қиындайды. Әлбетте, бұл жерде әркімнің дерті түрлі деңгейде болатынын ескеру қажет. Қатерлі ісіктің тағы бір симптомсыз, байқалмай енетін түрі – ұйқы безінің рагы. Бұл өте қауіпті ісік саналады. Өйткені науқастар саны мен өлім-жітім көрсеткіші 94 пайыз сәйкес келеді деген статистика бар. Жалпы, белгілердің ішінде тез шаршау бар. Ал бұл симптомға екінің бірі мән бере бермейді. Тек уақыт өте келе, асқынып, әбден 3-4 сатыға жеткенде барып анық белгілер байқала бастайды. Ең өкініштісі, бұл кезде хирургия еш көмектесе алмайды. Сүт безінің қатерлі ісігімен адамдар 20 жылдай ғұмыр кеше алатын болса, ұйқы безінің рагында операциясыз – жарты жыл, ота жасалса 3 жылдан астам уақыт қана өмір сүруі мүмкін. Онколог Жанат Спатаев қатерлі ісіктің бұл түрі 2 фактордың кесірінен пайда болатынын айтып отыр. «Темекі шегу және жасқа байланысты. Бірақ патологияны тудыратын басқа да факторларды атап өтер болсақ, ішімдікті көп ішу, майлы және ащы тамақ жеу, қант диабеті, бауыр циррозы, созылмалы панкреатит, ұйқы безінің аденомасы және т.б айтуға болады. Егер салмақ нормадан көп болса, рак туындау мүмкіндігі 1,5 есе көбейеді. Жалпы алғанда, артық салмақтың келешекте рак тудыруы әйелдерде 4 есе, ерлерде 3,7 есе мүмкін делінеді», – дейді маман. Колоректальді ракқа келсек, мұнда ісік тоқ ішікте не тік ішікте болады деген сөз. Негізі, бұл екі органның орындайтын функциялары әртүрлі. Мәселен, тік ішекті алып тастаса, өмір сапасына әсер ететін функционалдық өзгерістер байқалуы мүмкін. Ал тоқ ішекті алған жағдайда, айтарлықтай әсері болмайды. Тіпті, арада бір жыл өткен соң операция ойынан шығып кетеді деседі. Қатерлі ісіктің осы түріне ота жасап жүрген дәрігер Мейрам Мамлин қазіргі таңда отандық медицина шетелден қалыс қалмауға тырысып жатыр дейді. «Қазір науқасты емдеуге бірнеше маман қатысады. Бүгінде тенденция сондай. Соңғы жылдары осы тәсілді қолға алып, жақсы команда жинадық. Мысалы, эндоскопист, радиолог, химиотерапевт, морфологтан құралған топ бірлесе жұмыс істейді. Олар әрқайсысы өзі маманданған саланы жақсы білетіндіктен, науқастың жағдайын бақылау, емдеу оңайға түседі. Заманауи емдеу тәсілдеріне қарап отырсақ, отандық дәрігерлер шетелдіктерден қалыс қалмауға тырысып жатқанын көруге болады. Әрине, жабдықтар қымбат болғандықтан, барлық инновацияық тәсілдерді енгізе алмай жатырмыз. Десек те, кәсіби білікті арттырып, тәжірибе алмасуға жағдай жасалып жатыр», – дейді Мамлин. Дәрігер қатерлік ісіктің бұл түріне шалдыққанын білмеген науқастардың оқиғасын да айтып өтті. «Мынадай жағдайлар болуы мүмкін. Науқас іші ауырып, дәрігерге барады. Жасы 55-те болғандықтан, скринингтен өтті деп колоноскопия жасалмайды. Сөйтіп, науқасты холецистит, панкреатит диагнозымен емдеуі мүмкін. Бірде өт қабындағы тастар үшін ота жасалған науқас есімде. Содан арадағы бірнеше ай салып, әлгі науқастың тоқ ішегінде ісік бар екені анықталады. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан белгілері ұқсас болып жатса, дәрігер онкология емес пе екен деп ойлануы тиіс». Алматылық 13 жастағы Айбек Жебеген 2018 жылы өкпе қатерлі ісігіне шалдыққан. Айбектің анасы Венера Оңалбаева отбасының онкологиялық дертпен қалай күрескенін айтып берді. Қазақстанда алған емнен нәтиже болмағандықтан, Кореяға апарады. «Ол жаққа бара салысымен жергілікті дәрігерлер баланы тексерді. Төртінші деңгейдегі ісік — альвеолярлық рабдомиосаркома диагнозы қойылды. Осы күннен бастап өмірімізде ең ауыр кезеңдер басталды. Ұлым үш ай бойы ауруханада арнайы аппаратпен және күні-түні дәрі тамызғыштармен жатты. Өкпесіндегі суды шығару керек болды. Осы кезеңде баламның жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер ісіктің бұл түріне ота жасалмайтынын айтты. Тек химиялық терапия немесе сәулелендіру алу керек деді. Біз бірден химиялық терапия ала бастадық. Бір жыл бойы маскамен жүрді. 2019 жылдың 10 сәуірінде осы дерттен айығып, үйге оралдық. Бүгінде Алматыда ем қабылдап жатыр. Лейкоциттерді көтеру үшін саумалға апарып жүрміз», – дейді анасы. Байқасақ, қатерлі ісіктің пайда болуын науқастың салғырттығымен ғана емес, дәрігердің қате диагноз қоюымен де байланыстыруға болады. Осы екі олқылық реттелген жағдайда, отандық медицинада жетістік те көбейетін сыңайлы. Қарап отырсақ, ел азаматтарына берілетін квота арқылы ем-домды тегін алуға болады. Дегенмен тым кеш білгендіктен, өмір үшін күрескенде шетел асып, ақылы емге жүгіруге мәжбүр боламыз. Ал егер ерте анықталып, алдын алса, мұндай жағдайдың сирейтіні анық.Жадыра АҚҚАЙЫР