Елордада құны 30 миллион теңге тұратын есірткі тәркіленді
Елордада құны 30 миллион теңге тұратын есірткі тәркіленді
92
оқылды
Елорда полициясы есірткі сатушыларды ұстауға бағытталған ауқымды арнайы операция өткізді, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Жедел іздестіру шараларын өткізу барысында Жеңіс көшесі бойында бұған дейін істі болған 39 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оның сөмкесін тінту барысында гашиш салынған 13 полиэтилен пакеті табылды. Сондай-ақ күдікті тұрып жатқан пәтерді тінту барысында гашиш салынған 3 полиэтилен пакеті және сатуға дайын есірткі салынған 32 түйіншек тәркіленді. «Арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан шамамен 20 келі есірткі заты тәркіленді. Оның қара базарда бөлшек сауда кезіндегі құны 30 млн теңгеден асып жығылады. Елорда аумағына есірткі жеткізуге және сатуға қатысы бар қылмыстық тізбенің өзге де қатысушыларын анықтауға бағытталған жедел іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада. Қазіргі уақытта ұсталған адамның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі, 297-бабы 3-бөлігі және 287-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті 10-нан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.