Өңірде медициналық бетперде өндіріледі
Өңірде медициналық бетперде  өндіріледі
360
оқылды

Пандемия кезінде тауар құнынан қымбат сатылып, тіпті дәріханаларда таптырмай қойған медициналық бетпердені  атыраулық кәсіпкерлер өздері  өндіре бастады.  Жаңа зауыт жылына 30 млн дана ме­дициналық бетперде  шығарып, сапалы отандық өніммен өңір­лер сұранысын қанағат­тандырады.

ХХІ ғасырдың індеті бол­ған пандемия әлем елдерін есең­гіретіп жіберді. Алғашқы соқ­қысында адам  шығыны көп бол­ғаны соншалықты, адам­дардың жүйкесіне әсер етті. Емдеу хаттамасы сан мәр­те ауысып, халықты аман сақтап қалуға жанталас басталған кез­де Қазақстанда дәрі-дәрмек пен бірреттік бетперде  іздеп сабыл­ған жұрттың жанайқайы әлем ел­деріне жеткені ақиқат. COVID-19 елге жеткенде Ба­­тыс өңірлер жаздың аптап ыс­тық күндерінде дәріханаларды жаға­лап, ұзын кезекке тұрып дәрі мен бетпердеге  қолы жет­пей, зар илеп қалды. Атырау өңі­рі «қы­зыл жолақта» қалып, өңір­лер­мен байланыс үзілді. Ақи­қа­тында дүйім ел атыраулық кәсіп­керлердің жергілікті халық­ты  сақ­­тау үшін жанталасып, көр­шілес елдерде құны шарықтап кет­кен дәрілерді бірнеше есе бағамен сатып алып, облыс ауру­ханаларына жеткізгеніне куә болды. Тігін кәсібімен айна­лысатын мамандар қауіптен қор­ғайды деген матадан тәулік бойы бетперде  тігіп, еріктілер тегін таратты. Бүгінде өмір мен өлім ара­сындағы арпалыста бетпердемен де, дәрімен де өздерін қамтамасыз еткен атыраулықтар, енді меди­циналық бетперденің  өңірде өн­дірілетініне қуанышты. Атырауда медициналық бет­пер­дені  өндіруші – «Доктор Хаус» ЖШС. бетперде Зауыт ішінде жұмысшыларға бар­лық жағдай жасалған. Жұ­мыс­­тан шыққан соң жуынуға арнал­ған кабиналар, киім ауыс­тыратын бөл­ме де бар. Жұмыс орнына кіре­берісте жұмысшылар дезинфекциялық құ­рылғы дә­лізінен өтіп, цехтағы өз орнына барады. Цех екі бөлікке бөлінген. Бірінші бөліктегі бөлмеде Ресейден әкелінген 4 құрылғы мен сол құрылғыда жұмыс іс­тей­тін мамандар, екінші бө­лігінде бетпердені сапасына сай сараптап, арнайы қорапқа салып қаптайтын жұмысшылар отырады. Бірреттік, тоқылмаған материалдан жасалған, пайдалану уақыты 2 сағаттан аспайтын үш­қабатты  ересектерге арналған ме­дициналық бетперделерді жы­лына 30 млн данамен шығару қуаты бар зауытта қазір 20 адам жұ­мыс істейді. Тапсырыс мол түс­кен жағдайда 4 құрылғы өз қуа­тына қосылады. Бұл кезде адам саны да көбейеді. Зауыт инженері Мұхтар Мах­метов: «Ресейлік төрт құрылғының 3-еуі  толық қуатында жұмыс іс­теп тұр. Сұранысқа ие тауардың сапа­сына аса мән беріледі. Ба­ла­ларға арналған бетперде шы­ғару жоспарда бар. Бірақ ол тұ­тынушылардан тапсырыстың тү­сіне сай жүзеге асады. Ол үшін Ре­сейден алынған құрыл­ғының бі­рін  балалардың өл­шеміне сай қабаттап тігетін құ­­­рылғының бөлшектерімен ал­­мастыру қажет. Балаларға ар­нал­­ған бетперде материалының өзі ересектердікінен өзгеше бо­ла­тынын айтқан жөн», – дейді ол. 3 құрылғы тоқтаусыз жұ­мыс істеп тұрған жерде бізге бет­пер­денің дайындалуын ыжда­ғатпен түсіндірген  цех операторы Нұролла Жантуминді сөзге тарт­тық.   – Әлем елдері COVID-19 ін­детімен күресуде. Бізге де бұл ін­деттің алғашқы соққысы қиын болды. Індетті жұқтырмаудың бір амалы бетперде тағу өте маңызды болып тұр. Бірақ оны дұрыс пайдаланған абзал. Екіншіден, әр адам бетперде тағу арқылы өзін ғана емес, басқаларды да қор­ғайтынын естен шығармауы қа­жет. Басшымыздың өңірде бет­перде өндіру туралы шешімін халық та қуана қабылдады. Өйт­кені COVID-19 індеті елге ке­ліп, жан-жақтан бетперделер әкелініп сатыла бастағанда ха­лықта сенімсіздік болды. Ал біздің зауыттың өнімдері ресейлік сынақтан өткен құрылғылардан, арнайы материалдан дайын­далатын отандық өнім. Құ­рыл­ғыны басқарып отырғандар да, бетперделерді сараптап, арнайы орама жасап қаптап отырғандар да жергілікті  мамандар. Сондықтан елімізге белгілі кәсіпкер Махмут Ме­ралиев басқарып отырған «Доктор Хаус» ЖШС шығарып отырған өнімдерді сатып аларда халық еш күмәнданбаса бола­ды, –дейді Нұролла Қылышұлы. Зауыттан шығып, дәрі­ханаларда сатылатын медицина­лық бетперделер  Қазақстанда ең алдымен мемлекеттік тір­кеу­ден өткізіледі. Тіркеуге дейін бұл бұйымдар міндетті түр­де сараптамаға жіберіледі. Сарап­таманы өткізудегі мақсат – оның сапасын, тиімділігі мен қауіп­сіздігін тексеру. Бұл – біздің елдің заңнамалық талабы. «Доктор Хаус» ЖШС желтоқсан айында тексеруден өтіп, тауарларын са­тылымға шығарады. Үкімет тарапынан қолдау көріп, отандық өнім қатарын то­лықтырғалы отырған меди­циналық бетперде зауыты еліміздің барлық өңірінде са­тылым­ға шығып, сұранысты то­лық өтеуге мүмкіндік беретіні сөз­сіз.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы