Елорданың коммуналдық сала қызметкерлері мен энергетиктері екі күн бойы әбігерге түсті.
Қарашаның 9-ы күні жауып бастаған қар кешке дейін қаланы ақ мамыққа орап тастады, артынша ақтүтек боран соқты. Бұл Арқа үшін қалыпты жағдай, алайда сол түні қаладағы бірнеше тұрғын үй кешені жарықсыз қалды. Төтенше жағдайдың жексенбіге сәйкескені абырой болды, өйтпегенде қаланың тең жартысы «жансызданып», ел жүрегі – астана инсульт алғандай күйге түсер еді.
Себебі жарықсыз қалған ғимараттар қатарында Ақордадан бастап Парламент Сенаты, Мәжіліс, Министрліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы сот, «Уют», «Краун Плаза», «Тұмар» (2 үй), «Арт Хаус», «Вива плаза», «Алатау», «Сулы-жасыл желек жолы» тұрғын үй кешендері мен «Бәйтерек» монументі, «Зүбәржат орамы» бизнес орталығы, «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығы, Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат ғимараттары бар. Жарықтың сөнуіне 9 қарашадан 10 қарашаға қараған түнгі сағат 02.04-те елордадағы «Левобережная» 110/10 кВ шағын стансасының 10 кВ кабель каналында шыққан өрт себеп болған. Электр стансасындағы апат орнына қала басшысы Алтай Көлгінов барды. Ол Facebook парақшасында «Левобережная» подстансасының кабель желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын, көшпелі дизель-генераторлар іске қосылғанын, сондай-ақ тұрғын үйлер мен нысандардың бөлігі өрт сөндірушілердің қауіпсіздігі үшін электр желісінен ажыратылғанын жазды. Ал кеше таңертең елорда әкімдігінің баспасөз қызметі бірқатар әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үй кешендеріне электр жарығы беріле бастағанын хабарлады. Алайда жарықпен қамтылды деген «Сулы-жасыл желек жолы» тұрғын үй кешенінде орналасқан әкімшілік ғимараттарға жарық түстен кейін ғана берілгенін айтуымыз керек.
Мәселеге Мемлекет басшысы араласты
Елорданың жарықсыз қалуы Мемлекет басшысын бейжай қалдырмаса керек, Қасым-Жомарт Тоқаев астананың басым бөлігін жарықсыз қалдырған апатты жағдайға байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды.
«Комиссияға Вице-премьер Роман Скляр төрағалық етеді. Комиссия мұқият зерттеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, қажет болған жағдайда істі құқық қорғау органдарына өткізеді. Президент Үкімет пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.
Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр елордада электр энергиясының ажыратылу себептерін анықтау жөніндегі комиссияның алғашқы отырысын өткізді. Ал Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов апатты жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Апат жағдайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша (өрт қауіпсіздігін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жедел тергеу тобы қолға алды. Іс Ішкі істер министрінің бақылауында», – деді ол БАҚ өкілдеріне берген жауабында.
Ал кеше кешке қарай қала әкімдігі апатты жағдайдың мән-жайын түсіндіру үшін БАҚ өкілдерін жинап, арнайы топтың екі күн жұмыс істеп, аварияның салдарын толық жойғанын, әкімшілік ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлердің барлығына электр қуаты берілгенін мәлімдеді.
«Арт-хаустағы» хаос
Астана әкімдігі жедел әрекет еттік десе де, қала тұрғындары жарықтың қосылуын бір жарым тәулікке жуық күтуге мәжбүр болды. Есілдің сол жағалауына газ тартылмаған. Барлық тұрғын ас-суын электр пеште пісіреді. Ал кейбір тұрғын үй кешендерінің электр жарығы сөнсе, жылуы мен суы да қоса сөнеді. Екі сымға байланған елорданың тұрғындары үшін жарықсыз қалу ауасыз қалумен тең.
Астанадағы «Арт-хаус» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айнұр Коскина да жарық сөнсе, жылусыз, сусыз қалатын үйде тұрады.
«Біз жарықсыз қалғанымызға емес, жылусыз қалатынымыз үшін алаңдадық. Өйткені дәл сол күні күн райы бірден суып кетті, әуелгіде үй менеджеріне хабарластық, себебі бірер күн бұрын да жарық сөнген болатын. Алайда басқарушы компания бұл біздің үйге ғана қатысты мәселе емес, қалалық мәселе екенін айтқан соң, 109-ға хабарластық, бірақ бұл қызмет түні бойы өшірулі тұрды. Тек таңға жуық қана жылумен, жарықпен, сондай-ақ лифтімен қамту үшін дизельді генераторды іске қосты. Бірақ дизельді генератор тұтас тұрғын үй кешенін жарықпен қамтуға қауқарсыз болып шықты. Сондықтан оған лифтіні ғана қосып қойды. Сөйтіп, тағы да сусыз, жылусыз, жарықсыз қалдық. Біз тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды көрген ұрпақпыз, мұндай жағдайға үйренгенбіз. Жас буын үшін бұл апокалипсиспен бірдей болды. Жарықты әне береді, міне береді дегенімен, беріле қоймады. Амал жоқ, туыстарымызға барып тамақтандық. Ең қиыны бағдаршамдар жұмыс істемей қалғанда болды. Жол қозғалысын реттеп жатқан полицей көрмедік. Есесіне, олар реттеушінің жоқтығынан болған жол-көлік оқиғалары жақта жүрді. Одан да жол қозғалысын реттесе болар еді деп ойлаймын. Қалай десек те, қыс басталмай жатып, елорданың инфрақұрылымы сыр берді. Жаңа әкім бұл мәселеге дайын болмай шықты», – дейді ол.
Оның пікірінше, егер бұл оқиға Есілдің оң жағалауында болса, электр желілері ескі деп түсінер едік, ал сол жағалаудағы желілер жаңа емес пе?
«Жаңа инфрақұрылымға қызмет көрсете алмағанымыз қалай? Көршіміздің баласы жасқа толмаған. Баласына қайнаған суға қосып беретін ботқасын бере алмай, «Мегаға» баруына тура келді. Сол жақта кешке дейін жарықтың қосылғанын күтіп жүрді. Мен үшін қорқыныштысы – қарапайым бір кабельдің жануы қаншама әкімшілік ғимараттарды жарықсыз қалдырды. Ал дизельді генераторлар мәселені шеше алмады», – дейді қала тұрғыны.
Апатқа кім кінәлі?
Айнұр Коскина сияқты тұрғындарды жарық қосылғанға дейін іске қосылған дизельді генераторға жұмсалған жанар майдың шығынын кім төлейтіні алаңдатып отыр. Астана әкімдігінде өткен брифингте бұл шығынды тұрғындардан өндіруге ешкімнің құқы жоғы айтылды. Яғни, дизель шығынын тұрғындарға электр энергиясын жеткізуші компания көтереді. Себебі оның міндеті – тұрғындарды үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету. Мұндай жағдайда кінәлі тарапты іздейтін әдет бар. Ал дәл осы оқиғада кінәліні анықтау қиынға соғатын сияқты. Себебі Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Ернат Бәзіл бұл оқиғада әкімдік кінәлі емес, біз де зардап шегушілерміз деп отыр.
«Біз де әкімдік пен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын үшін айыпты тараптан шығынымызды өндіріп алғымыз келеді. Біз де халықпен бірге зардап шектік. Біздің ақша төлеп тарттырған электр желілеріміз жанып кетті, халыққа жарық жеткізіп отырған мүлкімізге зиян келді. Сондықтан біз өз шығынымызды есептеп жатырмыз, дизель генераторының отынын да санаймыз. Кінәлі тарап анықталғанда келген шығын көлемін ұсынып, орнын толтыруды талап етеміз», – дейді ол.
Оның айтуынша, тәулікке жуық уақыт жарықсыз қалған сауда орындары да шығындарын есептеп, сотқа жүгіне алады.
Брифингте «Левобережная» 110/10 кВ шағын стансасының кабельдерінің жану себебі туралы ештеңе айтылмады. Белгілісі, Сығанақ пен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жерасты электр желісіндегі кабельдің 60 метрі жанған. «Өрттің себебін комиссия анықтасын, ал кабельді кім көрінген ашып көре алмайды да, өрт қоя алмайды да» дейді әкімдік өкілдері.
БАҚ өкілдерінің сұрағына берілген жауаптан түйгеніміз: өртенген кабельді орнатуға тапсырыс берген «Астана ЛРТ» компаниясы, ал орындаушы бас мердігер «Құлагер» ЖШС екен. Кабель 2017 жылы салынған.
Есте болса, былтыр қазан айында Есілдің сол жағалауы жарықсыз қалған еді. Ол кезде құрылыс жұмыстары кезінде «Шұбар ұяшығы 405» шағын стансасының кабелі қиылып кетіп, Шұбар шағынауданы, Сарайшық пен Қонаев көшелері, «Нұрсая», «Арайлым», «Лазурный квартал», «Жаңа әлем», «Версаль» тұрғын үйлерінің халқы жарықсыз қалған-ды. Сол кезде апатқа кінәлі тарап, яғни құрылыс компаниясы жауапқа тартылады деген болатын. Алайда одан кейін компанияның жауапқа тартылғаны туралы ешбір дерек айтылмады, біз де таба алмадық. Кешегі апатқа кінәліні де былтырғыдай елеусіз ұмыт қалдырмаса болғаны...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ