Министрлік сенаторға жауап берді
Министрлік сенаторға жауап берді
253
оқылды

Денсаулық сақтау ведомствосы аймақтарға 1 500 өкпені жасанды желдету аппаратын жеткізуге қатысты дауға түсініктеме берді. «Асселсан Инжиниринг» ЖШС шығарған осынша отандық аппарат Үкімет резервінің қаражаты есебінен сатып алынған-тын.

– Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын 297 медициналық ұйымға құрылғылардың жеткізілуін бақылап отыр. Қазіргі уақытта осы медұйымның барлығы 1 500 құрылғыны қабылдау актілеріне қол қойды. Осылайша, олар пайдалануға дайын», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Әсем Нүсіпова. Келісімшарттың негізгі талабы бойынша техникалық ерекшелікке сәйкестігін қайта тек­сергеннен кейін ғана құрылғылар қабылданады екен. Ал іске қосу процесі құрылғыларды орнатуды, реттеуді, іске қосуды, олардың сипаттамаларын тексеруді, бағдарламалық қамтылымға қол жеткізу үшін сервистік кодтар бойынша өндірушінің бі­лікті мамандарды оқытуын қамтитын көрінеді. «Барлық құрылғылар осы сынақтан өтті. Олар дымқылдатқыштармен, компрессорлармен және басқа да қажетті компоненттермен жабдық­талған», – деді Әсем Нүсіпова. Дау сенатор Нұрлан Қылышбаевтың мәлім­демесінен кейін туындаған. ДСМ оның сөзін жоққа шығарды: сенатор қазақстандық ӨЖЖ аппараттары жарамсыз дегенге келтірген, шы­нында қараша басында өңірлерге жеткізілген аппараттар кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, қажетті инсталляциялау мен ретке келтіру рәсімдері өтіп жатыпты. «Ол мониторинг деректерін алға тартқан. Бірақ сол кездің өзінде барлық 1 500 аппарат өңірлерге жеткізілген. Шығыс Қазақстан облысына келетін болсақ, облыстың Денсаулық сақтау бас­қар­масының мәліметінше, барлық 100 аппарат өңірдің 34 ауруханасында тұр және пайдалануға дайын», – деді вице-министр. Осылайша, отандық 1 500 ӨЖЖ аппараты жұмысқа жарамды болып шықты. Бәріне 37 ай кепілдік беріледі.

Ерік ЕРДЕНОВ