Кейбір адамдардың көлік басқаруға ешқашан отырмағаны жөн. Отырса, өзгенің сорына айналады. Полицейлер айыппұлын төлемеген «темір тұлпар» иелерін анықтау бойынша тұрақты негізде рейд жүргізеді. Соның аясында бір айда 64 рет жол ережесін бұзған жүргізуші анықталды.
Тәртіп сақшылары Павлодар қаласында, Н.Назарбаев даңғылы бойында Nissan Sentra автокөлігін тоқтатады. Көлік рөлінде 28 жастағы қала тұрғыны отырған. Оның мәліметтерін деректер базасы арқылы тексеру кезінде жүргізушінің жалған мемлекеттік нөмірі тағып алған автомобильмен айдап жүргені әшкереленді. «Оның үстіне, оның мойнында автокөлігі үшін әкімшілік айыппұлдар бойынша 1 миллион 389 мың теңге сомасында берешегі бар екені анықталды. 2020 жылдың 1 қазанынан бастап ол жол қозғалысы ережелерін 64 рет бұзған және бұл тек фото-бейнетіркеу арқылы тіркелгені ғана», – деді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дулат Төкенов. Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Енді оған 20 АЕК көлемінде тағы бір айыппұл немесе автокөлік жүргізу құқығынан айыру қаупі төніп тұр. Тәртіп сақшылары Nissan Sentra автокөлігін арнайы айыппұл тұрағына қойды: ол іс сотта қаралған соң және барлық айыппұлдарын төлегеннен кейін беріледі. Айта кету керек, жыл басынан бері түрлі бұзушылықтар үшін 2 мың 916 автокөлік айыппұл тұрағына қамалды.Е.СЕНБАЙ