Бозжыраның түбіне қонақүй жетпей ме?
Бозжыраның түбіне қонақүй жетпей ме?
250
оқылды

«Жатпланеталық пейзаж» – туризм саласына маманданған шетелдік беделді порталдар Маңғыстаудағы Бозжыра шат­қалын осылай сурет­тейді. Елі­мізде мұндай мекеннің барын тіпті қазақ­стан­­дық­­тар­дың көбі бертінге дейін біл­­мей келді. Бүгінде борлы тау Қазақ­станның киелі жер­­лерінің қа­тарында. Ал соны әлдебір қал­талылардың бүл­діргелі жат­қанын, жеке­шелендіргелі жүр­генін естіген жұртшылық ашуға мінді. Дүрбелеңге Пре­зи­денттің араласып, тоқ­тат­уына тура келді.

Жұрттың жанайқайы, Президенттің пәрмені

Бір апта бұрын Бозжыраға құрылыс техникасы кіргенін көр­сеткен видеоролик әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді: жол талға­майтын қым­бат көлікке мінген адамдар құры­лысқа қызу кірісудің қамын жасауда. «Бізде бәрін ақша шешетінінің тағы бір дәлелі. Заң бойынша, табиғи қорық аумағында ешқандай құрылыс жүргізуге болмайды. Тіпті, от жағуға, оны айтасыз, құмырсқа илеуін таптауға тыйым салынған. Ал біз не көріп тұрмыз? Қош бол, тұмса та­биғатың талқандалғалы жатқан #Бозжыра. Бұрынғы кейпіңді енді көрмейміз!» деп жазды тревел-блогер Сергей. Бұл хабарға ашынған қазақ­стандықтар «ызалы жүрек, долы қол» күйге жетіп, билікті балағаттай бас­тады. Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабар­лауынша, Ақтауда Rixos қонақүй кешенін іске қосқан инвесторлар облыс аумағында Bozjyra Safari Hotel бутик-отель бірегей жобасын жүзеге асыруды ұсыныпты. Жоба әзір болған соң қоғамдық талқылауға шығарылмақ. Әкімдік әлеуметтік желі арқылы тараған видеоға да түсініктеме берді: «Қазіргі кезде Бозжыра шатқалы аума­ғында ешқандай құрылыс жұ­мыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Бейнежазбада болашақ объекті бой көтеретін ықтимал орында ин­вестор командасының уақытша шатырды, дәретхананы және генераторды орна­ту про­цесі бейнеленген. Ол ны­сандар 2 күнге ғана орнатылды. Айтқандай, объект толығымен жасыл технология талабына сәйкес келеді, қоршаған ортаға барынша кірігеді. Сыртқы бейнесі жергілікті пейзажбен үйле­седі», – деді әкімдік. Қазақстандықтар бұған сенбеді: видео­роликте Бозжыраның «Азу тісінің» түбінде бетонараластырғыш тұрғаны көрсетілген, ал ол уақытша шатыр мен дәретхана орнату үшін қажет емес екені мәлім. Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асатын билік барын аңғартты: Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Бозжыраның атақты «Азу тісінің» түбінде қонақүй болмай­тынын Instagram парақшасы арқылы хабарлады: «Президент Маңғыстау облы­сындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының ау­мағына салынатын жаңа қо­­нақ­­­үйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, Үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тап­сырма берді»,   деді ол. Артынша қонақүйдің бой кө­те­­ретінін, бірақ ол үшін басқа жер таңдалатынын білдірді. – Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңыз­ды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Бес жұлдызды қонақүй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартым­дылығын арт­тыратыны сөзсіз. Жа­қында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақүй салу жобасы ұсы­нылды. Өкінішке қарай, қо­рықтың айналасындағы туризм таби­ғатты қор­ғау шараларын сақтамай, бей­берекет дамып жатыр. Бұл осы ерек­ше табиғат қорығына орасан зиянын тигізуде, – деді Президенттің баспа­сөз хатшысы.

Бисақаев барын сала қорғауда

Пікір білдірген бұқара өкілдері эмоцияға көп берілгені байқалады. «Бұл сендерге қонақүй салатын жер емес! Қасиетті, киелі жер!», – дейді олар. Ал тараптар қандай дәлел-дәйек келтіреді? Мәдениет және спорт вице-ми­нистрі Өркен Бисақаевтың байла­мынша, Бозжыра шатқалында қо­нақүйдің салынуы табиғи құн­ды­лықты құртпайды, қайта оны құнтты қолдануға жол ашады. Ол жақты жабайы туризмнен арылтып, ор­нықты дамыту үшін заманауи инфра­құрылым қажет. Сондықтан әу баста тауға шамамен 1 шақырымдай жақын жерде әлгі кешенді тұрғызу жоспар­ланыпты. Жобаны ілгерілету үшін Маңғыстау өңіріне Ө.Бисақаевтың өзі барып қайтты. – Инвестор «Бозжыра сафари-отель» қонақүйінің әртүрлі кон­­цепциясын біздің қарауымызға 3 рет енгізді. Бірақ олардың бірде-бірі әзірге бекітілген жоқ. Жоба тек әзір­леу сатысында тұр. Әзірлеп біткен соң ол концепциясының тұсауын кесіп, тал­қылау өткізуді жоспарлаған. Қай­талап айтамын, құрылыс әлі басталған жоқ. Барлығы тек дайындық саты­сында. Сәулет-құрылыс қызметі туралы заң бар, экологиялық заң – ол бар. Оның бәрі жұртшылық пен эко­логтерді тартып, міндетті қоғамдық тыңдау өткізуді талап етеді. Егер инвестор осы жобаны іске асыру тура­лы шешім қабылдаса, тыңдау өткізеді, – деді вице-министр. Оның ұстанымынша, «Бозжыра сафари-отель» секілді нысан туризмді дамыту үшін аса қажет. Бұл – анық шешілген жайт. Ендігі мәселе – оның жобасы қандай болатыны, қай жерде тұратыны ғана. Өйткені жаһандық жарнамасы кең жайылған Бозжыраға ағылған туристер легі ұлғайды. Биылғы шілдеде Rixos Water World Aktau ашылғалы Бозжыраға сая­хаттайтындар саны тіпті артты: Кас­­пийдегі осы кешенге келушілердің 30%-ы өңірдің табиғи көрнекті жерлерін аралауға аттанады. Әйткенмен, Каспий жағасынан Бозжыра тым қашықта – 300 ша­­қырымда жатыр. Ал Бозжырадан ең жақын елді мекенге дейінгі аралық 120 шақырымды құрайды. Шат­­­қал­дағы қонақүйдің коммерциялық тиімділігі де осында: тұрғызылса, тең­десі жоқ моно­по­листке айналады. – Егер келесі жылы Бозжырада осын­дай нысан құрылысы нақты ілгерілемесе, онда басқа, өте қауіпті жайтқа кезігеміз: ол жердің топырағы бірегей, бор тектес. Ол авто­көлік­тердің бейберекет әрі қарқынды қозға­лысына шыдамай, күйрей бастайды. Ендеше ол жерде жолдар керек, визит-орталық керек, қонақүй тұруы керек. Сонда аталған аумақ орнықты дамуға көшеді. Мысалы, бұрын ол жақта қатты, тастақ жолдар болатын, бүгінде көлік­тер бор­ылдақ жермен шаңдатып жүруге мәж­бүр. Жағдай ары қарай тек ушыға бе­реді,   дей­ді Өркен Бисақаев. Яғни, «туристердің үлкен көлемін қабыл­дауға жағдай жасау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеті тұр». Вице-министр инвестордың жобаға қанша қаржы құйғалы отырғанын айта алмады. Сарапшылардың бағалауынша, аталған қонақүй шамамен 100 миллион долларға түспек.

Бозжыраны қорғар бес дәйек

Экологтер лоббистердің дәйек­темелері сын көтермейтінін айтады. Мәселен, қонақ­үй жабайы туризм проблемасын шешпейді. Өйткені Bozjyra Safari Hotel жобасына инвестор көп қаражат салуды ойластырып отыр­ған жоқ, мұнысы жобаның «бутик-отель» деп аталуынан бай­­қалады. Яғни, Каспий жағалауын­дағыдай қанатын кеңге жайған алып кешен салынбайды. Бутик-отель дегенге көп турист сый­майды. Бұл ретте Маңғыстау облы­сының әкімдігі қонақ­үйдің ғимараттары бір қабатты ғана бола­тынын мәлімдеді. Демек, ол салын­ғанымен, туризм бәрі­бір ұйымдасқан сипатқа ие бол­майды. Мәселе басқалай шешілер еді: алды­мен жергілікті билік Бозжы­раға туристердің өз бетінше, төл көлігімен кіруіне тыйым сал­­­ғаны, болмаса кіру уақы­тын шектегені абзал. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Кө­бей­тұзды да солай аман сақтап қал­ғанымыз мәлім. Қазақстанның Биоалуан­дылықты сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) сарапшылары бірнеше дәйектеме келтірді. Біріншіден, бұл құрылыс Үстірттегі таңғажайып әрі бірегей биоалуандылығына қатер төндіреді. – Қонақүй құрылысы жүреді деп қарас­­тырылып отырған аудан Үстірт арқары, уриал-муфлон, қарақұйрық, қарақұлақ-қарақал (мысықтұқымдас жыртқыш) және басқа да Қызыл кітапқа енген сирек аңдар мекен ететін аумақ. Олар сол жерден табан аудармай, мил­лиондаған жылдар бойы тіршілік етуде. Енді ол жаққа адамдар, құрылыс техникалары ағылса, трас­са-жолдар салынса, инфра­құры­лымды қамта­масыз етуге бағыт­­талған өзге де қоз­ғалыс жан­данса, табиғаттың тыныш­тығы бұзылады, қоршаған орта тал­қандалады, сирек жануарлар попу­ляциясына орны толмас нұқсан келеді, – деді қауымдастық. Екіншіден, бұл Үстіртті ЮНЕСКО-ның әлемдік тізіміне қосуға кедергі. «Бозжыра орналасқан Үстірт – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұра тізіміне қосылу әлеуеті зор Қазақстанның барынша перспективті нысаны. Ал әлемдік мұраға қосылудың басты бір шарты – нысанның тұмса таби­ғатын, әсемдігін, бүтіндігін сақтау (VII критерий). Алып құры­лыс тех­никалары қолданылатын кез келген коммерциялық құрылыс бұған зиян келтіреді», – деді ҚБСҚ. Үшіншіден, Бозжырада қо­­нақүй ашылса, болашақта Үстірт қорығын кеңейтуге кеңістік қал­майды. 2015 жылы дәл сол телім – қорық­­­ты кеңейту аумағы ретінде ұсынылған бола­­­тын. Ел Үкіметі, БҰҰ Даму бағдарламасы жобасы аясында табиғи-ғылыми негіз­демесі де әзір­­­ленді, ол мемлекеттік экологиялық са­­рап­­та­­­мадан та­бысты өтті. Алайда билік кейін ол райынан қайтып қалды: Қансу мұнай-газ кен орнын барлау жос­пары бекі­тілген-тін. Бүгінде барлау доғарылды. Үстірт­тің өркен жаюына сафари-отель ғана тоспа болуы ықтимал. Төртіншіден, бұл жобаға ар­хеологтер де қарсы: осы ауданда палеолиттен бастап ерте орта ға­сырға жататын археологиялық ес­керткіштер орналасқан, тек мем­лекет қаржы таппағандықтан зерт­телмей жатыр. Бесіншіден, топырағы да, таулары да гипстен құралған Үстірт, Бозжыра ерекше мәпелеуді қажет ететін, аса нәзік, өте осал өңір. Қат­ты басылып, ықпал ететіні сонша, бір рет жүріп өткен маши­наның ізі ондаған жыл бойы сайрап жатады. Сондықтан Үкімет бұл жаққа бет қоятын әрбір көліктің жүрісін қатаң бақылағаны жөн. Бұған GPS, жер серіктері, заманауи технологиялар көмекке келе алады. Сарапшылар қазіргі қаптаған «сафарилердің», автосаяхатшылардың, экс­­педиция қатысушыларының тұрақты дала жолдарынан тыс шығып, шатқалды кезуіне тыйым салу керек дейді. Қорыта айтқанда, туризм да­муы үшін қолданыстағы трассалар бойында Үстірт қо­рығының визит-орталығын құрған жөн. Қо­­нақүйлер де соның маңында орналасқаны абзал. Мамандар бұған жер телімін Ақтау – Бекет ата асфальтты жо­лының маңынан ізде­­ген жөн дейді. Айталық, Бозжыраға шама­мен 20 шақырымдай таяп келетін тұстары бар екен. Саяхатшылар Үстірттің небір ғажайып фэнтези-фильм­дерге деко­рация бола алар орын­дарына сол визит-орталықтан бара ала­ды. Бозжырадағы құры­лыс – тек бизнестің шаруа­­­сы емес. Ол ин­вестордың, экологтердің, қо­ғам­ның келісімді қимылын қажет етеді. Әйтпесе, ақшаға елігіп жүріп, айырылып қал­сақ, екінші Бозжыраны қазаққа енді ешкім бермейді.

Айхан ШӘРІП