Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Ханкөлдегі қыздың аруағына қатысты жүргізілген тексеріс нәтижесін жариялады.
Бұған дейін Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы елдімекен маңында қыздың аруағы пайда болып, жұртты шошытып жүргені туралы ақпарат таратқан болатын.
Осыған орай, облыстық Полиция департаменті басшысының тапсырмасымен Қаратөбе аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеріс жүргізді.
"Ауылға баратын барлық жолдар видеоға түсіріліп, ауыл тұрғындарына сауалнаама жүргізілді. Қыздың аруағы көрсетілген видеодағыдай жол мен ағаштар Ханкөл ауылының аумағында жоқ. Ауыл тұрғындары видеода көрсетілген деректі растамады. Бәрі қыздың аруағын көрмегенін, өздерін ешкім мазаламағанын айтты", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО-да пайда болған «аруақтың» Қазақстанға қатысы жоқтығы анықталғанын жазған болатынбыз.