Мемлекеттік сектордың HR менеджерлері жаңа технологияларды меңгеруде
Мемлекеттік сектордың HR менеджерлері жаңа технологияларды меңгеруде
440
оқылды
«HR практикум: HR трендтері және практикалық дағдылар» модульдік оқу бағдарламасы аяқталып, оның түлектері – мемлекеттік қызметшілер жаңа білімдерін тәжірибе жүзінде табысты іске асыруда. Модульдік оқыту Астана мемлекеттік қызмет хабы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жаңа ахуалда мемлекеттік қызметтегі кадрлар басқару тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен жобасы. Бес ай бойы онлайн режимде Қазақстанның ірі компаниялары, коммерциялық банк HR менеджерлері Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстанның 90-нан астам мемлекеттік қызметшілерімен білімі және озық тәжірибесімен бөлісті. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі - әрбір үшінші қатысушы Қазақстанның әр түкпірінде – облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органда жұмыс істейді. Олар қашықтан жұмыс істеу жағдайында бағдарламадан үйренген білімдері мен қабілеттерін іске асырып жатқандарын баяндады. Пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бағдарламаны аяқтағаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы Новобаженов ауылдық округі әкімі аппараты маманы Зарина Адасбаева өз мекемесінде қызметкерлермен етене жақын жұмыс істеу, олардың уақытын басқару бағытында жұмыс істей бастаған. Бұл – бір жағынан, бағдарламада үйренген Дэвид Ульрих моделін қолдану көрінісі болмақ. «Бұл шешім халыққа қызмет көрсетуді бағдар тұтатын әкімшілік форматына шығынсыз көшуге мүмкіндік берді. Ұйымда мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша шағын оқытулар енгізілді. Өйткені, пандемия кезінде әкімшіліктер Халыққа қызмет көрсету орталықтары рөлін атқара бастағаны мәлім», – дейді Адасбаева. Оның айтуынша персоналды оқыту шағын нұсқаулықтар мен бейнероликтер түрінде ұйымдастырылып, әлеуметтік желіде таратылған. Осылайша, мемлекеттік қызметшілер ғана емес, әкімшілік сайтына кірген кез-келген азамат қызмет көрсету саласы бойынша жаңа ақпаратпен танысып,  біліктілігін жетілдіре алады. Бағдарлама сонымен бірге жетекшілік, көшбасшылық қабілеттерін дамытқысы келген мемлекеттік қызметшілер үшін де пайдалы. «Заманауи басшы HR саласындағы трендтерді білуі тиіс, сол арқылы кадларды іріктеп, оқытып, ынталандыра алады, яғни алға қойылған мақсаттарды тиімді орындай алады», – дейді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев. Бұл бағдарлама оған көптеген жаңа ұғымдармен танысуға, атап айтқанда Дэвид Ульрих моделі, маркетингтік рекрутинг, STAR техникасы бойынша сұхбат өткізу тәсілдерін игеруге мүмкіндік беріпті. Ол жаңа білімінің басым бөлігін іс жүзінде қолдана бастаған. Мысалы, ауылдық округ әкімдерімен сұхбат өткізу кезінде STAR техникасын қолданған және өзі басқаратын ұжымда микроқытуды енгізген. «Болашақ» АҚ-ның әкімшілік департаментінің директоры Анар Құсайынова «бұл бағдарлама - замануи, практикаға бағдарланған, дайын білім өнімі» – деп есептейді. «Біз HR саласындағы өзекті трендтер және шешімдер, қызметкерлермен жұмысты жақсарту бағытындағы тиімді ұсыныстармен таныстық, сонымен бірге квазимемлекеттік сектордың HR саласындағы табысты тәжірибелері туралы ақпарат алдық», – деп ойын қорытты Құсайынова. Бағдарламаның негізгі тренерлері «Қазақстан HR менеджерлерінің республикалық қауымдастығы» ҚБ-тің Үйлестіру кеңесінің төрайымы Гүлмира Раисова және менеджмент пен көшбасшылық саласындағы жетекші сарапшы Ирина Туралиева болды. Модульдік оқыту ұйым құрылымындағы HR-дың рөлі мен орны, қызметкерлерді жалдау және ұстап қалу, оқыту және дамыту, еңбекақы төлеу және ынталандыру, таланттарды басқару, мансаптық жоспарлау, сабақтастықты қамтамасыз ету, тиімділікті басқару және корпоративтік мәдениет сияқты тақырыптарды қамтыды. Бағдарлама қатысушыларының пікірінше, бұл жоба – еліміздің, Қырғыз Республикасының және Өзбекстанның түкпір-түкпірінен келген кадр қызметкерлерінің теориялық және практикалық білімдерін арттырудың бірегей мүмкіндігі болды, одан әрі қарай дамуға және ұйымдағы HR рөліне басқаша көзқараспен қарауға серпін берді. Сондай-ақ, қатысушылар бұл бағдарламаның мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың және мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің қазіргі заманғы басымдықтарымен ұштасатындығын ерекше атап өтті.