2020 жылғы 10 қаңтарға белгіленген сайлауға қатысты Орталық сайлау комиссиясы Саяси партияларды партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлауға жіберу туралы қаулысына өзгерту жасады. Өйткені атаулары ауысқан кейбір партиялар тіркелу процесін аяқтаған.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев тіркеу процесі толық аяқталған Adal саяси партиясы мен Қазақстанның Халық партиясы алдағы сайлауға жіберілетінін айтты. Adal партиясы мен Қазақстанның халық партиясы республикалық, сонымен қатар өңірлік деңгейде қайта тіркеуден өтті. Сондай-ақ Adal партиясы Түркістан облысындағы филиалын қайта тіркеуден және Шымкент қаласындағы филиалын есептік тіркеуден өткізгенін атап өткен жөн. Осыдан бұрын партияның бұл өңірлерде сайлауға қатысуға рұқсаты болмаған. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының «Кейбір саяси партияларды партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлауға жіберу туралы» қабылданған қаулыны қайта қарау қажет», – деді ОСК төрағасы комиссияның отырысында.
Отырыста баяндама жасаған ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуына қарағанда, 2020 жылғы 5 қарашада Орталық сайлау комиссиясы 6 саяси партияны Парламент Мәжілісі депутаттарын және партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылдаған. Сонымен қатар Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, 11 қарашада «Бірлік» саяси партиясы қайта тіркеуден өтіп, Adal саяси партиясы болып атауын өзгертті. Сондай-ақ 2020 жылғы 12 қарашада Қазақстан Коммунистік Халық партиясы да тіркеуден өтіп, Қазақстан Халық партиясы болып өзгерді. Бұл партиялардың барлық филиалы 14 облыстың әділет органдарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында есептік қайта тіркеуден өтті. ОСК қаулысының өзгеруіне аталған партиялардың қайта тіркеуден өтуі себеп болса керек.
Сонымен қатар ОСК отырысында комиссия мүшесі Анастасия Щегорцова шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселесі жайлы айтты. Оның сөзіне қарағанда, шетелдік байқаушыларды аккредиттеуді Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша ОСК жүзеге асырады. Ал күні бүгінге дейін қаңтардағы сайлауға 29 байқаушы тіркеліпті. СІМ-ның 17 қарашадағы ұсынысы бойынша тіркелген аталған байқаушылар ТМД Парламентаралық Ассамблеясы атынан жұмыс істейді. Бірақ алдағы сайлау байқаушы ретінде қатыспақ болған шетелдік байқаушылар саны әлі де өсуі мүмкін.