Жүргінші жанынан өткен көлікті теуіп қалып, аяғын сындырып алды
Жүргінші жанынан өткен көлікті теуіп қалып, аяғын сындырып алды
218
оқылды

Оқыс оқиға кешкі сағат бес жарым шамасында Алматыдағы Сүйінбай даңғылы мен Руставели көшесінің қиылысында болған.

Жаяу жүргінші өтіп бара жатқан көлікті теуіп қалып, аяғын сындырып алған. Жағдайдың мән-жайын полицейлер анықтап жатыр. Алайда оқиға куәгерлерінің айтуынша, бұл жағдайға кімнің кінәлі екенін нақты кесіп айту қиын.

Өйткені Daewoo Nexia көлігіндегі такси жүргізушісі Сүйінбай даңғылымен солтүстік бағытқа кетіп бара жатқан машиналар ағынымен жүріп келе жатқан. Сол сәтте Руставели көшесімен қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолағына ер адам мен әйел шыға келген. Оларды өткізіп жіберу үшін көлік толқыны кідіріп, тоқтаған екен. Алайда екеуі жолақты жүріп өтпестен жол жиегінде тұрып алған. Көлік толқыны біраз кідірді де, олар орнынан қозғалмаған соң, қайта жүріп кеткен. Дәл сол сәтте ер адам кенеттен көшені кесіп өтпекші болады. Сонда жанынан такси өте шығады. Оған ашуланған жүргінші жүргізушіге сабақ бермекші болып, оң аяғымен көліктің артқы есігінен теуіп қалады. Бірақ азаматтың аяғы тайып кетіп, шетелдік көліктің артқы дөңгелегінің астына түсіп кетеді. Сөйтіп, жаяу жүргінші аяғын сындырып алады. Оқиға орнына келген дәрігерлер жәбірленушіні тексеріп, жақын ауруханаға жеткізді.