Бүгінде Түркістан облысының даму қарқыны жаман емес. Олай дейтініміз, еліміздегі карантиндік шараларға қарамастан, жыл басынан бері ауыл шаруашылығында 706,1 мың тонна өнім экспортталды. Өнім құны – 90,5 млн АҚШ доллары. Өңір басшысы Түркістан қаласының даму барысы және облыстағы барлық сала бойынша жыл басынан бергі 10 айлық көрсеткіш негізінде атқарылған жұмыстар жайлы мәлімет берді.
802 елді мекен 99,8% табиғи газбен қамтамасыз етіледі
Биыл өңірде 43 табиғи газ нысанының құрылысын жүргізуге 14 млрд теңге бөлініп, жылдың қорытындысымен 20 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, 423 елді мекен немесе 1 млн 275 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылады. Облыс басшысының айтуынша, жыл қорытындысымен, 154 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады. 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысының аудандардағы 802 елді мекенді 95% немесе 1,9 млн халықты 99,8% табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Табиғи газға қосылған елді мекендердегі тұрғындарға әкімдік тарапынан түсіндіру жұмыстары қарқынды жүруде. Брифингте облыс әкімі ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 56 нысанның құрылысына 18,9 млрд теңге қарастырылып, қамту деңгейі 82,7% болатынын жеткізді. Соның ішінде 35 нысан биыл пайдалануға беріледі. Жыл қорытындысымен 19 елді мекен жаңа ауызсу жүйелерімен қамтылса, 6 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. 2 018 100 халқы бар Түркістан облысында 843 елді мекен, оның ішінде, 7 қала мен 836 ауылдық елді мекен бар. Облыс бойынша 843 елді мекеннің 678-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі. Атап айтсақ, қалалар – 97,9 %, ауылдық елді мекендер – 91%.28 мақтааралдық отбасы баспаналы болды
Мақтаарал ауданында апатты жағдайдағы ескі жатақхана мен моншаны мекендеп, жылдар бойы балабақшаны паналап келген 28 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Ұзақ уақыттан бері ескі ғимараттарды пана қылған 28 отбасының баспанасы барын растайтын ешбір құжаты да болмаған.10 айда 492,4 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді
Өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы – 492,4 мың шаршы метр. Тұрғын үй құрылысының қарқыны Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында үдей түскен. Мұндағы 7 қабатты 24 тұрғын үй қараша айының соңында салынып бітеді. «Ипотекалық тұрғын үйлердің қатары артып, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 1 822 отбасы баспаналы болады. Басым бөлігі тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде тіркелген көпбалалы отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балаларға беріледі», – деді Өмірзақ Шөкеев. Аймақта тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 595,7 мың шаршы метр болады. 10 ай ішінде 406,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 70 нысан пайдалануға тапсырылады. Жалпы, Түркістан облысы бойынша биыл 240 бюджеттік инвестициялық жобалар іске асырылуда. Биыл мемлекеттік және ішкі істер органдары мен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына тиесілі 77 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.Денсаулық сақтау саласы қатаң бақылауда
Өңірде 78,5 млрд теңгеге денсаулық сақтау саласының 7 нысаны салынуда. Сондай-ақ 8 нысанның күрделі жөндеуіне 1 млрд 235 млн теңге бөлінді. Шалғай ауылдарда еңбектенуге ниет білдірген 45 жас маманға 1 500 000 теңге әлеуметтік қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар 1 746 медицина қызметкерлері білім жетілдіріп, оның ішінде 44 дәрігер Ресейде біліктілік арттырды.Өңірде ай сайын 6 000-ға жуық сәби дүниеге келеді
Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша республика көлемінде алдыңғы шепте. Қазан айының өзінде аймақта 5 659 бала өмірге келген. Яғни, тәулігіне 200-ге жуық сәби дүниеге келеді. Жалпы жыл басынан бері 50 202 нәресте туылған. Өңірде бала туу көрсеткішінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 көрсеткішке артқаны байқалады. Облыстың экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған жобалар аясында тұрғындарға барынша қолдау көрсетілуде. Мәселен, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Түркістан облысында 67 038 адам қамтылып, оның ішінде 798 адам шағын несие алған және 6 039 адам мемлекеттік грантты иеленді. 30 мыңнан астам адам уақытша жұмысқа орналастырылған. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделін іске асыру мақсатында Түркістан облысында 49,5 мың отбасыға, яғни 277 мың азаматқа 31,9 млрд теңге қарастырылған. «Облыста 2020 жылдың 1 қарашасына аз қамтамасыз етілген 35 109 отбасыға 13 156,2 млн теңге қаржы тағайындалып, 33 434 отбасыға 10 683,2 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша 1 және 6 жас аралығындағы 41 516 балаға азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдар берілді. Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айырылу салдарынан табысы төмендеген 544,5 мың азаматқа 23,1 млрд теңгеге 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер ұсынылды», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы