Қазақ-қытай шекарасындағы жағдай жаздан бері шиеленісіп тұр. Мәселе көліктердің шекараны кесіп өте алмауы жайында болып отыр. Отандық тауар тиелген алып фуралар ар жақтағы клиентіне жете алмауда. Біздің кеденшілер «Қытай жағы қабылдамайды» дегенді алға тартады. Өнім жеткізуде ұзақ үзіліс туындағандықтан, шың еліндегі серіктестері қазақстандық жеткізушіден бас тартып, өзге елдердің өніміне ден қоюы мүмкін.
Кеденнен өте алмай бір ай тұрдық!
Мысалы, Тараз қаласындағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасының өкілі Айдар Мұратбеков Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке шағымданды. Фабрика биыл 7 қазанда Қытайдағы сатып алушысына экспорттық жүгін аттандырыпты. Алайда кәмпит, вафли, печенье, өзге де кондитерлік өнімдер толтыра тиелген жүк көлігі кеденнен өте алмай, қаңтарылып қалған. «Біз ҚХР-дағы сатып алушымызбен 2018 жылғы 18 қазанда келісімшарт бекіткенбіз. Содан бергі екі жылда ол біздің тауарды үздіксіз сатып алып, Қытайға таратуда. Біздің машинамыз 8 қазанда «Қорғасқа» жетіп, «Нұрлы жол» кеден бекеті аумағына кіруге өтініш берді. Өтініш қабылданған. Бірақ түсініксіз себептер бойынша машинамыз бертінге дейін шекарадан өте алмаған. Бір ай бойы жүгімізді сатып алушыға жеткізе алмадық», – дейді А.Мұратбеков. Ол Үкіметтегі биік лауазымды шенділердің қазақстандық экспортты ілгерілету жайында көп мәлімдеме жасағанын еске салды. Ал экспорт болса, құлдырауда. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің мәліметінше, Қазақстанның жаһандық нарыққа сата алған экспорты 2020 жыл басынан бері 21,7%-ға немесе 45,5 миллиард долларға дейін күрт төмендеген. Салыстыру үшін айталық, 2019 жылы еліміз әлемге 57,72 миллиард доллардың өнімін сата алған болатын. «Қазақстанда жасалған тауардың, әсіресе шикізат емес, өңделген өнімдердің экспортын дамыту керек дегенді үнемі айтады. Қытайдағы сатып алушымыз «егер жеткізілімде мұндай үзіліс қайталанса, бұдан былай бізден өнім сатып алуды доғаратынын» хабарлады. Неге отандық өндірушілер-экспорттаушылар үшін бөлек, жасыл дәліз жасамасқа? Бос сөзбен емес, бізді осындай нақты іспен қолдасын», – дейді кәсіпкер. Осы орайда, Ішкі істер министрлігі Polisia.kz арқылы Қазақстан–Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» учаскесінде қоғамдық тәртіпті сақтауға полицейлер тартылғанын мәлім етті. «Полиция департаменті Қазақстан – Қытай шекарасында жүк көлігінің кезегі мен олардың жылжуын бақылауды Панфилов ауданы әкімі басқаратын арнайы штаб жүзеге асыратынын хабарлайды. Күн сайын бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілген 20-ға жуық полиция қызметкері патрульдеу режимінде 2 ауысымда қызмет атқарады. Полиция қызметкерлері учаскеде қоғамдық тәртіп пен жол ережелерінің қатаң сақталуын бақылайды», – деді ішкі істер органы.Өткізу қарқыны 200-ден 20-ға құлады
Проблемаға қатысты Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді. – COVID-19 Қытаймен шекарада көліктердің жинақталып қалуына себеп болды. БАҚ-та шекарадағы кептелістер туралы, шекарадан өту кезінде ашықтықтың болмауы және сыбайлас жемқорлық көріністері туралы материалдар жариялануда. Бұл ретте мынаны атап өтеміз: Қытай пандемиямен және оның салдарымен күреске байланысты шекарадан өтуді қатайтты. Егер бұрын «Нұр жолы» бақылау-өткізу пункті арқылы ҚХР күніне 200-ден астам көлік қабылдайтын болса, пандемия басталғалы бұл сан күніне 20-30-ға дейін азайды. Жағдайды реттеу мақсатында 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап бұрын, наурыз айының соңында уақытша жабылған қазақстандық «Қалжат» және «Майқапшағай» бақылау-өткізу пункттері қайта ашылды. Бірақ олардың Қытай жағы жабық, – дейді МКК. Әрине, ар жағы жабық тұрса, бер жағының көзбояу қылып ашылғанынан кәсіпкерге еш пайда жоқ. Оның үстіне экспорттаушылар кедендегі кептеліске «электронды кезек» кінәлі екенін айтуда. Мемкірістер комитетінің басшысы өз блогында оның жайын түсіндіре кетті. «Автокөлік құралдарының өту кезегіне қатысты мәселені шешу үшін «Нұр жолы» өткізу бекетінде 2020 жылғы 9 қыркүйекте «электронды кезек» жүйесі іске қосылды. Содан бері көрші елге өту үшін «Нұр жолы» пунктінің аумағына кіруге тек GoCargo.kz сайтында тіркелген автокөліктердің ғана мүмкіндігі бар. Осы жүйе экспорт, гуманитарлық жүк, инвестициялық жобаларға арналған жүктер секілді тауар санатына және басымдығына қарай автоматты режимде өту кезегін бөліске салады. Өзге автокөлік жалпыға белгіленген тәртіппен электронды кезектегі брондауына сәйкес шекарадан өтетін болады», – деді ол.Үкімет не әрекет қылуда?
Ел Үкіметі осы жылдың 15 шілдесінде ҚХР-мен арадағы тауар айналымын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Оған сәйкес тауарлар тиелген қытай жүк көліктері көлік-логистикалық орталықтарға жеңілдетілген талаптармен кіріп жатыр. Сондай-ақ көршінің жүргізушілерінің 24 сағатқа визасыз режимде кіруіне жағдай жасалды. «Қазіргі уақытта бұл модель «Нұр жолы» бақылау-өткізу пунктінде қолданылады: көлік-логистикалық орталыққа орта есеппен тәулігіне Қытай тауарлары артылған 30 бірлікке дейін жүк көлігі өтеді. Өткізу әлеуетін арттыру бойынша Қытаймен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде көрші ел Қазақстаннан тәулігіне 80 автокөлік қабылдайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткізілген еді», – деді Мемкірістер органы. Бұдан бөлек, кезекті сол жерде, жедел режимде реттеу үшін арнайы штаб құрылды, оған меморгандардың құзыретті департаменттерінің өкілдері тартылды. Штабты Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі басқарады. Бұл штаб Қытайға өте алмай, «Алматы–Қорғас» тас жолында кезекте тұрған 1 785 көліктің тізімін жасап шықты. «Биыл 9 қыркүйектен бастап GoCargo.kz веб-сайтында электронды кезек жүйесі енгізілді. Ол кезекті алдын ала, мобильді қосымша арқылы брондауға мүмкіндік береді. Жүйеде «кері байланыс» қарастырылған: ол тасымалдаушыларды SMS-хабарламамен құлағдар етеді. Аталған жүйеге арнайы штаб түзген 1 785 көлік кірді. Олар 22 қазанға дейін шекарадан өте алды», – дейді меморган. Рас, ақпарат құралдарында кейбір көліктердің электронды кезектен тыс өтіп кеткені туралы мәліметтер жарияланды. МКК уәкілетті органдармен бірге бұған тексеру жүргізіпті. Оның барысында Қазақстаннан ҚХР-ға өткен көліктерді электронды кезектегі көліктермен салыстырған. Қорытындысында қозғалыс тәртібін бұзу оқиғалары анықталмады. Қалай болғанда да, 23 қазаннан бастап кеден арқылы қозғалу тек электронды кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Осы кезеңде жүйе арқылы барлығы 821 көлік өтті. Оның ішінде 583 көлік бос, 123-і – экспорттық жүкпен, 115-і мемжобаларға қажетті өнімді алып өткен. Отандық экспорттаушылар тауарлары үшін жеке кезек құрылды. Шекара арқылы өту кезінде тауарлардың бұл санатына басымдық беріледі.Кедендегі кептеліс тыйыла ма?
«20 қарашадағы жағдай бойынша, жүйеде 6 357 бос және 615 экспорттық жүк тиелген көлік электронды кезегін брондап қойды. Алайда биылғы жылдың 10 қарашасынан бастап, Қытай тарапы қазақстандық тараптан қабылдайтын көліктердің санын шектеді. Ал экспорттық тауарлары бар көліктер мүлдем қабылданбайды. Жалпы, 10-20 қараша аралығында Қытай небары 364 автокөлікті қабылдады. Сонымен бірге, қабылданатын бос автомобильдер санын төмендету себептері, экспорттық тауары бар көліктердің қозғалысына тыйым салу туралы Қытай тарапынан ешқандай ресми ақпарат болмай тұр», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті. Қалыптасқан жағдайдың шешімін табу үшін Қаржы министрлігі еліміздің Сыртқы істер министрлігіне және басқа да уәкілетті меморгандарға көмек сұрап жүгінген, оларға шекарадағы жағдай бойынша жедел шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хаттар жіберілді. «Ал отандық экспорттаушыларды қытайлық серіктес-контрагенттерімен дереу келіссөз жүргізіп, келісімшарттық міндеттемелерді орындау мәселелерін, соның ішінде бекітілген мерзімдерді ұзарту мүмкіндігін пысықтауға шақырамыз! Егер мемлекеттік кірістер органдары тарапынан заңсыз әрекеттер болған жағдайда, 1414 немесе 8-800-080-7777 арқылы МКК байланыс орталығына хабарласуды сұраймыз», – деді комитет. Тұтастай алғанда, мұндай жағдай жалғыз бізде ғана емес, әлемдегі өзге елдерде де байқалады. Сондай-ақ Ресей және Қырғыз Республикасымен арадағы кеден бекеттерінде де кептелістер байқалған. «Төрткүл дүниені жаһандық дағдарыс аяусыз қыспаққа алған заманда әр елдің төл ішкі нарығын қорғауы, қатаң импорт алмастыруға көшуі түсінікті. Осы үшін біз ешбір мемлекетті айыптай алмаймыз! Оның орнына Қазақстан бұл мәселеде етек-жеңін жинап, импортты өз өнімімізбен алмастыру шараларын өрістете бергені жөн. Әрине, 19 миллиондай, бір ірі мегаполистей ғана халқы бар елімізде ішкі нарық тым тар, шағын. Сондықтан ешбір елмен, соның ішінде Қытаймен жүз шайыса алмаймыз. Қайта Елбасымыздың көп бағдарлы саясатын жалғастырып, өз нарығын ашуы үшін көршілермен мәміле-келіссөздерді белсенді жүргізе беруіміз керек», – дейді экономист Дәурен Оспан.Елдос СЕНБАЙ