Алаяқтардан айла артылмай тұр

Алаяқтардан айла артылмай тұр

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лі­гінің карантин жө­ніндегі мем­ле­кеттік инс­пек­торлары 60 тон­надан астам қауіпті импорттық дәнді да­қылдарды, жидектерді, көкөністер мен жемістерді кері қайтарды.

Өйткені 22 тонна құрма мен мандариннен қауіпті карантиндік зиянкестер – қара цитрустық ақ­қанат (Aleurocanthus woglumi Ashby) және Комсток құрты (Pseudococcus comstocki (Kuwana) анықталған. Бұл тауарлар елімізге Ресей Федерациясынан, Қытай мен Өзбекстан Республикасынан жеткізілген. Кәсіпкерден айла ар­тылмай тұрған заман болды. Айта кету керек, сонымен қатар мемлекеттік инспекторлар қап­тама таңбалары жоқ 26 тоннадан астам құрма, 4,4 тонна жүзім, 2,4 тонна қызанақ және 126 ке­лі лимон, фитосанитарлық серти­фикаты жоқ 5 тонна бидайдың Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салған. Өзбекстаннан тыйым салынған өнімді қол жүгі арқылы өткізудің бірнеше оқиғасы да тіркелген. «Бір апта ішінде Түркістан, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарында жоғары фитосанитарлық қаупі жоғары өсімдік өнімдерін заңсыз жеткізудің 15 жағдайы анықталды. Қазақстан аумағына тасымалдауға тыйым салынған өнімдер Өз­бек­стан Республикасына, Ре­сей Федерациясына және Қы­тайға кері қайтарылып, жа­уап­ты тұлғалар әкімшілік жауап­­кершілікке тар­тылды» де­й­ді мамандар. Еске сал­сақ, Президент Қ.Тоқаев ше­кара маңындағы аумақтарда ветерина­риялық және фитосанитариялық бақылауды күшейтуге бағыт­талған «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне агро­өнеркәсіптік ке­шенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заң күшіне енгеннен кейін ветеринария және фитосанитария саласындағы барлық бақылау-қадағалау функ­циялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі.

Қазіргі таңда тауарды таң­баламай немесе жалған құжатпен айналымға жіберу жұмыстары да әр елдің «бас ауруына» айналған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мы­ның таратқан деректеріне қара­ғанда дүние жүзіндегі сауда айна­лы­мының 2,5 пайызын жалған тауар­лар құрайтын көрінеді. Және де әлемдік сауда айналымындағы жалған тауарлардың жалпы құны жылына 500 млрд долларға жетеді екен. Түрлі тауарлардың заңсыз көшірмесін жасап сатуға шығаратын елдердің көшін Қытай Халық Рес­публикасы бастап тұр. Бұл ел жалған тауарлардың 63,2 пайызын шығарады. Ал Түркияда мұндай тауарлардың 3,3 пайызы өндіріледі. Одан соң 1,9 пайыз көрсеткішпен Син­гапур, 1,6 пайыздық үлеспен Тай­ланд, барлық жалған тауарлардың 1,2 пайызын шығаратын Үндістан мен 0,6 пайыз үлесі бар Марокко тізімге еніпті.

Бір атап өтетін жайт, жалған тауар өндіру ісі киім-кешек пен парфюмериядан бастап, машина жа­сау, химия өнеркәсібіне дейін жеткен. Әсіресе, әлемдік бренд­тер­дің жасанды көшірмесін жасау кең таралып отыр.

Қазақстандық бизнесмендер де сыртқа заттарын шығару ке­зінде түрлі заңбұзушылыққа бара­ды. Бір ғана мысал, Батыс Қа­зақстан облысында заңсыз тауар тасы­малына қарсы күрес өтіп, үш айдың ішінде мемлекеттік кі­рістер департаменті ел аума­ғынан заңсыз шығарылып жат­қан бірнеше жүктің жолын кескен. Жаңа талаптарға сай, ен­ді шекарадан өткізілетін бар­лық тауарды жіберуші және қабыл­даушы тараптардың де­рек­тері ақпараттық базада көр­сетілуі тиіс. Осылайша, «Сы­рым» шекара бекетінде тоқта­тылған 15 жүк көлігі тауа­ры­мен бірге келген жағына кері қайтарылған болатын. Өйткені жүк иелері әлдеқашан жабылып қалған фирмалардың құжатын көрсеткен. Осылайша, олар салық төлемеген. Облыс бойынша 2 мыңнан астам жүк көлігі тоқтатылса, ел аума­ғын­дағы көрсеткіш бұдан да көп. Көп жағ­дайда тауардың қо­жайындары та­былмай жатады. Енді жаңа ше­шімге сай, тиісті құ­жаты жоқ тауар шекарадан өт­кізілмейді. «Үш ай­да өткізілген тексерісте 6 184 кө­ліктің 2 408-інің иесі жоқ болып шық­ты. Жүк­ті жіберушілер мен қабыл­дап алу­шы­лардың тіркеу нө­мірлері табылмады әрі тиісті құ­жаты жоқ. Енді бірі әлдеқашан жа­былып қалған кәсіпорындарға жол­д­а­ныпты. Мемлекеттік кірістер де­партаменті экспорттауға тыйым салынған тауарды өткізбек бол­ған 74 фактіні әшкерелеген. Оның 69-ы – түсті металл, дизель­дік отын, макулатура мен мал терілері. Бұл жүк ел­дің басқа облыстары арқылы Ресей­ге жолданған» дейді Кіріс депар­та­менті мамандары.

Иә, заңсыз тауар айналымы немесе адам денсаулығына кері әсері бар заттарды шекара арқылы өткізу бүгінгі күні бас­ты мәселе болып тұр. Ол үшін сырттан кір­гізген және экс­порттаған тауар талапқа сай болғаны дұрыс. Кез келген кә­сіп­кер заң аясында жұмыс істеуі керек.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ