Отандық стартап жобаларды дамыта алдық па?
Отандық стартап жобаларды дамыта алдық па?

Қазіргі кезде стартап сөзін жиі ұшырастырамыз. Кә­сіпкерлікпен айналысып жүр­ген, өз ісін бастауға ал­ғашқы қадам жасаған жас­тардың кө­бі бұл сөзбен жақын таныс. Жедел даму мен көп пайда табуды мақсат тұтқан­дардың жаңа қаржылық жоба­сы са­­налатын стартапқа бір қа­­ра­­­ғанда кез келген жаңа бас­­та­­маларды жатқызуға бо­­латын сияқты көрінеді. Әйт­се де, жобаңыз стартап саналуы үшін белгілі бір шарттар бар. Яғни, қарапайым кафе аш­­саңыз, жобаңыз стар­­­­тап­қа жат­­пайды, ол үшін сіз өзге­­лерде жоқ, тың дүние­мен ерек­шеленуіңіз тиіс.

Шетелдерде мұндай жобаның саны көп, бәсекелестігі де жо­­ға­ры. Iese испан бизнес-мек­тебінің венчурлік (стартапты қар­­жыландырған ақша) нарық рейтингіне сәйкес, еліміз 125 мемлекеттің ішінде 57-орында екен. Жалпы ішкі өнім деңгейі бойынша Қазақстан 206 елдің ішінде 46-орында тұр. Экономикаға тартылған шетел капиталының мөлшері жағынан Орталық Азияда Қазақстан көш бастап тұр. Бізге аталған аймақтағы барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызы тиесілі екен, 260 млн доллардан асады. Сонымен, отандық стартап жоба­лардың жай-күйі қалай? Бүгінде қандай стартап жобалар танымал? Осы мәселеге тоқталсақ.

Астана хаб нәтиже берді ме?

Бұл халықаралық технопарктің құрылғанына 2 жылдан астам уақыт болды. Мақсаты – қазақстандық және шетелдік технология компа­нияларының дамуы үшін жағдай жасау. Қазір мұнда 369 компания стартап жобаларымен айналысып жатыр екен. Технопарктің өкіл­дерінің сөзіне сенсек, компаниялар инвесторларды тарту жағынан бел­сенді. Мәселен, соның біреуіне тоқ­талсақ. Sagi стартап-жобасы жеке инвесторлар 260 мың доллар инвестиция тартқан. Жобаның негізін қалаған Жақсылық Есел­баевтың жаңалығы расымен ерек­­­­­­­ше екен. Sagi мобильді қо­сымшасы арқылы кез келген адам жақындарына сыйлық жібере ала­ды. Мысалы, бұл ой пандемия ке­зінде келген. Қосымша арқылы көрсетілген брендтерге өтіп, белгілі бір сыйлықты таңдап аласыз. Оны ашық немесе анонимді түрде жақындарына жолдайды. Сондай-ақ қосымшаға туған-туыстарыңыздың туған күнін белгілеп қойсаңыз, мобильді қосымша сол күні авто­­матты түрде хабар береді. Осы се­кілді енді бастау алған жобалар көп. Айтпақшы, Астана хаб бұдан былай әр өңірде өз филиалын ашып, аймақтардағы талантты жастарды тартуды мақсат етіп отыр­ғанға ұқсайды. Шыны керек, елімізде ауқымды технопарктер санаулы ғана. Бүгінде Астана хабтан бөлек, Алматы қаласында ашылған Neupusti порталы да бар. Портал жаңа жобаларды қолға ал­ған жастарға кеңес айтып, қолдау көрсетеді.

Сәтті жобамыз бар ма?

Жоғарыда айтқан Астана хаб технопаркінің мүшелері аш­­қан ғылыми-технологиялық жаңа­лықтар аз емес. Соның ішінде екі жобаға ерекше тоқталмақпыз. Пан­­демия медицина саласының осал тұстарын ашып көрсеткенін аңғарттық. Әңгіме етер қос жоба – дәл осы медицинаға қатысты жо­балар. Нұртуған Мұмамедалиев SOS медициналық жүйесін 2014 жылдан бастап қолға алған. 2018 жылы жүйе сынақ ретінде Ақтау қаласындағы перинаталдық орта­лыққа орнатылған. Енді аталған жүйенің қалай жұмыс істейтініне тоқталсақ. Әдетте ауруханаға нау­қастар келіп түскенде дәрігерлер науқастың жағдайына қарай әр бөлімге жібереді. Бірақ оның өзі біраз уақыт алады. Дәрігерлерді шақырып, орынды әзірлеу үшін аз уақыт жеткіліксіз. Ал жаңа жүйенің ерекшілігі мынада, SOS батырмасы аурухананың әр бұрышында ор­натылған. Кез келген науқас не­ме­се медбике қалаған маманды шақырту үшін осы батырманы басса жеткілікті. Дәрігерлерге лезде хабар жетіп, бәрін алдын ала қамдауға мүмкіндік туады.
– Жүйені науқастардың қауіп­сіздік деңгейін жоғарылатуға жә­не медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру мақса­тында орнаттық. Осы уақытқа дейін батырма арқылы 3 000-нан көп шақырту жасалған. «Медициналық инцидент» деген термин бар, барлық әрекет осы жүйе арқылы тіркеледі. Жалпы, SOS медициналық жүйесі Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана хаб IT-технопаркінде одан әрі дамытылып жатыр. Отандық ин­новациялық технологияны алғашқы болып қолдандық, – дейді жоба авторы.
Екінші жоба Clockster ком­паниясының басшысы Ержан Рыс­қалиевтың бастамасы. Авто­маттандыру жүйесін әзірлейтін қазақстандық стартап адамның бет-келбеті арқылы дене температурасын анықтайды. Жаңа жүйе адамның дене қызуын автоматты түрде анық­тайды. Егер адамда дене қызуы жоғары болса, деректер автоматты түрде базада сақталады. Адамға электронды мекенжай бойынша хабар жіберіледі. Дене қызуы жоғары адамның кеңсеге кіруіне тыйым салуға болады. Яғни, қызметкерді турникет арқылы өткізбейді екен. Қазіргі уақытта жаңа жүйе Астана хаб халықаралық технопаркінде орнатылған. Сондай-ақ түрлі ком­паниядан 10-ға жуық алдын ала тапсырыс түскен екен.
– Бұл сервис коронавирус ин­фекциясының таралу қаупін азайту үшін құрылыс секторы, ауруханалар, медициналық мекемелер, мек­тептер, университеттер үшін өте қолайлы. Қазір көптеген ком­панияда адамдардың дене қызуын күзетшілер өлшеп жүр. Мұнда адам факторы көп. Күзетші кей температураны байқамауы мүм­кін. Кейде құрылғылар да қате нәтиже көрсетеді. Сонымен қатар қызметімізде келушілердің темпе­ратурасын қолмен жазудың қажеті жоқ. Егер жаңа құрылғы қолданыста сұранысқа ие болса, күзетшілердің жұмысы жеңілдемек, – дейді Ержан Рысқалиев.
Міне, осы секілді жаңалықтар елімізде стартап жобалардың нәти­желі болып жатқанын аңғартса керек. «Атамекен» ҰКП-ның бол­жауынша, егер Қазақстанда 100 мың адам осы бағытта білім алар болса, соның 10 пайызының стартап жо­балары сәтті шығады екен. Табысты жобалар көбейсе, жастар да жаңаша ойлаудан қорықпаған болар еді. Идея бар, демек табыс та жоқ емес.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ