Қазақстанда 1 500 Ауған ардагері баспанасыз, «жетімбұрыш» жағалап жүр. Қан майдандағы өмір мен өлім арпалысынан оралғасын бейбіт өмірде, тәуелсіз елде тер төгіп, еңбек етіп жүрген ардагерлер мәселесіне көшбасшы партия ден қоюда. Осы орайда, Мәжіліс отырысында Nur Оtаn фракциясының мүшесі Б.Смағұл Премьер-Министр А.Маминге депутаттық сауалын жария етті.
Мәжіліс депутаты Nur Оtаn партиясы мен фракцияның мүшелері қатысқан кеңесте Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел-жұртты мазалаған мәселелерді бірлесе шешу керегін атап өткенін еске салды: «Стратегиялық бағытты негізге алып, әртүрлі әлеуметтік топтардың нақты мүдделерін көздеп, ел-жұрттың нақты сұраныстарын өтеген жөн» деді Елбасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі алғашқы Жолдауында адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуды «мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарының бірі» деп белгіледі.
Бақытбек Смағұл Үкімет басшысынан ардагерлерді қатты алаңдататын, әрі жедел шешімін күткен бірқатар проблемаларын шешуді өтінді.
– Біріншіден, Қазақстан бойынша 1 500-дей Ауған ардагері үй кезегінде тұр. Жаны мен тәні жаралы, егде тартқан ардагерлердің «жетімбұрыш» жағалап жүргені ұят іс, елдігімізге сын. Баспанасыз Ауған ардагерлерінің көбі кезегін 15 жылдан артық күтуде. Осы санаулы ғана ардагердің баспана мәселесін шешу – мемлекеттік маңызды мәселе. Бұл Отан қорғаушыларға деген құрметтің сабақтастығын қамтамасыз етеді және олардың қоғамдағы мәртебесін биіктетеді, – деді халық қалаулысы.
Екіншіден, Б.Смағұлдың мәліметінше, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан 700 ардагерге кезінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген, өздері ұзақ уақыт бойы тұрып жатқан баспаналарын тегін меншікке беру мәселесі шешілмей келеді.
– Мұның жақсы үлгісі бар. Мысалы, Ақтөбе қаласы әкімдігі өздеріндегі 11 Ауған ардагеріне тұрып жатқан үйлерін әуре сарсаңға салмастан, жекешелендіруіне жәрдемдесті. Ал басқа өңірлерде жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде шешім шығарып, ардагерлердің жекешелендіруіне жәрдемдесу орнына, сотқа шағымдануын талап етіп, сергелдеңге түсіруде. Бүгінде баспанасын тегін меншікке алу құқығына тек ҰОС ардагерлері ие. Белгісіз себептермен Ауған ардагерлері бұл тізімге кірмей қалды. Бұл тұрғыда әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру керек деп есептейміз, – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Интернационалист жауынгерлердің тағы бір түйткілді мәселесі бар. Олардың басым бөлігі мүгедек және дәрі-дәрмекке аса мұқтаж. Ал мемлекет беретін 14 800 теңге арнайы жәрдемақы мүлдем жетпейді екен. Сондықтан Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығына кіретін ардагерлік ұйымдар сол жәрдемақыны 16 АЕК-ке (40 400 теңгеге) дейін көтеруді ұсынады.
Бұл ұсыныстар әлеуметтік тиімділік әкеледі әрі ежелден жауынгер халық саналатын елімізде ата дәстүріне берік ұландарға құрмет көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға септеседі.
Елдос СЕНБАЙ