Атырауда «алтын адам» күтеді
Атырауда «алтын адам» күтеді
374
оқылды

Атырауда Тұңғыш Президент күні қарсаңында Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» атты алтын адам реконструкциясының ашылу салтанаты болды. Шарада Миялы қорғанынан табылған 250-ге жуық тарихи құнды жәдігер  көрермен назарына ұсынылды. Ел тарихындағы осындай айтулы шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты. Өңір басшысы  тарихымызды түгендеу жұмыстары әр кез басты назарда болатынын атап өтті.

Көне тарих көп сыр жасырған өңірдің төл тарихымызға қосар олжалы сәті әлі де  алда. Өз дә­уірінде ұлы мемлекет құрып, әлем өркениетіне үлес қосқан ел­міз. Соңғы жылдары табылған мыңдаған жылдардың сырын бү­гіп жатқан баға жетпес тарихи жәдігерлер оған нақты мысал. – Биыл табылған сармат тай­­пасының ақсүйегі  тарихи жа­дымызды жаңғыртқан жаңалық болды. Бүгін куә болып отырған Миялы қорғанынан табылған екінші «алтын адам» ұлы дала­мыздың дара жауһары. Құнды жә­дігерлеріміз біздің 2 мың жыл бұ­рынғы терең тарихымызды зерт­теуге мүмкіндік береді. Аты­рау өлкесінің қойнауы қаз­ба байлыққа ғана емес, тари­хи құндылықтарға  толы. Төл та­рихымызды түгендеу жұмыс­тары басты назарымызда бола­ды. Топырағы тарихқа тұнған Аты­рау өңірінің ұлттық кодты жаң­ғыртудың ұстынына айналарына сенемін, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов. Облыс әкімі, сондай-ақ шара барысында ұлттық құнды­лықтарымыздың жандануына ерен еңбек сіңіріп жүрген рес­тав­ратор, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, Сурет­шілер одағының мүшесі, Құр­мет орденінің иегері Қырым Алтын­бековтің еңбегін ерекше атап өтіп, арнайы ризашылығын білдірді. Миялы қорғанына жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Марат Қасеновтің ай­туынша, қазба жұмыстары нә­ти­жесінде табылған әйел адам сармат тайпасына тиесілі. Әйел­дің үстіндегі киімі, тұтынған бұ­йым­дарының көбі алтыннан жа­салған. – Қабірді топырақтан тазалау кезінде алтын жапсырмалар мен алтын сырғаның бөліктері шықты. Қаңқаның аяқ жағынан пішіні шар тәріздес, төртқұлақты қола қазан табылды. Жалпы биіктігі  23 см болатын қола қазанның пішіні шар тәріздес. Қазанның тігінен орналасқан 4 тұтқасы бар, қарама-қарсы орналасқан екеуі жылқы стилінде бейнеленген, қазан ішіне қарап тұрғандай әсер береді. Жылқының жалы, құлағы және құйрығы анық байқалады. Одан бөлек, темірден жасалған 2 ат әбзелі, белдік жапсырмалары, сырға, құс бейнелі жапсырмалар, алтын жапсырма, қола жебе ұш­тары, қыш ыдыс  секілді жә­ді­герлер де анықталды, – дейді Ма­­рат Қасенов. Сонымен қатар археолог Атырау өңірінде мұндай обалар­дың көп екенін, әлі де біраз тари­хи құндылықтар зерттеліп жат­қанын атап өтті. Археологтердің пікірінше, Аты­рау жерасты қазба байлық­тарымен ғана емес, тарихымыздың  дәуірін, құндылықтарын паш ететін тарихи қазба орындарымен де ерекшеленеді. Сондықтан дә­уір жәдігерлерін  аршып табуда мем­лекет тарапынан қаржы бө­лініп, археология саласының да­муына мән беру – уақыт күт­тірмейтін іс. Tyrsin       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы