Онлайн конференцияға әлемнің 123 елінен қатысқан ғалымдар биыл COVID-19 пандемиясы жағдайындағы индустриялық технологиялар мен инжиниринг саласындағы жаһандық мәселелерге назар аударды.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Ұлттық ғылым академиясының академигі, университет ректоры Дария Қожамжарова осынау конференцияға елімізде алғаш рет Нобель сыйлығының лауреаттары – әлемдік ғылымның жұлдыздары, Үкімет пен бизнес қауымдастық өкілдері, сондай-ақ шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары қатысып отырғанын жеткізді. «Конференция өндірістік технологиялар мен инжиниринг» тақырыбында халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Жалпы, пандемия біздің алдымызға көп сұрақ қойды. Осынау кезеңде адам баласының жаңа технологияларға көзқарасы, оны дамыту мәселелері, жаңа технологиялар мен өндірістің арасындағы қарым-қатынас, адам капиталының дамуы мен адамның денсаулығы деген өте үлкен ауқымды, маңызды сұрақтар алдымыздан шықты. Оның шешілу мәселесі де ғылымға байланысты деп отырмыз. Жыл сайын өтіп жүрген осынау конференцияның бұл жолғы тақырыбында адам денсаулығына, биотехникаға, фармацевтикаға басым бағыт бердік. 7 Нобель сыйлығының иегері конференцияда түрлі тақырып бойынша өздерінің баяндамаларын ұсынды. Бұған қазақстандық 30 университеттің ғалымдары қызығушылық танытып отыр. Бұл жиыннан күтетін жаңалығымыз көп», – деді Дария Пернешқызы. Бүгінгі күні ғылыми-зерттеулер жүргізуде коллаборациялар, серіктестік қатынастар өте маңызды. Әлемдік сарапшылармен кездесу де әрқашан өзектілігін жоймайды. Әсіресе, қазір COVID-19 пандемиясында әлемде маңызды өзгерістер болып жатыр. Екі күнге созылған конференция аясында Нобель сыйлығының лауреаттары, Үкімет, отандық және шетелдік компаниялар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ғылыми сессия болды. «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі тұрақты даму: Шымкенттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған сын-қатерлер мен ұсыныстар», «Фармацевтикалық компаниялар халықтың өмірін сақтап қалуға көмектесе ме?», «Экономиканың қандай секторларын басымдыққа айналдыру қажет?», «Технологияларды, инновацияларды және адами капиталды дамыту мәселелері бойынша Орталық Азия сұхбаты» сынды тақырыптарға шетелдік және еліміздің жоғары оқу орындарынан 300-ден астам ғылыми баяндамалар мен мақалалар келіп түскен. Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, Еуропалық Сауда академиясының президенті Бернд Халлиер және сингапурлық Ling Invest Capital директоры Бенни Энджи құттықтау сөз сөйлеп, М.Әуезов университетімен қарым-қатынасы төңірегінде айтып өтті. Одан бөлек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев үшінші мегаполистің инвестициялары мен жаңа жасыл жобалар үшін бизнес климаты туралы хабарлады. «Ал шымкенттік бірқатар ірі кәсіпорын өкілдері пандемия кезіндегі дәрі-дәрмекті жеткізу, фарминдустрияны дамыту, карантин кезеңінде әлеуметтік және медициналық саланы дамыту бойынша ұсыныстары мен атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлім етті. Айта кетейік, М.Әуезов атындағы университет – еліміздің әлемдегі ТОП-500 университетінің қатарына кіретін көпсалалы ірі жоғары оқу орындарының бірі. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің ағарту және инновациялық даму идеяларына қызмет еткен жоғары білім беру флагмандарының бірі болды.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы