Ағымдағы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері аясында жиналатын қаражат есебінен Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды ұсынды.
Осы тапсырманы орындау үшін 2020 жылдың қыркүйегінде индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламалары мен "Нұрлы жол" бағдарламасының негізінде жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «БРК Лизинг» АҚ базасында Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды.
Қор өңдеуші өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге мүмкіндік береді және нарықтық мөлшерлемелерден төмен мөлшерлемелер бойынша отандық кәсіпорындарды қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ететін болады.
Осы шаралардың барлығы индустрияландыру бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асырудың қисынды жалғасы болып табылады, ол 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында тұрған маңызды міндет өзінің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу болып табылатынын атап өтті.
Өнеркәсіп қорын құру Машина жасауды дамыту жөніндегі 2019 – 2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асырудың түйінді тармағы болып табылады. Бұл құжат Қазақстан машина жасаушылар одағының тікелей қатысуымен әзірленген және қабылданған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы - М.Қ. Пішембаевтың пікірінше, машина жасаушылардың қорды құру және қаржыландыру жөніндегі бастамасы ұзақ мерзімді және арзан ақшаға, оның ішінде капиталды көп қажет ететін өндірістерді дамыту үшін қол жеткізуге жол ашады.
Жақында Қазақстан Парламентінің Мәжілісі жаңа Экологиялық кодекстің өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен өңдеу кәсіпорындарына қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету бөлігінде өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Бұл ретте Өнеркәсіпті дамыту қоры қаржыландыру операторы болады.
Қор қызметінің негізгі басымдығы қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті дамытуға бағытталған стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру болады.