Мектептегі әлімжеттік оқушылар арасында жасалатын түрлі қылмыстардың белең алуына түрткі болатын қауіпті кеселге айналды. Жоғары сыныптағы бозбалалардың төменгі сыныптың балаларына күш көрсетіп төмпештеуі, қорқытуы мектеп мұғалімдері мен ата-аналарды әуре-сарсаңға салып отыр. Ел арасында үлкен мәселеге айналған бұл жағдайға министрлік те дабыл қағуда.
Оның үстіне қазір кез келген оқиғаның тез тарайтын уақыты. Әлеуметтік желілерге кіре қалсаң, бірін-бірі тепкілеген, ұрып-сабаған жастардың, ұл-қыздардың видеосын көресің. Ең сорақысы, адамдар төбелесті, жанжалды қызықтап, көмекке келудің орнына видеоға түсіріп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бір-бірімізге жанымыз ашымайтын болған.
Жыл басында Түркістан облысында мектеп оқушыларының бұзақылығы әлеуметтік желіде тарап, біраз шу тудырды. Одан кейін де оқу орындарында қаншама осындай төбелес орын алды. Әлімжеттік оқиғаларға қатысты бірнеше қылмыстық іс те қозғалды. Сонда да төбелестен тайынбаймыз.
Тағы бір айта кетерлігі, әлімжеттік тек ұлдардың арасында ғана емес, қыздар арасында да болып тұрады. Қараша айының басында Талғар ауданы Гүлдала мектебінде 6-сыныпта оқитын 12 жастағы оқушы Еркеназды бір топ қыз жабылып ұрғаны жайлы ақпарат тарады. Соққыдан жағдайы нашарлаған Еркеназ Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылғанынан да хабардар болдық. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында аурухана директорының орынбасары Асқар Қалиев Еркеназдың жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, кеуде және құрсақ қуысының беткі қабатының жұмсақ тіндерінің соғылуы деген диагнозбен емханаға түскенін айтты. Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың «Мектептегі әлімжеттік оқиғаларының әрқайсысын бөлек қарастырып, тиісті құқықтық шара қабылдау керек» деген сөзі еске түседі.
Вице-министр әлімжеттік мәселесі жөнінде: «Оқушылардың арасында болып жатқан келеңсіз жағдайлар бойынша тәрбие отбасынан басталады деуге болады. Жалғасы, әрине, мектепте. Ата-анамен жұмыс жүргізудің де өз бағыты бар. Мәселен, Талғар ауданындағы факт бойынша құқықтық шеңберде шешім қабылданады. Жалпы, жасап жатқан мемлекеттік бағдарламамызда тәрбие жұмысын үлкен блок қылып шығардық. Онда әлімжеттіктің алдын алу жұмыстары кең ауқымда қарастырылған» деп атап өткен болатын.
Жалпы, мектептердегі тәртіпті жиі бұзатын, мінезі қиын оқушыларды жергілікті Ішкі істер басқармасына есепке қойып отырады. Сосын олармен инспекторлар жеке жұмыс істейді. Бұл әлімжеттіктің аз да болса тиылуына септігін тигізері анық.
Әлімжеттік әлем елдерінде «буллинг» деген атауға ие. Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда мазақтау, қорқыту деген мағынаны білдіреді. Адам үйде, мектепте, автобуста немесе интернетте, кез келген жерде буллингке ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдай әр адамның басында кездеседі. Әлімжеттік мәселесіне қаптаған қантөгіске толы фильм мен компьютерлік ойындардың да әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Өтпелі кезеңде мұндай ермек түрлеріне қызықпағанымен, бала кезінен көрген фильмдер мен ойнаған ойындардағы ақпараттар мінезге кері әсер етеді.
Әлімжеттікке ұшыраған жеткіншектер оны ата-анасына айтуды ұят санайды. Себебі оқушылардың арасында «іштегі орын алған нәрсені сыртқа шығаруға болмайды» деген қасаң қағида бар. Айтсаң қатардан шеттетілесің. Соның салдарынан кейбір ірілі-ұсақты оқиғалар жабулы күйінде қалады. Ал әлімжеттіктен, күнделікті бопсалаудан мезі болған бала амалсыз өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұл – алаңдатарлық жағдай.
Көршілес Ресейде де әлімжеттік басты проблемаға айналған. Мектептерде оқушылардың үштен бірі мазақтаудың, кемсітудің, әлімжеттіктің құрбаны болады екен. Бұдан әсіресе, ер балалар моральдық тұрғыда көбірек жапа шегеді. Осы олқылықтарды болдырмау үшін оқу орындарында өткізілетін тренингтердің жасөспірімдерге берері мол.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің қауымдастырылған профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Бақыт Дастанқызы әлімжеттік қазіргі уақытта ең өзекті мәселелердің біріне айналғанын айтады.
– Әлімжеттік «әсіресе» мектепте көп орын алады. Өйткені мектеп жасындағы балалардың даму кезеңінде үлкен өзгерістер болады. Соның бірі – ұл балалардың әлеуметтенуі. Ер азамат ретінде, жігіт ретінде қалыптасуы. Осы кезеңде, яғни 11 мен 14 жас аралығында балалардың физикалық жағынан күштілері әлсіздерге әлімжеттік көрсетеді. Бұл – әлімжеттік көрсеткен баланың өзін сол ортада мықтылығын дәлелдей алуы. Әлсіздерге күш көрсетуі. Мұндай жағдайда басқа мектептен ауысып келген балаларға немесе төменгі сыныптың оқушыларына әлімжеттік көрсетіледі. Әлімжеттік қыз балаларға таласу кезінде де болуы мүмкін. Сондай-ақ сабақты жақсы оқитын балалар да қатардан шеттетіледі. Әлімжеттік сондай-ақ бөлектенуден де болады, – дейді психолог.
Бақыт Дастанқызы сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы да әлімжеттік көрсету, қорқыту үлкен қарқын алып келе жатқанына тоқталды. «Соңғы жылдары әлеуметтік желіде тараған «Синий кит» жобасын да әлімжеттіктің қатарына жатқызуға болады. Онда да жасөспірім балаларға тапсырма беріп, оларды қорқытып, жеткіншектерді өз-өзіне қол жұмсауға итермелегенін жақсы білесіздер. Жаңа заманның балалары көп далада ойнамайтындықтан, уақытының көп бөлігін компьютер алдында өткізетіндіктен адамдар желі арқылы да қорқыту әдістерін іске асыруда» дейді ол.
Ал Боран Нысанбаев орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Жұмабайқызы жаңа заманның балаларында негізінен қатігездік басым екенін айтып отыр.
– Бірін-бірі аямайтын, бір-біріне жаны ашымайтын балалар өсіп келеді. Біз солармен күресуіміз керек. Ол үшін ата-аналарға талап қойып, олардың тәртібіне ерекше көңіл бөлу керегін ескертеміз. Мектептерде әлімжеттік оқиғалары орын алып жатады. Ол кей жағдайларда балалардың бос уақытын тиімді пайдаланбауынан да болады. Егер мектепте қосымша үйірмелер, спорттық секциялар ашылса, оқушылар да бір-бірін жете түсініп, бауыр басып кетеді. Жалпы, ауылды жерлерде әлімжеттік оқиғалары қаламен салыстырғанда аз тіркеледі. Себебі ауылдағы тұрғындар бір-бірімен жақсы таныс, әрі-беріден соң алыс ағайын боп шығады. Ал егер бала тәртіп бұзса, ата-анасын шақыртып, тиісті деңгейде шара қолданамыз. Қоғамда орын алып жатқан әлімжеттік пен құқықбұзушылықтың алдын алу үшін мектепте сынып сағаттары мен тәрбие сағаттары жиі өткізіледі, – дейді Ә.Жұмабайқызы.
Қайткен күннің өзінде де бұл мәселе жыл сайын талқыға түседі. Өйткені әлімжеттік – өзекті мәселе. Бұл бұрын да болған, қазір де бар. Тек әлімжеттікке қарсы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуін қадағалау, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылын күшейту ғана жағдайдың түзелуіне, жақсаруына септігін тигізеді. Олай болса қоғамда, оқу орындарында әлімжеттікті болдырмау үшін барлығымыз бірлесе жұмыс істеуге тиістіміз.