Шымкентте туған әкесінен жүкті болып, қыз босанды деген мектеп оқушысы жайында енді басқаша мәліметтер шығып жатыр. Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, оқушының жасы 15-те емес, 17-де көрінеді. Әрі өз әкесінен жүкті болды деген әңгіме шындыққа жанаспайды екен. Бірақ, бойжеткеннің кімнен жүкті болып қалғаны белгісіз. Туыстары полицияға шағымданбағандықтан, іс жарты жолда қысқарып кетіпті.Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
- Шындығына келгенде ол - 11-сыныптың оқушысы. Қыздың жасы 17-де болған. Өздеріңіз білесіздер, 16 жасқа дейінгі жүктілік ерте жүктілікке жатады. Қыздың жасы 17-ге келген. Ата-анасынан, басқа да жақтардан және құзырлы органдардан сұрадық. Ешқандай арыздар келіп түспеген, -дейді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Сондай-ақ қаланың бас педагогы бұл жағдайдың ақпан айында болғанын айтты. Шәкіртінің аяғы ауыр екенін сезген мұғалімдері оны кешкі мектепке ауыстырыпты. Қазіргі таңда нәресте қыздың анасының қамқорлығында екен.
Еске сала кетейін, бұған дейін 15 жастағы қыз баланың босанғаны жайында айтылған болатын. Сол кезде Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы оқушының жүктілігіне әкесінің қатысы бар болуы мүмкін деген еді.