Базель мемлекеттік басқару институтының (Basel AML Index) қаржыны заңсыз шығару мен терроризмді қаржыландыруға қатысты индексінде Қазақстан 2020 жылы 73-орынға ие болды. Бұл еліміздің қаржы жымқыру мен оны заңсыз ұйымдарға аудару деңгейі бойынша былтырғы көрсеткішке қарағанда 45 сатыға жақсарғанын көрсетеді.
Аталған индекс басынан кері қарай саналады. Онда 1-орын алған мемлекет қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, күмәнді есепшоттарға аудару жағынан көш бастайтын, жағдайы ең нашар ел болып есептеледі әрі осынау орында Ауғанстан тұр. Сондықтан Қазақстанның былтырғы 28-орыннан биыл 73-орынға сырғып кетуі жақсы көрсеткіш саналады. Рейтингке 141 мемлекет қатысқан болса, Қазақстан посткеңестік елдер ішінде 67 және 66-орындардағы Украина мен Әзербайжанды, 52, 43, 32 және 27-орындардағы Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасын антирейтингте алға жіберген. Ал заңсыз қаржы айналымы ең аз тіркелген мемлекет ретінде 141-орындағы Эстония танылыпты. Сонымен қатар қазақстандықтардың банк карталарындағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру деңгейі де төмендеген. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында банк карталарынан «шешілген» қолма-қол ақша көлемі 12 трлн теңгеге жетіпті. Мамандар мұны соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіш ретінде бағалап отыр. Ал сарапшылар әдетте қолма-қол ақшаны көлеңкелі бизнес пен экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға қолайлы құрал деп санайды. Антирейтингтегі орнымыздың жақсаруына қолма-қол ақша пайдаланудың азаюы да ықпал етсе керек.А.СҰЛТАН