Топырақты да ұрлап сата бастады
Топырақты да ұрлап сата бастады
272
оқылды

Алматыда кейінгі кезде заңсыз жер қазу дерегі жиі тіркелетін болды. Олар­дың кейбіреуі топырақты құрылыс жұ­мыстары үшін пайдаланса, енді бірі қара топырақты сатып пайда табуға әре­­кеттенеді.

Таяуда Наурызбай ауданында жер қазу жұмыстарын заңсыз жүргізген құрылыс ком­паниясы анықталды. Сол жерге жақын маңда көппәтерлі тұрғын үй салып жатқан құ­рылыс компаниясы топырақты Абай сая­жайы маңынан қазып алып отырған. Сал­дарынан елді мекеннің маңында тереңдігі 70-80 метрге таяйтын 3 шұңқыр пайда болған. Заңсыз әрекеттен зардап шеккен тұрғындар қазып алу жұмыстары кезінде көтерілген шаңнан ел арасында тері аурулары тарай бастағанын айтып шағымданып отыр. Қолдан пайда болған терең ордан небәрі 10-15 метр жерде жекеменшік үйлер орналасқан. Заң бойынша тұрғын үй мен қазылған жердің арасы бір шақырымнан кем болмауы тиіс. Мұндай тәртіпті елеп-ескеріп жатқан еш­кім жоқ. Ал жаңбыр немесе қар жауғанда ғи­мараттың сайға жылжу қаупі жоғары. Ма­мандар құрылыс компаниясының мұндай ауқымдағы қазу жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағазы жоқ екенін айтады. Мекемеге тек құрылыспен айналысуға рұқсат берілген. «Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Саяжай үйлеріне тым жақын тереңдікте қазылуы алдағы уақытта, қыс мез­гілінде жаңбыр суының көп болатынын ескерсек, өте қауіпті. Қазір «ҚазақСтрой» ком­паниясының рұқсат құжаттары жоғы анықталу үстінде. Егер рұқсатсыз қазу жұ­мыстары жасалғаны анықталса, заң шең­берінде шара қолданылады», – деді қала­лық Экология де­партаментінің басшысы Дінмұхаммед Лес­беков. Тексеру жүргізілгенде диаметрі 100 метрдей болатын шұңқырдың айналасына тіпті қоршау қойылмағаны анықталды. Демек, елді мекен тұрғындарының, әсіресе оң-солын айыра қоймаған жас балалардың өміріне қауіп төніп тұр. Наурызбай аудандық әкімдігі өкілдері заңбұзушылық фактісі бойынша құзырлы органдармен бірігіп жұмыс істейтінін айтуда. «Құрылыс компаниясының ақпараты бойынша осы жылдың 10 желтоқсанына дейін қазылған жерлер қайта қалпына кел­тіріледі. Атап айтқанда, шұңқырдағы қоқыс шығарылып, олардың беті жабылады. Мекеме жұмысы жергілікті әкімдіктің, табиғат қор­ғау полициясының және экологиялық ин­спекцияның қатаң бақылауында болады», – деді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Жандос Тәкібаев. Осы жерде назар аударсақ, қазылған топырақтың орнын толтыру оңай емес. Өйткені алып шұңқырды толтыру үшін төменгі қабатқа не болса соны тастап, беткі қабатын ғана топырақпен жауып қоюы да мүмкін. Сондықтан елді мекен маңындағы қазылған жер қашан қалпына келгенше қатаң бақылау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Өткен айда ғана Алатау ауданындағы «Алматы Арена» спорт кешені артындағы бос жатқан жерді қазып, саудалағандар жайлы ақпарат тараған. Мамандар бұл маңнан да 100 шаршы метр топырақтың ұрланғанын айтқан. Бір жүк көлігін толтыру үшін небәрі 15 минут қажет екен. Ал оны кем дегенде 60 мың теңгеге өткізеді. Қара топыраққа сұраныс қашан да жоғары. Жаңа салынған құрылыс нысандарының айналасын көріктендіру үшін қара топыраққа тапсырыс береді. Ал оның қайдан, қандай жолмен келіп жатқанын тексеріп жатқандар шамалы. Осыған дейін Алатау етегіндегі қара топырақ талай рет қолды болып, мәселе көтерілген. Экологтер жердің құнарлы қа­батын қазып, ұрлайтындардың көбейгенін ай­тып, дабыл қаққан. Тұмса табиғаттың көркін бұзғаны өз алдына, өсіп тұрған алма бақтарын шауып, жойып жіберген кездер болған. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, өз ойын білдірді. «Бұл – айуандық. Мұндайға жол берілмеуі керек. Өкінішке қарай, бұл тиісті органдардың салғырттығы салдарынан болып отыр. Іле Алатауының бөктерінде алма бақтарын сақтау және өсіру мәселесі ерекше бақылауға алынуы керек. Бұл – Алматы қаласы мен бүкіл Қазақстанның игілігі. Қала маңындағы табиғатты қорғау аймақтарына түгендеу жүргізіп, оларды пайдаланудың қатаң рәсімдерін белгілеу қажет. Әкімдік қаланы көгалдандыру және аты аңызға айналған Алматы апортын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруы тиіс. Әйгілі Ботаникалық бақты – қаламыздың өзіндік символын қалпына келтіру қажет», – деді Мемлекет басшысы. Мамандар егер қара топырақты ұрлау тоқтамаса, түбі сел мен жоталардың опырылуына әкеп соғатынын айтады.«Жердің құнарлы қабатын ұрлайтындар көп. Кішігірім кәсіп иелері мен көріктендіру жұмыстарымен айналысатын шағын ком­пания­лар осылайша пайда тапқысы келеді. Сондай-ақ мұндай заңсыздық қала тұрғындары үшін қауіпті. Өйткені жердің құрамында қара топырақ қалмағандықтан, саз балшық сел мен жер сілкінісіне төтеп бере алмайды», – деді эколог Тимур Елеусізов. Жалпы, мұндай жағдайда заң бұзушыға 25 мың теңгеден 126 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл жаза бұзақылар үшін тым жұмсақ. «Мәселе әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікпен шешілуі керек, тек сонда ғана қоршаған ортаны сақтап қала аламыз», – дейді экология белсенділері. Осылайша, кейбір бас пайдасын ойлағандардың жағымсыз әрекеттері бүкіл қала халқы өміріне қауіп төн­діріп тұр. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ