Бұл – арнайы жүргізілген зерттеудің нәтижесі. Статистика ерте жаста қиылған некенің 90 пайызы ажырасуға әкеліп соғатынын көрсетіп отыр. «Рухани жаңғыру» институты жүргізген зерттеу бойынша, былтыр 984 қыз кәмелеттік жасқа толмай неке қиған. Ал 18-ге толмай отбасы құруға асыққан бозбала саны – 70. Заң бойынша, елімізде неке қию жасы – 18 жас, бірақ заң екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі – қыз жүкті болғанда, екіншісі – ортақ бала туған кезде.
Соңғы 3 жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың аяғы ауыр болып қалу көрсеткіші бір деңгейде. Мысалы, 2017 жылы 4 729 жағдай тіркелсе, былтыр 4 766 қыз есепке тұрған. Өкінішке қарай, арулардың барлығы сәбиін сақтауға асықпайды. 2019 жылы жүкті болған сол 4 766 қыздың 24 пайызы түсік жасатқан. Бұл – кәмелетке толмаған 1 147 қыз. Ойнап жүріп от басып, балалы болып, соңынан неке қиғандардың ажырасуына себеп те жеткілікті. Біріншіден, материалдық және тұрмыстық қиындықтар. Екіншіден, жас ерекшеліктері. Үшіншіден, адами құндылықтардың қарама-қайшылығы. Төртіншіден, өмірлік тәжірибенің жетіспеуі. Ал жеткіншектердің жетілмей жатып, жеке шаңырақ көтеруге асығуына не себеп? Отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайын болмаған жастар көп жағдайда жастық максимализмнің әсерінен отбасын құрады екен. Бұған қоса, толық емес отбасынан шыққан немесе әжесінің тәрбиесінде болған, анасының екінші рет тұрмысқа шығуы және өгей әкесімен қарым-қатынастың дұрыс болмауы сынды факторлар жас қыздарды ерте тұрмыс құруға итермелейді екен. Сондай-ақ отбасын құру арқылы өзінің ересек екенін ата-анасына дәлелдегісі келетіндер бар. Ерте қиылған некенің қызығы аяқталған соң шыжығы басталады. Дипломсыз қыздар жұмысқа тұра алмайды, жолдасына немесе туысына қаржылай тәуелді болады. Сөйтіп, әлеуметтік осал топ санатына енеді де, гендерлік дискриминацияға ұшырайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Республика бойынша ерте неке, 15-18 жас аралығындағы қыздардың аяғы ауыр болу оқиғасы Түркістан, Алматы, Қарағанды облыстарында ең көп тіркеледі. Түсік жасату бойынша да осы өңірлер алда. Бір қызығы, әлеуметтік зерттеуге қатысқан сол респонденттердің барлығы дерлік неке құру үшін ең оңтайлы жас – 25 және одан жоғары дегенді атап өткен. Яғни, алдымен білім алып, мансап құрып, өмірлік тәжірибе жинаған соң ғана көтерген шаңырақтың берік боларын меңзейді.Ерке АЙТҚАЗЫ