Атырауда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры ғимаратының алдында театр және кино актерлері – Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов және Хадиша Бөкееваға арналған ескерткіштердің ресми ашылуы өтті.
Салтанатты жиынды Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақтыгүл Хаменова құттықтау сөзімен ашты.⠀ – Міне, бүгін театрдың төрт тарланына Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алдынан ескерткіш ашылмақ. Бұл жай ғана сәулет өнерінің үлгісі немесе сәнді-салтанатты нысан емес, бұл – белгі. Атыраулықтардың мәдениет пен өнерге, оның өкілдеріне, аға ұрпаққа деген құрметінің белгісі, кез келген ел үшін руханияттың маңыздылығын меңзейтін өскелең ұрпаққа деген өсиетінің белгісі! – деп, облыс әкімінің орынбасары жаңа нысанның мән-маңызын атап өтті.⠀ Ескерткіштің лентасын шараның арнайы қонақтары көрнекті ақын, Махамбет және Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан мен Қазақстан және КСРО халық әртісі, қазақ театр және кино өнерінің абызы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов қиды.Жәнібек ҒАЛЫМҰЛЫ, Атырау облысы