Nur Otan – уәдесін орындаған партия

Nur Otan – уәдесін орындаған партия

Nur Otan партиясы  алға қойған мақсатына жете ала­тын еліміздегі бірден-бір сая­си ұйым  екенін тағы дә­­лел­деді. Оған партияның 2016-2021 жылдарға арнал­ған «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұ­рақтылық. Жасампаздық»  ат­ты  сайлауалды бағдар­ламасының орындалу қоры­тындысына назар аударған адам бірден көз жеткізеді. Парламент Мәжілісінде  тура  осы  мәселеге байланысты Nur Otan фракциясының  же­текшісі  Нұрлан Нығ­мату­лин­нің жетекшілігімен арнайы  жиын өтті. Басқосуға Үкімет басшысы Асқар Мамин, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші  орынбасары Бауыр­жан Байбек, министрлер мен фрак­ция мүшелері қатысты.

Осыдан 4 жыл бұрын 2016 жыл­дың 29 қаңтарында Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс XVII съезінде «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты 2016-2021 жылға арналған сай­лауалды бағдарламасы қабыл­­­данған болатын. Бағдарлама 5 ин­с­­­титуционалдық реформа шең­­бе­ріндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспарының негізгі бағыттарын қамтитын 8 бөлімнен құралған-ды. Содан бері де 4 жылдан астам уақыт өтіпті. Әлбетте, бұл мерзім ішінде еліміз бен жаһандағы жағдай біршама өзгергені мәлім. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолында алға қарай нық қадам басып, 2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету тәрізді жетістіктерге жетті. Партияның алға қойған мақсаттары да орындалып жатыр. Сонымен бірге еліміз биыл әлемді шарпыған коронавирус пандемиясымен бетпе-бет келді. Сөйтіп, тағы бір сын-қатердің тезінен елдің еңсесін түсірмей алып шығу міндеті қойылып отыр. Бұл өз кезегінде Nur Otan партиясының 2016 жылғы сайлауалды бағдарламасына кезектен тыс 9-бөлімді қосқандай көрінеді. Оған Мәжілістегі жиын барысында есеп берген Үкімет бас­­­­шысы Асқар Мамин мен ми­­нистрлердің сөзі дәлел. Ендеше бәрін рет-ретімен саралап көрсек. Реформалардың тірегі – сапалы заң Nur Otan партиясының сай­­­лауалды бағдарламасын орындау, ең алдымен құқықтық-нормативтік негізде сүйемелденуі қажет екенін партия мүшелері жақсы біледі. Өйткені заңнамалық тұрғыда не­гіз жасақталмаса Үкіметтің де, әкім­­­­­­­­­­дердің де партия жетекшісі жүк­­теген міндеттерді орындауға мүмкіндігі болмайтыны анық. Сон­­­дықтан депутаттық корпус 6 сес­сия бойы партияның сайлауалды бағдарламасына заңнамалық негіз қалыптастыру бағытында жұмыс істеді. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулиннің айтуына қарағанда, Nur Otan фракциясының мүше­­лері осы жылдар ішінде 55 заң жо­­­басына бастамашы болыпты. Бұл заң жобасының барлығы сай­лауалды бағдарламаның орын­далуына бағытталса керек. Әрі бағ­дарламаның орындалу барысын Парламент ұдайы бақылап та отыр. Бұл атқарушы және заң шығарушы биліктің партия мақсатын орын­­даудағы үйлесімді әрекетінің көрінісі екені даусыз.  «Экономикалық түрлену» сәтті жүзеге асып жатыр Партияның сайлауалды бағ­дарламасындағы басымдықтардың бірі «Экономикалық түрлену» деп аталатын 5-бағыт болатын. Дегенмен Үкіметтің әрекеті бағдарламадағы «Нақты іс-қимыл» деп аталатын 4-бөлімнен бастау алатынын бай­қау қиын емес. Мәселен, бір ғана инфра­құрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында 2016-2019 жылдары 395,5 мың жұмыс орны құрылатыны жоспарланған еді. Ал Үкімет бас­­­шысы Асқар Маминнің айтуына қарағанда, осы жылдар ішінде жоспар артығымен орындалған. «Нақты іс-қимыл жоспарының бірінші бағыты бойынша үлкен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Автомобиль және жаңа теміржолдар салынып, жаңартылды, заманауи логистика іске қосылды. Осының нәтижесінде 559 мың жұмыс орны ашылды», – деді Премьер-Министр. Оның сөзіне қарағанда, осы жылдар ішінде еліміздің көлік-транзиттік әлеуеті де арта түскен. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев ха­­лықаралық әуежайы жылына 8,2 млн жолаушыға дейін қабылдай алатын деңгейге жетті. Одан бөлек, 2016 жылдан бері Қазақстан ар­қылы контейнер тасымалы кө­ле­мі 4 есе артып, биыл 869 мың контейнерге дейін жетті. Ал партия бағдарламасында айтылған мектеп пен балабақша тапшылығын жою мәселесіне келсек, бұл шаруа да Үкіметтің бақылауында тұр. Соңғы 4 жылда 3 мыңнан аса балабақша салынды. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою үшін 417 мектеп пайдалануға берілді. Одан бөлек, «Экономикалық түрлену» бағытында да айтарлықтай табыстарға қол жетті. Атап айтқанда, түсті металлургияны терең қайта өңдеу үшін 30 млрд теңгеге 8 жоба жүзеге асты. Әлемдік нарықта 4 жыл ішінде алюминий 25,5 пайызға, мыс 18 пайызға арзандағанына қарамастан, бұл металдарды экс­­­порттау тиісінше 39 және 25 пайызға өсті. Мұнай-газ секторының бә­секеге қабілеттілігін арттыру үшін мұнай өңдеу зауыттарын толық мо­дернизациялау аяқталды. Ауыл шаруашылығында 400 жаңа нысан іске қосылып, құс фаб­рикаларының өнімділігі 1,6 есеге артты. Суармалы жерлер көлемі 1 млн 540 мың гектарға жетті. Ауыл шаруашылығына 4 жыл ішінде 430 шаруашылыққа 11 жаңа технология енгізіліп, еңбек өнімділігі 2 есе артты. Еліміздің сүт импорты 30,6-дан 24 пайызға, құс етінің импорты 53,6-дан 41,3 пайызға төмендеп, азық-түлік тауарларының негізгі түріндегі отандық үлес 80 пайызға жетті. Әрине, Премьер-Министр айтқан 80 пайыз отандық үлес орта­­ша көрсеткіш екені анық. Ауыл шаруа­шылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзіне қарағанда, қазір 29 азық-түлік тауарына мониторинг жасалады екен. «Оның ішінде 23 тауарлық позиция бойынша біз өзімізді 80 пайыз және одан жоғары қамтамасыз етеміз. Ал кейбірі бойынша 100 пайыздан асады», – дейді сала басшысы. Дегенмен 6 азық-түлік түріне, атап айтқанда құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық бойынша импортқа әлі де тәуелдіміз. «Әр бағыт бойынша белгіленген инвестжобалар бар. Егер айта кететін болсам, 19 құс фабрикасы салынады, Жылына 35-тен астам сүт тауар фермасы салынады. 4 қант зауыты қазір реконструкциядан өтіп жатыр және 2 қант зауыты салынады деген жоспарымыз бар. 6,6 мың гектар жаңа алма алқаптары, өндіріс орындары іске қосылады. Сонымен, 2023 жылдың соңы 2024 жылдың басына қарай барлық бағыт бойынша тәуелділікті 100 пайызға жабамыз деп отырмыз», – деді министр. Партия жаңа технологияларға да көңіл бөледі Nur Otan-ның сайлауалды бағ­­дарламасының 5-бөлімі 2-тармағы «Баршаға арналған инновациялар – жаңа технологиялық сын-қатерлерге жауап» деп аталады. Бағдарламада «Әлемде «жаңа технологиялар па­­­кеті» жинақталды,ол жетекші елдерге өздерінің экономикаларын таяу 5-10 жыл ішінде мүлдем жаңа техникалық тәртіпке кө­­шіруге мүмкіндік береді. Мұндай «технологиялық бәсекелестік» Қа­­­­зақстан үшін сын-қатер. Осыған бай­­­ланысты Nur Otan партиясы жоғары технологияларды дамыту міндетін қойып отыр» делінген. Бұл міндет те табысты орындалып жатыр. Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, елімізде интернетпен қамтамасыз ету 84 пайызға жетіп, цифрлы сауат деңгейі 82 пайызды, мемқызметті автоматтандыру 84 пайызды құрады. Коронавирус пандемиясына қара­­мастан, 250-ден астам тұрғыны бар ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету жал­­­ғасуда. Цифрлық даму инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, биылға дейін тұрғындарының саны 250 адамнан асатын тұрғыны бар 4 137 ауылдың ішінен 3 354-і жоғары сапалы интернетпен қамтылған. «Жыл соңына дейін 783 елді мекенді қосамыз. Енді жел­­тоқсанның соңына дейін сол ауыл­дарға интернет жетеді. Құрылыс жұмыстары бітті. 1 200 елді мекенге оптика жеткізілді. Яғни, тағы 30 ел­­­ді мекен қосылып шығады. Сол жұмыстардың арқасында 1 257 елді мекен оптикамен қамтылады. Ол де­геніміз – ең жоғары деңгей», – деді Б.Мусин. Сонымен қатар елімізде ІТ уни­­­­­­­­­­­­­­­­­­­верситет, бағдарламалаудың халықаралық мектебі, Астана IT хабы жұмыс істеуде. Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі инно­­вациялық өнімдер үлесі 2020 жы­лы 2,5 пайызға жетті. Одан бөлек, еліміз 4 жыл ішінде кибер­қауіпсіздік бойынша жаһандық рейтингтегі орнын 63 позицияға нығайтты. Мақсатқа жетуге пандемия да тосқауыл бола алмайды Қысқасы, Nur Otan партиясы осыдан 4 жыл бұрын қабылдаған сайлауалды бағдарламасын толық орындады деуге негіз бар. «Жасыл экономика» қалыптастыру, биз­нес жүргізуге қолайлы орта құру, жекешелендіру, шағын және орта бизнес үлесін арттыру тәрізді жоспарлар сәтті жүзеге асуда. Мә­­­­­селен, шағын және орта биз­­­нес үлесі соңғы 4 жылда 32 пайызға өсті. Елбасының тап­сырмасы негізінде жастарды тегін оқыту жобасы да сәтті жүзеге асырылуда. 2017 жылдан бері 100 мыңға жуық жас азамат те­гін техникалық білім алуға қол жеткізді. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға ұдайы қол ұшын созып келеді. 4 жыл ішінде халықты қолжетімді бас­­панамен қамтамасыз ету үшін 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Осы жылдарда еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа жетті. Ал өлім-жітім әр мың адамға шаққанда 11,8 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда Қазақстанда ко­ронавирус инфекциясының таралуы ойлаған мақсатқа кедергі келтіргенімен, дамуды тежей алған жоқ. Жаһанды жайлаған пандемия да партияның ұзақмерзімді жос­­­­­­­парларына тосқауыл қоймақ емес. Тіпті, елімізде коро­­на­­вируспен 122 300 адам ауырып, олардың 91пайызының емделіп шығуының өзі Қазақстанның денсаулық сақтау, әлеуметтік қор­­ғау салаларындағы мол табы­­сының нәтижесі болса керек.Үкімет елдегі эпидемиялық жағ­­­дайды тұрақтандыру бойынша нақты жұмыс жүргізіп жатыр. Коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық ая­­сында нақты кешенді шаралар қабылдауда. Одан бөлек, осы­­нау қиын-қыстау кезеңде Елба­сының тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясы көпбалалы жә­не әлеу­­­меттік жағдайы нашар от­­басыларға бірнеше мәрте кө­­­мек берген болатын. Сөз ба­­­­сында «пандемия 2016 жылғы сай­­­­лауалды бағдарламасына 9-бө­лімді қосқандай болды» деп тұспалдауымыздың сыры осында. Пандемиямен күресте партияның қоғамды біріктіруші, тиісті көмекті жүйелі ұйымдастырушы бола білуі елдің осынау сын-қатерге төтеп беруінде шешуші рөл атқарды. Әлі де солай болып қала бермек.

 А.СҰЛТАН