Қыс келгенде алдымен соғым туралы сөз болады. Ауыл тұрғыны қорасындағы малын сойса, қаладағылар қызылсырап, базар жағалайды. Ал қазір елорда базарында 1 келі ет бағасы – 2 200 теңге. Яғни, осы айда сиыр еті 2,2%-ға, қой еті 1,2%-ға қымбаттап кеткен. Оған кім кінәлі?
Бізде қандай да бір өнім қымбаттаса, «жалақы өскеннен» немесе «зейнетақы көбейгеннен кейін» деп айтыла бастайды. Дегенмен нақты қымбаттау кейде делдалдардың кесірінен де екенін ұмытпауымыз керек. Сонымен бірге ет қымбаттауына экспорт та әсер етпей қоймасы анық. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың:
– Әрине, экспорттың ішкі бағаларға әсері бар, өйткені қазір ет экспортын жолға қойдық. Жасыратын ештеңесі жоқ, Өзбекстан біздің етімізді жаппай алып жатыр. Осыған байланысты елде ет бағасы қымбаттап кетті. Егер қазір ауылшаруашылық өнімдерін, мысалы ет пен астықты экспорттауға шектеу қойсақ, онда сыртқы өткізу нарықтарынан айырылып қалуымыз мүмкін, – деген сөзі дәлел болмақ. Ол сонымен қатар делдалдар да баға өсуіне ықпал етті дейді.
Негізінде, ауыл тұрғындарына еттің қымбаттағаны қолайлы. Өйткені сатуға бағылған мал семіз болуы керек. Бордақылау үшін жем сатып алады. «Қазір сату үшін үш-төрт малымды байладым. Әрине, бір қап бидай құны – 3 300 теңге. Сонымен бірге шөп керек. Оны да сатып алғанбыз. Әйтеуір пайда таппасақ та, кеткен шығынды шығарамыз. Бір келі етті 1200-1400 теңгеге өткіземіз. Кейде саудамыз мың теңгеге дейін түсіп кетеді. Қалалықтар ауылда бәрі тегін деп ойласа керек, етті тым төмен бағаға алғысы келеді. Артынан қаладағы базар сөресінде 2000-2200-ге сатылып жатқанын естігенде іштей қиналамыз. Бірақ амал қанша. Делдалсыз тағы болмайды. Дегенмен қалада фермер немесе ауыл тұрғындары үшін арнайы орындар ашылса деген тілегіміз бар» дейді Қарағанды облысы Құлайғыр ауылының тұрғыны Нұрлыбек Мәжікенов. Ауылдық жерде қасапқа сойылған малды 1200-1400 теңгеге алған делдал үстіне 700-800 теңге қосып, ет базарындағы саудагерге өткізеді. Сатушы да өз пайызын қосады. Осыдан баға шарықтап шыға келеді.
Семей қаласының тұрғыны Айман Садуова: «Бізде қазір сиыр еті 1800-2000 теңгеге барды. Әрине, етсіз отыра алмаймыз. Аламыз. Кейде жәрмеңке өтеді, сол жерде баға арзан. Біз күнде ет ала бермейміз ғой. Шамамызға қараймыз. Көп болса төрт-бес келі алармыз. Дегенмен осы жәрмеңке ұдайы ұйымдастырылып тұрса деген ниетіміз бар», – деп ағынан жарылды.
Иә, қызылсыраған қазақ үшін ет бағасының қымбаттай беруі қалтаға салмақ түсіруде. Ал ет бағасына экспорттың әсері туралы Қазақстан ет одағының айтар уәжі басқа. Бірлестіктің бас директоры Мақсұт Бақтыбаев «Ет бағасының қымбаттауына экспорттың еш қатысы жоқ. Саудагерлерге «еттің барлығы сыртқа кетіп жатыр, сондықтан өнім аз» деп сыбыс таратқан тиімді. Сөйтіп, қолдан өнім жетіспеушілігін жасайды да, бағаны көтереді. Шын мәнінде, олай емес. Биыл 10-15 мың тонна ет сыртқа сатылады. Бұл – елдегі жалпы өнімнің небәрі 3 пайызын құрайды. Оған қоса, өзге елге ет тасымалдау оңай емес. Ол үшін тауарлық партия, контейнер, салқындатқыш барлығын дайындау қажет. Құжаттарды әзірлеу де біраз уақытты алады. Сондықтан еттің барлығы шетелге кетіп, соның салдарынан баға қымбаттады деу қисынсыз. Жалпы, елімізде 10-ға жуық кәсіпорын ғана ет экспортымен айналысады» дейді.
Ал нақты баға өсуіне ықпал етіп отырған делдал мәселесі бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше рет көтерілген болатын. 2018 жылы Tengri Partners сараптамалық орталығы қазақстандық өнімдердің ішкі нарық бағасының аспандап кетуіне қолданыстағы заң мен ортада жүрген делдалдар кедергі екенін жеткізді. Мұнда заңгер Сергей Скрябин «Қазақстандық тауар өндірушіден дүкен сөресіне жеткенге дейін бірнеше делдалдың қолынан өтеді. Нарық заңы арадағы делдалды көлеңкелі бизнестің генераторына айналдырып үлгерді. Біз ендігі жерде кәсіпкерлер арасында жиі қолданатын «делдал» сөзінің құқықтық мәртебесін анықтап, олардың шекарасын шектемесек болмайды. «Делдал» сөзі біздің елде ресми түрде Қылмыстық іс кодексінде ғана қолданылады» деді. Оның сөзіне сай, кәсіпкерлерге қатысты қолданыстағы заңдарға делдалдың рөлі мен қызметін, сондай-ақ сыйақасының көлемін заңмен белгілеп алу қажет. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, Қазақстанда айлық жалақысы заңмен белгіленетін «делдал» деген жаңа мамандық пайда болуы әбден мүмкін. «Қазақстандық өнімдердің бағасына әсер ететін бірден-бір фактор – делдалдардың көлеңкелі экономикаға қызмет етуі. Оларды заңдастырсақ, делдалдардың көлеңкелі жолмен алып жүрген сыйақылары жарыққа шығып, қоғамдық институттардың дамуына жұмсалар еді» деген еді Сергей Скрябин.
Түйін.
Иә, ет бағасының қымбаттауына делдалдар әсер етеді. Сондықтан олардың жұмысын реттеу керек. Сауда орталықтары сатып алушы мен сатушы арасында тікелей жұмыс істесе жақсы болар еді. Сонымен бірге ауыл өнімін тікелей сатып алушыға жеткізетін жәрмеңкелерді ұдайы өткізіп тұрған дұрыс. Мұны тұтынушының да, өнім өткізушінің де талабы деп білерсіз. Әйтпесе, ет бағасы ырық берер емес.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ