Абақтының ар жағына коронавирус індеті кірмегенімен, басқа «вирус» жайлауда екен. Қызылорда облысының түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан түркістандық ер адамның діни алауыздықты қоздыруға бағытталған уағыз таратумен белсенді айналысып жүргені анықталды.
Оны әшкерелеу үшін облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бірлескен операция жүргізді. Жүргізілген іс-шара барысында темір тордың ар жағында отырған Түркістан облысының 43 жастағы тұрғынының сотталушылар арасында діни алауыздықты қоздыруға бағытталған уағызбен айналысып жүргені белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сараптама қорытындысында сотталушының діни уағыздарынан терроризмді насихаттау белгілері анықталды. Күдіктіге қатысты енді Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1-бөлігіне сай (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.Ерік ЕРДЕНОВ