Қазақстан ақша жымқыру бойынша 73-орында
Қазақстан ақша жымқыру  бойынша 73-орында
270
оқылды

Базель мемлекеттік басқару  институтының (Basel AML Index) қаржыны заңсыз шығару мен терроризмді қаржыландыруға қатысты индексінде  Қазақстан 2020 жылы 73-орынға ие болды. Бұл еліміздің қаржы жымқыру мен оны заңсыз ұйымдарға  аудару деңгейі  бойынша былтырғы көрсеткішке қарағанда 45 сатыға жақсарғанын көрсетеді.

Аталған индекс басынан кері қарай саналады. Онда 1-орын алған мемлекет қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, күмәнді  есеп­шоттарға аудару жағынан көш бастайтын,  жағдайы ең нашар ел болып есептеледі әрі осынау орында Ауғанстан тұр.  Сондықтан  Қазақстанның  былтырғы 28-орыннан биыл 73-орынға сырғып кетуі жақсы көрсеткіш саналады. Рейтингке 141 мемлекет қатысқан болса, Қазақстан  посткеңестік елдер ішінде 67  және 66-орындардағы Украина мен Әзербайжанды, 52, 43, 32 және 27-орындардағы Ресей, Өзбекстан, Тә­жікстан мен Қырғыз Рес­публикасын антирейтингте алға жіберген. Ал заңсыз қаржы айналымы ең аз тіркелген мемлекет ретінде 141-орындағы Эстония  танылыпты. Сонымен қатар қазақстандықтардың банк карталарындағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру деңгейі де төмендеген. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында  банк карталарынан «шешілген» қолма-қол ақша көлемі 12 трлн теңгеге жетіпті. Мамандар мұны соңғы жылдардағы ең төменгі  көрсеткіш ретінде бағалап отыр. Ал сарапшылар әдетте қолма-қол ақшаны көлеңкелі  бизнес пен  экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға қолайлы құрал деп санайды. Антирейтингтегі орнымыздың жақсаруына  қолма-қол ақша пайдаланудың азаюы да ықпал етсе керек.

А.СҰЛТАН