Ақындар Атырауға жиналды
Ақындар Атырауға жиналды
305
оқылды

«Атырауда  «Қалың елім, қазағым...» атты ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. 2 күні бойы көрерменсіз өткізілген додада шайырлар жырдан салтанат құрып, көр­кем тілдің мәйегін ағытты.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған айтыс аламанына еліміздің әр қиырынан 24 ақын қатысты. Сөз сайысына Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек ері» орденінің иегері Асан­әлі Әшімов бастаған Ға­лым Жайлыбай, Светқали Нұр­жанов, Алтынбек Қоразбаев, Дәу­леткерей Кәпұлы,  Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Халиолла мен Ахметжан Өзбеков сынды өнер майталмандары қазылық етті. Өз сөзінде Қазақстан ай­тыс ақындары мен Жыршы-тер­мешілердің халықаралық ода­ғының төрағасы Жүрсін Ерман «Соңғы жылдары Атырау  ай­тыстың астанасына айналды деуге болады. Елде індетке қатысты шектеу шараларына қарамастан Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қолдауымен барлық қауіпсіздік ұстанымдары сақтала отырып ұйымдастырылған айтыс жоға­ры деңгейде өтті. Мемлекет бас­­шымыз «Бұл жыл – той жа­рыстыратын емес, ой жарыс­тыратын жыл болсын» деген еді. Міне, осы сөзге лайық­ты шарапатты шара болды. Ұлт­тың тарихын түгендейтін, шам­шырағын анықтайтын, Абайға арналған іс-шаралардың сәтті қорытындысы осы болды деп ойлаймын, – деді. Атырау Қазылардың шешімімен  «Қа­лың елім, қазағым» атты рес­пуб­ликалық ақындар айтысында бас жүлдені елордалық ақын Ра­уан Қайдаров иеленіп, 1 500 000 теңге жүлде алды. І орынды да ас­танадан келген Еркебұлан Қай­назаровтың қанжығасына бай­ланды. ІІ орын­ды семейлік Рүстем Қайыртайұлы мен атыраулық Шал­қарбай Ізбасаров еншіледі. ІІІ орынды елордалық Әсем Ере­жеқызы, қызылордалық Нұр­мат Мансұров пен тараздық Ал­тын­күл Қасымбекова өзара бө­лісті. Жеңімпаздар мен ар­найы жүлдеге, сондай-ақ ынта­ландыруға ие болғандардың бар­лығына қаржылай сый берілді. Өз кезегінде дүбірлі додада бас жүлде иеленген Рауан Қайдаров:  «2 күн бойы Жайықтың жағасында ұлы Абайдың мерейтойына ар­налған үлкен дүбірлі дода өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 24 ақынның әрқайсы үлкен өнер көрсетті деп ой­лаймын.  Осындай керемет ру­хани кеш сыйлаған Атырау хал­қына, облыс басшылығына зор алғысымды білдіремін», – деді. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына арнайы келген өңір басшысы Махамбет Дос­мұхам­бет­ов ұлы Абайды  асқақтату арқылы  ұлттың өресі биіктеп, руһы асқақтайтынын атап өтті. Атырау – Мемлекет басшысы да, Елбасымыз да Абай хакімнің қазақ руханиятындағы орны туралы әрдайым ерекше ой-толғауларын білдіріп келеді.  Қойнауы құтқа толы Атырау өңірінде ұлы Абай ұлағатты өнеріміз  айтыс арқылы ұлықталды. От ауызды, орақ тілді ақындарымыз 2 күн қатарынан кестелі сөз айтып, кесек ой­ларын жеткізді. Жайықтың тол­қынындай арындаған сөз сар­дарлары жұрт көкейінде жүрген қоғамды, елді алаңдатқан өзекті тақырыптарды көтерді. Өйткені бетің бар, жүзің бар демей өткір мәселелерді бұқпантайламай айту – бекзада өнеріміздің төл табиғаты. Ақындарымыз сонымен қатар, Абай хакімнің тереңіне бойлап, тау тұлғасын әсем жыр­мен биіктетті. Халқымыз «әр жүйріктің өз биігі бар» дейді. Ме­ніңше, жеңілген ешкім жоқ. Әр ақын халық көңілінің төрінен орын алды, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ бас­шы­сы айтыскерлер мен айтысқа қазылық еткен қазақ ру­ханиятының дарабоздарына өз ризашылығын білдірді. «Ұлы Абай салған ұлы жолдан жа­ңылмай, қазақтың қасиетті сөз өнеріне қызмет ете беріңіздер. Абай хакімнің шапағаты мен ша­ра­паты арада қанша уақыт өтсе де халқына молынан тиіп жатыр. Тау алыстаған сайын биіктейді. Абай жолы Алашты ұлы мұратына жет­кізсін!», – деді ол.

А. СҰЛТАН