Нұр-Сұлтан бас санитарының карантинге қатысты жаңа қаулысы шықты
Нұр-Сұлтан бас санитарының карантинге қатысты жаңа қаулысы шықты
217
оқылды
21 қараша күні астананың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның қалада карантинге байланысты шектеу шаралары туралы жаңа қаулысы шықты. Қаулының толық нұсқасын қала әкімдігінің сайты жариялады. Қаулыда қаладағы ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын (банкет, үйлену тойы, мерейтой, еске алу) өткізуге, митингілер, шерулер, жиындар және тағы басқаларға тыйым салынған. Үш адамнан аспайтын топтардан немесе бір отбасы мүшелерінен басқа, табиғатқа экскурсиялық, корпоративтік, топпен шығуға және қаланың көрікті жерлеріне шолу жасауға тыйым салынды. 65 жастан асқандардың қала және қоғамдық орындарда жүріп-тұруы шектеледі. Міндетті түрде бетперде киіп және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, аулаларда серуендеуге және саябақтарға, алаңдарға, скверлерге, жағалауларға 3 адамнан аспайтын топпен немесе бір отбасы мүшелерімен баруға рұқсат етіледі. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жеке және 5 адамнан аспайтын топпен далада жаттығу жасауға болады. Меншік нысанына және жұмыс істейтіндердің штаттық санына қарамастан барлық ұйым, кәсіпорындар қызметкерлерінің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшуі қажет. Тамақ жеткізу мен авто-экпресс штатты режимде жұмыс істейді. Қалалық қоғамдық көлік жұмыс және сенбі күндері сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін жүреді. Ал жексенбі күндері тоқтайды.